Әлі кеткен энергетика
Әлі кеткен энергетика
© коллаж: Қуаныш Аман
665
оқылды
Елде жыл сайын электр қуатына сұра­ныс артып бара­ды. Алайда сұранысқа сай өндіріс болмай тұр, қар­қын бәсең. Оның үстіне, саладағы инфра­құрылым­ның көп бөлігі тозған. Мамандар алдағы онжыл­дықта тап­шылық көріне бастауы мүмкін екенін айтады. Сала мұн­дай тоқырауға қалай ұшырады, мәселені шешудің нен­­дей жолдары бар? Апат саны артты Осы күні Энергетика министрлігі салада күр­меулі мәселелердің барын жасырмайды. Шамасы, проблема түрлі сылтау айтып, бүрке­мелеуге кел­мейтін сыңайлы. 2018 жылы елде «биз­несті дамыту үшін кедергілерді жою реформасы» шеңберінде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру және ке­дергілерді жою шарасы жүзеге асырылды. Маман­дар қарсы шыққанына қарамастан жұмыс атқа­рылып, көптеген ведомствоның бақылау-қадағалау функциялары қысқартуға ілігіп кетті. Соның ке­сірінен Қазақстанның біртұтас электр энергети­калық жүйесіне кіретін электр стансаларының энергетикалық жабдықтарын, 0,4 киловольттан жоғары электр желілерін, қуаты 100 Гкал/сағаттан асатын қазандықтарды, магистралды жылу желілерін пайдалану, олардың техникалық жай-күйіне қатысты талаптардың сақталуына бақылау жүргізу «бақылаудың ерекше тәртібінен» алынып тасталды. Алғашында әсері білінбегенімен, ре­форма аталған істің зияны кейін айрықша бай­қалды. Энергетика министрлігі мәлімдеуінше, электр стансалары мен желілерін бақылауды әлсірету кесірінен бүгінде энергетикалық жабдық­тардың техникалық ахуалы нашарлап, апаттар, технологиялық ақаулар саны күрт көбейген. Тұтынушылар қуаттан жиі ағытылатын болыпты. Мәселен, 2017-2019 жылдары технологиялық бұзу­шылықтардың динамикасы тек төмендеумен келген. 2017 жылы электр стансалары мен электр желілерінде 4 294 апат болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 030-ды құрап, 6,2 пайызға төмендеген. 2019 жылы 4 010 оқиға тіркеліп, тағы 0,5 пайызға азайыпты. Кейін бақылау әлсіреді, ақыры 2020 жылы электр стансалары мен желілерінде болған апаттар мен заңбұзушылықтар саны 4 619-ға дейін артқан. Ал былтыр бұл көрсеткіш 5 562-ні құрапты. Шамасы, төмендейтін сыңайы жоқ. Мемлекет берген артықшылықтарға, салықтық жеңілдіктерге, тарифтердің тұрақты көтерілуіне қарамастан, электр стансалары үздіксіз тозып жатыр. 2017 жылы инфрақұрылымның 55,4 пайызы тозған санатында болса, биыл 60 пайызға жуықтады. Энергетика министрлігі анықтаған 2019-2021 жылдардағы электр желілерінің тозу динамикасына қарасақ, 2019 жылы көрсеткіш 64,3 пайыз болса, қазір 65,8 пайыз шегіне жеткен. Ұсыныс ұшпаққа шығара ма? Бұл тұста электр энергиясын өндіру қарқыны да төмендеп бара жатқанын айтуға болады. 2022 жылдың алғашқы алты айында елімізде 48 108,4 млн кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. 2021 жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайыз­ға төмен. Ал елде энергия өндіру ісі қыруар ре­сурсты рәсуа ету арқылы атқарылады. Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 69 пайызы көмір жағу есебінен қамтамасыз етіледі. Сол себепті де бүгін отандық сарапшылардың бірқатары бізге атом электр стансасы қажет деп есептейді. Онсыз сала­дағы мәселелерден толық арылу мүмкін емес тәрізді. Энергетика саласының маманы Жақып Хайрушев қазіргі жағдайдың осыған итермелеп отырғанын айтады.
– Қазір электр қуатын өндіруші және таратушы негізгі құралдар әбден тозған. Мұндай жағдайда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші өскен сайын ықтималды апат қаупі де арта түседі. Дегенмен Қазақстанның өз отыны бар, яғни уран. Қазір оның бағасы да тиімді. Мен басқа технологияларды көріп тұрған жоқпын. Ал жаңартылатын энергия көз­дерін атомның орнына емес, онымен қатар дамыту керек», – дейді ол.
