S&P Global Ratings рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз несие болжамын «Тұрақтыдан» «Жағымсыз» сипатына төмендетті. Агенттік бұл шешімін ел мұнайының 80 пайызын экспорттайтын Каспий құбыры консорциумына қатысты тәуекелдермен және жалпы қарыздың таза активтер көлемінен артып кетуімен байланыстырады.Шығыс көбейіп, кіріс кемиді
Сарапшылардың топшылауынша, 2024 жылдан бастап мұнай бағасы арзандап, бюджеттің кіріс бөлігі кемиді. Ол қазынаға түсетін алым-салықты азайтады. Соның салдарынан қаржы тапшылығы туындап, Үкімет әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін сырттан қарыз сұратуға мәжбүр болуы мүмкін. Ал берешек көбейіп, кіріс азайған сайын ол мемлекеттің төлем қабілеттілігіне нұқсан келтіреді.
Қаржы министрлігінің есебіне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы 166,5 млрд доллардан асқан. Бұл республика тұрғындарының жан басына шаққанда 8,5 мың доллардан айналады екен. Мұның 37,1 млрд доллары – мемлекеттің кепілдігімен алынған Үкіметтің және квазимемлекеттік сектордың берешегі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанның сыртқы берешегі мемлекеттік бюджеттің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен болашақ мүмкіндігіне зиянын тигізетінін ескерткен еді. «Алдағы 25 жылда мемлекеттің жоспарланған міндеттемесін өтеу шығындары алты есе артады. 2025 жылға қарай сыртқы қарыздың үлесіндегі үкіметтік борыш 21 пайыздан 49 пайызға дейін ұлғаюы мүмкін» делінген Ақорда таратқан ақпаратта.
Мәселен, мемлекет 2021 жылы сыртқы берешекті өтеуге 1,1 триллион теңге жұмсаса, 2023 жылы тағы 1,5 трлн теңге қайтаруы тиіс. Ал 2022-2025 жылдары қарызды жабуға кететін шығын бюджет түсімдерінің орташа 9,8 пайызын құрамақ. Бұл жақын болашақтағы міндеттемелер, одан басқа ұзақмерзімді өтемдер де көп.
Ал мұнай мәселесіне келсек, бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл елде 87,5 млн тонна мұнай өндіріліп, оның 69 млн тоннасы экспортқа шығарылады деп мәлімдеген. Алайда 20 наурызда төтеннен келген апаттың кесірінен Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы екі айға тоқтап, кейін ол сот үкімімен 200 мың рубль айыппен алмастырылды. Мұндай төтенше оқиға былтыр тамыз айында да болып, онда консорциум РФ федералдық бюджетіне 5,3 млрд рубль төлеп, әзер құтылған. «Қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, КҚК биыл бір емес, төрт рет тұрып қалды. Міне, сол себепті S&P Қазақстанның мұнай өндірісі бойынша болжамын 85,6 млн тоннаға дейін төмендетті.
Қауіп шындыққа айналмасын
UD Capital сарапшысы Дамир Сейсебаевтың ойынша, S&P-тің құр ғана болжамы ел экономикасына өздігінен теріс әсер ете қоймайды, ал бірақ рейтинг шын мәнінде іс жүзінде төмендейтін болса, онда сырттан қарыз алу шарты айтарлықтай қиындайды.
«Мұндай жағдайда тәуелсіз рейтингтің инвестициялық тартымдылығы жоғалып, ол алыпсатарлық санатқа ауысады. Бұл дефольтты туындатуы ықтимал. Соның әсерінен шетелден қарыз алу құны қымбаттай түседі. Бұл Қазақстанның сыртқы міндеттемелерді өтеу шығындарын ұлғайтып, бюджеттік көрсеткіштердің нашарлауына әкеліп соқтырады», – дейді Д.Сейсебаев.
Айта кетейік, S&P өз болжамын негізінен КҚК жұмысының ұзақ мерзімге тоқтап қалу тәуекелімен байланыстырады. Бұл жерде тіпті одан көмірсутегі тасымалы салығының 3/4-ін иеленіп отырған және консорциумның ірі акционері саналатын Ресейдің көп шығын шегетінін де есепке алмайды. Өйткені Батыс коалициясының қатаң санкциясы астында тұншығып жатқан РФ қарымта жауап қайтару үшін қолда бар мүмкіндіктерінің бәрін қолданатынын әрі бұл жағдайда қандай болсын экономикалық шығындарға қарамайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Оған бүгінде Еуроодаққа жасап отырған газ-мұнай саласындағы қысымы дәлел.
Осы тұрғыдан алғанда, DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев рейтинг болжамының төмендеуі Қазақстан экономикасының геосаяси қауіптерге қарсы тұра алмайтын осалдығын білдіретінін айтты.
«Рейтинг болжамының төмендеуінің басты себебі мұнай экспортының, сонымен бірге тұтас Қазақстан экономикасының КҚК мұнай желісінің жұмысына қатты тәуелді екендігімен түсіндіріледі. Егер алдағы уақытта да КҚК тасымалында іркілістер болатын болса, ол біздің мұнай экспортына орасан зиянын тигізеді. Ал өз басым бұл іркілістердің кездейсоқтан болып жатыр дегенге сенбеймін», – дейді М.Қастаев.
Сондай-ақ рейтингтің төмендеуі өзі де секемшіл инвесторларға Қазақстанға қаржы құюдың қауіпсіз емес екендігін аңғартады. Осындай қиын-қыстау жағдайда әлеуетті инвестор Қазақстанның борыштық қағаздарына немесе эмитенттеріне ақша салатын болса, онда ол өзіне түсетін кірістің мөлшерлемесі неғұрылым жоғары болуын талап етуі мүмкін. Ал енді капиталға тікелей инвестиция саламын десе, онда өздері үшін айтарлықтай тиімді шарттарға қол жеткізуге ұмтылады. Жалпы, қалай болғанда да, рейтингтің төмендеуі шетелдік тікелей инвестициялардың елге келуіне кесірін тигізеді. Ал тікелей инвестицияның азаюы мұнай және тау-кен өндірісі салаларының дамуын едәуір бәсеңдетеді.
Ал енді, Мұрат Қастаевтың айтуынша, егер КҚК іркіліссіз қалыпты жұмыс істеп тұрса және сыртқы экономикалық ахуал жақсарса, S&P өзінің болжамын «Жағымсыздан» қайтадан «Тұрақтыға» ауыстыруы мүмкін. Дегенмен ел рейтингін жақсарту үшін тек мұнай экспорты маршрутын ғана емес, сонымен бірге тұтас экономиканы әртараптандыру қажет екені түсінікті.