Желіде тағы бір жазба жарияланды: Хаменова Антикорға қатысты «шындықты» ашып айтты
Желіде тағы бір жазба жарияланды: Хаменова Антикорға қатысты «шындықты» ашып айтты
© mgorod.kz
4,794
оқылды
Желіде Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың атынан жарияланған жазба тағы да жұрттың қызу талқысына түсті. Жазбада Антикордың көздегені қалайда Бақытгүл Хаменованы кінәлі етіп шығару екені айтылады.
Антикордың сценарийінің жалған екенін қалай түсіндік?! Алдымен, Рысқалиев 2019 жылдан бері Абай ескерткіші үшін Адамовтан ақша сұрап келген! Ескерткіштің жалпы құнынан 7 пайыз! Бұл кезде Хаменова қайда? Нұр-Сұлтанда. Депутаттық қызметте! Бұл – бір! Кейін пандемияға байланысты ескерткіш мәселесі тоқтатылады да, 2021 жылы ақпанда пара туралы Рысқалиев пен Адамов келіссөзді қайта жандандырып, пара мөлшері 5 пайызға түсіріледі. Бірақ неге екені белгісіз, тергеу барысында бұл нәрселер олардың назарына ілікпейді! Екі деп қойыңыз. Үшіншісі және ең сорақысы. 9 желтоқсанда Атырау қаласында Рысқалиев пен Адамов пара алу үстінде ұсталып, Антикор кеңсесіне жеткізіледі. Антикор қызметкерлері тарапынан Адамовқа «Хаменова пара талап етті, пәленің бәрін бастаған сол» деген түсіндірме берсе, қорғауға құқығы бар куә құқықтық мәртебесі берілетіні, яғни үйқамаққа жіберілетіні айтылған. Осылайша, Адамов сол уақытта Рысқалиевке үйретілген нұсқаны қайталауға мәжбүр болған, – деп жазылған Хаменованың атынан жарияланған мәтінде.
Жазбада Антикорға «заказды» қалайда орындау бұйрығы берілгені айтылады.
Бұл субъективті болса да, пікірімізді Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев бүгінгі сотта растап берді. Антикорлықтар тергеу барысында «Хаменова мойындай қойғаны абзал. Бізге Адамов та, Рысқалиев те керек емес, бізге нақ керегі  – Хаменова» деп сыпайы түрде ұсыныс білдірген, – делінген сөз соңында.
Айте кетейік, Бақытгүл Хаменова соңғы сот отырысында өзінің жазықсыз екенін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Кейін сотталушы Бақытгүл Хаменованың өзін негізсіз қудалау туралы сөздеріне қатысты Антикор мәлімдеме жасады.
Өткен жылдың желтоқсан айында Хаменова Мәдениет басқармасының басшысы А.Рысқалиевпен Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны және міндеттемелерді орындау барысында жалпы қамқорлығы үшін «Балқыту» ЖШС директоры У.Адамовтан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында 4,5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін әшкереленгенін хабарлаймыз. Оның әрекеттері жиналған дәлелдемелерді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін, сондай-ақ күдіктілер мен куәлардың тікелей айғақтарын ескере отырып сараланады, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге ведомство өкілдері тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталатынын жеткізді.