Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы аудан тарапынан арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргізгенін жеткізді. «Зерделеу жұмыстарының барысында баланы ұрған жекеменшік балабақша тәрбиешісі екені белгілі болды. Тиісті жұмысты жүргізуге ықпал ету жөнінде Шардара аудандық полиция бөліміне хат жолданды. Бүгінгі таңда алдын ала анықтау-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» делінген Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы берген ақпаратта. Ал Шардара ауданының прокуроры Руслан Абдраимов интернет желісі арқылы тәрбиешінің жас балаға күш қолданғаны бойынша бейнеролик таралғанын, осынау дерек арқылы Шардара аудандық полиция бөлімі Қылмыстық Кодексінің 140-бабы 2-бөлімімен қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті. «Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Осы істің шеңберінде сараптама тағайындалады», – деді ол.Иә, бұл – Шардара балабақшаларының бірінде болған бір ғана оқиға. Ал жуырда жазғанымыздай, жекеменшік балабақша ашып, оны бір жыл бойы жүргізіп, қызметкерлеріне жалақы төлемей соңында мекемені жауып тастаған оқиға да осы ауданда орын алған еді. Бізге шағымданған Шардарадағы Айнұр Мүтәлі «Айғаным» балабақшасында 5 ай тәрбиеші болып еңбек етсе де бір тиын еңбекақы ала алмаған. Олар ұжым болып прокуратураға арызданғанына 3 айдан асса да әлі ешқандай нәтиже болмай отырғанын айтып қапаланды. Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі сол кезде Қоссейіт ауылы тұрғындарының арызы Шардара аудандық прокуратурасынан полицияға 6 маусым күні келіп түскенін жеткізген. «Жәбірленуші тараптың айтуынша, олар балабақша құрылтайшыларымен еңбек келісімшартын жасамай жұмыс істеп, жалақыларын ала алмаған. Аталған жайт Шардара АПБ-ға ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеліп, қазір тергеу амалдары жүргізілуде» делінген еді ресми жауапта. Өкінішке қарай, одан бері құзырлы органдардан тырс еткен хабар жоқ. Ал жәбірленушілер болса күн сайын үмітін үзбей жоғары жаққа алаңдаумен күн өткізіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын да қызметкерлерінің жалақысын төлей алмай 3,5 миллион теңге қарыз болып қалған балабақша да осы Шардарада орналасқан еді.
Айта кетейік, бір кездері «Балапан» бағдарламасы аясында саңырауқұлақша қаптап ашылып, соңында бала саны аз болып, қызметкерлеріне жалақы тауып бере алмай қалған жекеменшік балабақшалардың бүгінде бет пердесі ашылып жатыр. Жалақы төлей алмағанынан бөлек, бала тәрбиесінен де шикілік шығуда. Білімі таяз сапасыз қызметкерлер осындай абыройсыз әрекеттерге жол беруде. Мұны Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те растады. Ол өз сөзінде «Қазіргі кезде қазақстандықтар күнде балабақшалардың жұмысына шағымданады. Сондықтан лицензиялау тәртібін қайта енгізу керек», – деді ол. Сөйтіп, балабақшаларға қатысты талап күшеймек. Мемлекеттік тапсырыс алатындарға бейнекамералар орнату міндеттелмек. Бірақ министрдің соңғы кездері балабақшаларға қатысты жиі-жиі айтып жүрген ескертпелерін шалғайдағы Шардараның тәрбиешілері естімей ме екен деген ой келеді.
Түркістан облысы