Қағылған кім, қаққан кім?
Қағылған кім, қаққан кім?
© коллаж: Елдар Қаба
646
оқылды
«Қылмыстың өтеуі – жаза» десек те, ауыр қылмыс жа­сағандардың да жазасыз бостандықта жүруі бүгінгі қоғам үшін таңырқайтын жағдай емес. Әсіресе, адам өлімімен аяқ­тал­ған қайғылы оқиғалардың арты жылы жабылып, қандықол қылмыскердің тіреп тұрған «көкелерінің» ар­қасында темір торға тоғытылмай емін-еркін өмір сүргені ащы шындық. Қозғағалы отырған бұл оқиға да осындай қитұрқылыққа толы... Осыдан тура бір жыл бұрын қайғылы қазаға ұшыраған Талғат Хасеновтың туыстарының көзінен жас әлі арылмаған. Бір жыл бойы әділдік іздесе де, құқық қорғау органдарының тергеуінен еш нә­тиже болмапты. 14 жастағы жас­өс­пірім бала қағып кеткен атпал азамат жақында үйленбек болып жүрген. Қалыңдығы да қасында болған. Алайда еліміздің заңнама­сына сәйкес, кәмелет жасына тол­маған адамға жауапкершілік қа­растырылмапты. Ал заңға сәйкес баланы көліктің тізгініне отыруға берген адам сот алдында жауап беруі тиіс. Дегенмен марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға се­бепкер болған адамның жаза ар­қалайтынына күмәнданып отыр. Полиция мен құқық қорғау орган­дарынан еш нәтиже шықпаған соң олар Ішкі істер министріне жү­гінбек болған.
«Былтыр 12 қазанда кешкі жеті жарымдар шамасында Стан­ционный кентінде тұратын ағам­ды достарымен бірге қыдырып жүрген 14 жастағы бозбала қағып кетті. Ол бала ағайының көлігін мініп шыққан. Ағам сол жерде тіл тартпастан бірден көз жұмған. Тергеу барысында қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бала да өз кінәсін толықтай мой­нына алды. Тергеу кезінде бала көліктің рөліне оны ағайы отыр­ғызғанын айтты. Мұны баланың ағайы да растаған. Алайда арада бірнеше ай уақыт өтпей, 14 жас­тағы бала қылмыстық тергеуге субъект болып табылмайды деген желеумен іс жабылып тынды. Баланың көкесі бұрынғы ІІМ қызметкері екен. Бұл қаулымен біз келіспей, оған қарсы шағым бердік. Бірақ осы жылдың 19 сә­уірінде іс тоқтатылды. Қылмыстық істің басынан-ақ бала тек куәгер ретінде қаралды. Сонда менің ағам­ның өліміне жауапты кім? Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ кө­ліктің иесі ешқандай талап-тілегі болмағандықтан іс жабылды. Мен облыстық прокуратура арқылы тағы шағым түсірдім. Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасына, Бас прокуратураға дейін арыз беріп шықтым. БАҚ-та жазылған мақа­лалар арқылы аталған жағдайға бейжай қарамайтын адамдар табылып, бұл баланың бір ай бойы ағайының көлігімен жүргенін айтып куәлік етті. Осылайша, кө­лікке жүргізуші куәлігі жоқ бала­ны отырғызып жібергені дәлелден­ді», – дейді марқұмның бауыры Эльмира Хасенова.
Қазіргі сәтте Көкшетау қала­лық Полиция басқармасында кө­ліктің иесіне қатысты Қылмыс­тық кодекстің 349-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Жігіттің туыс­тары Полиция департаменті­нің бастығы Д.Таевтың қабыл­да­уында болып, ол істі өз бақылауына ала­тынын да жеткізіпті. Алайда іс сол күйі сотқа берілмеген. Ал жапа шеккен жәбірленушілер бауы­рының өліміне біреулердің жаза­ланатынына үміті өше бастаған. Кәмелет жасына толмаған адамның кесірінен болған өлім ісі бойынша көлікті бергендердің жа­уапкершілік арқалаған оқиғалары да болыпты. Мәселен, 2019 жылы Қызылорда қаласында жаяулар өткелінде адам қағып кеткен әйел 18 айға бас бостандығынан айы­рылған. 14 жастағы бала анасының көлігімен әжесіне азық-түлік апара жатып, жолда 22 жастағы қызды қағып кеткен. Ол кейін ауруханада көз жұмған. Полицияның аталған істің қандай деңгейде жүргізіліп жатқаны туралы сауалға қыл­мыстық кодекстің 349-бабы 3-тар­мағы бойынша іс тергеу бөлімінде екені айтылды.
«Қазір қылмыстық іс көлікті жүргізу құқығы жоқ адамға көлікті басқаруға беру бойынша жүріп жатыр. Тергеу амалдары бары­­сында барлық қажетті тергеулер жүр­гізілді. Басқа да ақпараттар қыл­мыстық іс жүргізу кодексінің 201-ба­бына сәйкес жариялауға жатпайды», – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспа­сөз қызметінен.
Марқұмның туыстары істі со­ңына дейін жеткізбек ниетте. Қыл­мыстық іс жергілікті деңгейде ше­­шілмесе, жоғарыға жүгінбек.
«Егер іс сотқа дейін жетпесе, біз Ішкі істер министріне жүгінуге мәжбүрміз. Бауырымның өлімі үшін біреу жауап беруі тиіс. Адам өліп, оған ешкім жаза арқала­май ма? Әділдік салтанат құруы керек емес пе?» – дейді Эльмира Хасенова.
P.S. Қылмыстың өтеуі – жаза. Алайда жылға жуық созбақталып келген істің ақыры айыптылардың жазасыз қалуына себеп бола ма деген қаупі бар. Түйінді мәселе қалай шешіледі? Бұл әзірге белгісіз болып тұр.

Ақмола облысы