Қостанай облысында өрттен зардап шеккен әр отбасына 1 миллион теңгеден беріледі – әкім
Қостанай облысында өрттен зардап шеккен әр отбасына 1 миллион теңгеден беріледі – әкім
Фото: kazgazeta.kz
341
оқылды
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Аманқарағай ауылында өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Кездесуде әкім зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмек туралы айтты. Бұл туралы әкім Instagram парақшасында жазды.
«Баспанасынан айырылған тұрғындар үшін 91 үй салу туралы шешім қабылданды. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 13 мердігерлік ұйым айналысады. Жаңа үйлер салу орны ретінде Әулиекөл ауылындағы жер учаскесі анықталды. Әулиекөл ауылының жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 гектар жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 шаршы метр тұрғын үйлер салу үшін 12 гектар бөлінді. Жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен: су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кіреберіс жолдармен қамтамасыз етіледі. Жер учаскелері бар жаңа үйлер өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілетін болады», – деді әкім.
 width= Әкімнің айтуынша, үй жануарларының қырылуына байланысты шығын өтеледі. Мал шығынын өтеу Әулиекөл ауданының әкімдігіне жүгінген кезде жергілікті бюджет және «Қайырымдылық КZ» қоғамдық қоры қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
«Халықтан басқа 14 кәсіпкерлік субъектісі де зардап шекті. Барлық зардап шеккен нысандар бойынша кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Залалдарды өтеу шығынды бағалағаннан кейін және кәсіпкердің тиісті растайтын құжаттары болған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өтемін. Өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін облыста «Қайырымдылық КZ» бірыңғай қоғамдық қоры жұмыс істейді. Қор қаражатынан барлық зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден төлеу туралы шешім қабылданды. Құжаттары толық көлемде ұсынылған алғашқы 24 адам 1 миллион теңгеден карт-шоттарға ие болды», – деді Архимед Мұхамбетов.
Бұған дейін Әулиекөлдегі орманды қалпына келтіруге Eurasian Resources Group 1 миллиард теңге қаражат бөлгенін жазған болатынбыз.