Жамбыл облысында бүтін бір ауыл Қырғыз елінің жарығына тәуелді болып отыр. КТК арнасының мәліметінше, көрші елден алатын электр қуатына төлемді тұрғындар доллармен төлейді. Бірақ қымбат электр тогының өзі жел тұрса сөніп, тұрғындар тастүнекте айлап отыратынын айтады.
16 жылдан бері осындай қиындық көріп келе жатқан Меркі ауданы Жауғаш батыр ауылында жарық ең өзекті мәселе. 18 жыл бұрын трансформатор мен электр желілері бағанасымен қоса тоналып, тұрғындар қараңғыда қалған. Олар екі жыл бойы білте шаммен отырып, ақыры Қырғызстаннан қуат көзін алуға келіскен. Содан бері бұқара мемлекетаралық тұтынушы ретінде қымбатшылыққа ұрынды.
Жауғаш батыр ауылының тұрғыны Өмірбек Оразбаев: «Мемлекетаралық тарифпен алып жатырмыз. Жоғалту, линия, басқасы бар, әр үй 100 киловаттқа 14-15 мыңнан төлеп отырмыз. Оның өзі проблема. Қырғызстанға бір адам жіберіп, ол шекарадан өту керек. Оны долларға айырбастап, қайта сомға айырбастап өткіземіз», – дейді.
Арнайы тағайындалған бір адам ай сайын төлем жасау үшін Қырғызстанға барып тұрады. Оның жол шығыны көпшіліктің мойнында. Осылайша, онсыз да ең қымбат тарифпен есептесетін бұқара қосымша тағы қалтадан қағылып жүр. Қымбат токтың өзі тұрақсыз көрінеді.
Сағат Жақсымбетов, Жауғаш батыр ауылының тұрғыны: «Жарық жоқ болған адам баласына қиын ғой. Қырғызстан беруін беріп тұр. Бірақ сәл жел тұрса, өшіп қалады. Ол жаққа бара алмаймыз. Шекарадан өте алмаймыз. Өтуге 80 шақырым айналып баруым керек», – дейді.
Ескірген бағаналар мен электр желілерін жергілікті билік ауыстыра алмайды. Өйткені олар көрші елдің меншігінде. Айта кетерлігі, осы маңдағы шекара заставасы да ұзақ жылдан бері жарыққа зәру. Олар дизельді генератор қолданады. Жалпы, бұл жағдайдың бүгін-ертең шешілер түрі жоқ. Өйткені 44 шақырымға желі тарту жобасы қолдау таппаған.
Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев: «Жобамен жарық тартудың құны – 532 миллион. Мұндай қаражат аудан бюджетіне ауыр. Сондықтан Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жыл басында өтінім бергенбіз. Өтінім тиісті министрлікке де жіберілді. Өкінішке қарай, әлі күнге жоба қолдау таппай отыр», – дейді.
Қазақстанда тұрып долларға байланған тұрғындардың жайы әзірге өзгеріссіз қала бермек. Оларға доллар бағамының өспеуі аса маңызды. Себебі тариф қымбаттап кетуі мүмкін. Ауылда телефон байланысы да нашар. Ал әлеуметтік нысандар атымен жоқ.