Сонымен, осы бағытпен кете берсек, алдағы он жылда елімізде электр энергиясын таратып, жет­кізуде қиындық туындауы мүмкін. Ал Энергетика министрлігі салада мемлекеттік бақылауды кү­шейт­пейінше, іс түзелмейтінін жария еткен. «Қазір электр стансаларының энергетикалық жабдығын және электр желілерін техникалық пайдалануға, олардың техникалық жай-күйіне қатысты талап­тардың бұзылуына мемлекеттік бақылауды кү­шейту аса маңызды. Бұл энергетиктердің, қызмет көрсетуші жұмысшының өміріне қауіп төндіретін, үлкен апатқа, өртке әкеліп соқтыратын, сондай-ақ тұтынушыларды қуаттан ажыратуға әкелетін оқи­ғаларға жол бермеу үшін қажет», – деп түсінік­теме берген. Қазақстанның энергетикалық активтерінің негізгі бөлігі өткен ХХ ғасырдың ортасында пайда­лануға берілген. Олар жыл өткен сайын тез тозып бара жатқаны анық. Оның үстіне, соңғы жылдары электр стансалары мен желілерінің негізгі қорын жаңғырту тиімсіз болып тұр. Айналып келгенде, мұның бәрі экономикаға зиян келтіреді. Өңірлер­дің, шағын және орта бизнестің, инфрақұрылымның дамуын тежейді. Ақырында әлеуметтік наразылық­ты үдетуі де ғажап емес. Сондықтан Энергетика министрлігінің электр стансалары мен желілерін мемлекеттік бақылауға алуды ұсынып отырғаны да бекер емес. Қазір тиісті заң жобасы дайындалған. Әйткенмен, министрлік бұл өзгеріс жылдам жүзеге аспайтынын қоса ескертті. Үкіметтің кестесі бойын­ша, 2023 жылғы 1 тоқсанда «Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заң жобасы Әділет министрлігінің қарауына енгі­зіледі. Алдағы жылдың басында заңды Парламенттің қабылдауы өтіп, мемлекеттік тіркеуге қойып, жа­риялау рәсімі жоспарланған. Заң 2024 жылдың 1 қаң­тарынан бастап күшіне енеді деп жарияланды. Қазақстанда жаңғыратын қуат көздерін қос­қанда, барлығы 202 электр стансасы, 143 электр желісін басқаратын компания жұмыс істейді. Бұл компаниялардың иелігінде 415 мың 736 шақырым электр беру желілері, 648 224 трансформаторлық кіші стансалар, 94 881 тарату пункттері, жиынтықты трансформаторлық кіші стансалар бар. Бұдан бөлек, кернеуі 0,4 кВ жоғары электр қондырғыларын пайдалатын 669 207 жеке және заңды тұлғалар тір­келген. Алдағы кезеңде Энергетика министрлігінің ұсынысы орындалар болса, оның барлығы бақы­лауға алынады.  «Жасыл энергетикадағы» жағдай Соңғы жылдары елде «жасыл энергетика» та­қырыбы жиі көтеріліп жүр. Мемлекет қаржысына бірнеше өңірде жел, күннен қуат алатын стансалар да салынғаны есте. Бірақ тапшылық тыйылар емес, былтыр электр қуатын тұтыну соңғы жылдардағы көр­сеткіштерден 6 есе асып түскен екен. Үкімет жасыл энергетиканың үлесін 2025 жылы – 6 па­йызға, 2030 жылы – 15 пайызға, 2050 жылы – 50 па­йыз­ға, ал 2060 жылы 80 пайызға арттыру жоспар­ланып отыр. Бірақ қазіргі қарқынға қарап, бұл жоспардың орындала қоятынына сену қиын. Былтыр елімізде балама қуат көзін өндіретін 134 нысан тіркелген. Оның ішінде 40 жел стансасы, 49 күн стансасы, 40 гидроэлектр стансасы, 5 биоэлектр стансасы бар. Олардың барлығы 2010 мВт қуат өндірген. Биыл Энергетика министрлігі 2025 жылға дейін жалпы қуаттылығы 1 100 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 59 жобасы пайдалануға берілетінін мәлім еткен. Қуаттылығы 170 мВт болатын су-электр стансасы, 960 мВт болатын жел-электр стансасы және 277 мВт бола­тын күн-электр стансасы жобаланған. Ведомство осы қарқынмен 2025 жылға қарай жаңар­тылатын энергия нысандарының жеңілдік қуаты шамамен 3 000 мегаватты құрайды деп жоспарлаған. Алайда жоспар орындалған күннің өзінде ол жалпы электр энергиясы генерациясының бар болғаны 6 пайыз үлесін құрайды. Елімізде толық­қанды «жасыл энергетикаға» көшу үшін шамамен жарты ғасырдан астам уақыт қажет. Ал тапшылық бұл ұзақ процесті күтіп отырмайтыны айтпаса да белгілі. Сондықтан мемлекет мәселені тек «жасыл энергетика» арқылы шеше алмайды.