Домбыраның құлағында ойнайтын – Олег Никитин
Домбыраның құлағында ойнайтын – Олег Никитин
1,036
оқылды
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаздар аз емес. Соның бірі – Олег Никитин. 34 жастағы алматылық жігіт домбырамен қатар, саз-сырнай, шаңқобыз секілді қазақтың ұлттық аспаптарын да қатар меңгерген. Ол саксафон, фортепиано, гитараны да шебер ойнайды. Өнерпаздығымен қоса, Олег ән де айтады. Өзі – Алматыдағы Ішкі Істер департаментінің мемлекеттік оркестрінің солисті. «Қолымнан домбыра түспегеніне 27 жыл болды» деген әнші ұлттық әуенсіз, сахнасыз өмір сүре алмайтынын сөз етті. Бүгінгі кейіпкерімізбен өнерге қалай келгені, ұлттық аспапта күйді ойнауды қалай үйренгені жайлы әңгімелестік. – Орыс баласының домбыраны үйренуіне не түрткі болды? Музыкалық аспаптардың түрі көп, неге домбыраны үйренгіңіз келді? – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала кезімде домбыраның үнін естіп, қазақ әуендерін тыңдап өстім. Себебі, өзім алматылық болсам да, балалық шағым батыста, Ақтау қаласында өтті. Ал ол жақта, өздеріңіз білетіндей, әрбір екінші тұрғын домбырада ойнап, ән айтады. Ондағы орыстарың қазақша сөйлейді. Ол кезде қазіргідей емес, көрші-қолаңның есігі ашық, қонаққа шақырусыз-ақ бір-бірінің үйіне кіріп-шығып жүре беретін. Кез келген мерекеде көрші-қолаңның бәрі жиыла қалып, аулаға қазақ үй тігіп, дастарқан жайып, ойын-сауықпен бірге түрлі жарыстар өтетін еді. Бала болсақ та соны көріп өстік. Ол жақта 7 жасқа дейін ғана тұрдым. Соның арасында ойнап, жүгіріп жүргенім, бейне бір кеше ғана өткендей есте қалған. Мені өнерге, ұлттық колоритке тартқан – осы. Домбыра – Сонда домбыраның қай кезде үйрендіңіз? – Мектепке барғанымда Ақтөбеде тұрдық. Сол жерден гитара класына жазылғанмын. Бірде біздің қалаға Құрманғазы оркестрі келіп, концерт қойды. Олар біздің ұлттық әуендерді, әсіресе, этникалық әуенде ойнағанда бүкіл тұла бойым шымырлап кетті. Жүрегің дүрсілдеп, өне бойыңнан ток өткендей, ұмытылмас сезім қалдырды. Сөйтіп, домбыраны үйренемін деп шештім. Әуелде досымнан үйреніп, жарты айдан соң гитарадан домбыра класына ауысып алдым. Оның айлық бағасы – 200 теңге. Өзім ақша тауып, төлеуге көмектестім. – Ақшаны қайдан таптыңыз? – Жоқтықтан немесе күнкөріс үшін жұмыс істегенім жоқ. Өйткені, әкем де, шешем де жұмыста еді. Екеуінің табысы бізге жететін. Күш-жігерім тасып, жыбырлап қалған бала болғандықтан энергиямды жұмсау керек болды. Таңғы 6-дан тұрып, сабаққа барамын. Артынан музыкаға барып, 3-4 сағат домбырада ойнаймын. Одан қалса, гитарам бар. Арасында таэквандо бар. Уақыттың тығыздығына қарамастан екі сағаттай жұмыс істеп, сауда-саттықпен айналыстым. Редакциядан газетті сатып алып, үстіне 5-7 теңге қосып саттым. Сол секілді шемішкенің бір стаканын 3 теңгеден алып, үйден қуырып, әр стаканды 10 теңгеден өткіздім. Сөйтіп, күніне 500 теңгедей таптым. ДомбыраӨнерге қалай келдіңіз? 13 жасыңызда Франциядағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне концерт қоюға шақырту алғаныңыз рас па? – Естеріңізде болар, Асылбек Еңсеповтің «Адай» күйін жаңа өңдеумен шығарған бейнебаяны бүкіл елді дүр сілкіндірді. Сол кездегі жаңашылдық – жалғыз мені ғана емес, бүкіл жастарды осы күймен ауыртты. Дәл сол жылы біздің мектепке өнер қайраткері, көркем сөз шебері Хамит Мамбеков келіп, оқушыларға арналған музыкалық әдеби кештер өткізді. Сонда әр мектепке үш-жетіден концерт берді. Концерттің біріне кіргенімде залдың ішін қараңғылап тастаған. Тек майда-майда шамдар жанып тұр. Сығырайған жарығымен сахнаны көруге болады. Бір уақытта әуен ойнап, светомузыка қосылды. Сол кезде сахнаға бір жігіт шығып, сахна ортасына бір аяғына сүйеніп тізерлеп тұра қалып, қолындағы домбырасын тарта жөнелді. Домбыраның үні есімді аударды. Күніне 6-8 сағат дайындалып жүргенде менің домбырамнан ондай үн шықпайтын. Сөйтіп дәстүрлі әнге, домбыраның қоңыр үніне ғашық болдым.   45 минуттық концертте Шәмшінің әндері шырқалды, домбыраның сүйемелдеуімен өлең оқылды. Артынан музыкалық сәлемдемесі бар. Содан жүргізушінің жанына бардым да «Домбырада ойнасам бола ма?» деп едім, «өзіңді сынап көр» деді. Содан сахнаға шығып, домбыраны қолыма ала бергенімде залға кластастарым кіріп келді. Оларды көріп, сасқанымнан орнымда қатып қалдым. Не істеп, не қойғанымды білмеймін. Есімді жисам, бәрі қол соғып, «жарайсың!» деп жатыр. Сөйтсем, бәрін дұрыс ойнаппын. Ұнағаны соншалық концерттің жетекшісі Хамит Исаұлы  «Ей, бала келесі жылы сені гастрөлге алып кетемін» деді. Жарты жылдан кейін үйге және мектепке хат келді. Олар Юнесконың Франциядағы штаб пәтерінде өтетін Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойына  арналған концертке жіберуді өтінген. Расымен, ол кезде бар-жоғы 13 жаста едім. Сол концертте Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов, Олжас Сүлейменов секілді тұлғалармен танысу бұйырды. Нәтижесінде, Хамит ағамен бес жылдық келісімшартқа отырып, концерттік бағдарламамен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шықтық. Домбыра – Концерттік бағдарламамен ел аралап жүріп, сабағыңызға қалай үлгердіңіз?   – Елімізде біз бармаған мектеп пен балалар үйі қалмады. Тіпті, Ресейдің біраз жерін аралап, 6 мыңнан аса мектеп пен 2 мыңға жуық балалар үйінде болдық. Әр қалада 2-3 аптаға тоқтайтынбыз. Сол жерлерде үй тапсырмасын орындаймын. Бір сөзбен айтқанда, концерт қойған жерімізде сабағымды оқып жүрдім. Түнімен ұйықтамадым. Аттестатымды алдым. Музыкалық мектепті де солай оқыдым. Жылына екі рет қалаға келемін, сол кезде емтихандарымды тапсырып кетемін. Сырттай оқыдым, негізі ондай жоқ. Маған жасаған жеңілдіктері болды-ау. Өйткені біздің бағдарламаның өсіп келе жатқан ұрпаққа берері көп еді. Біз әдебиетті, классикалық музыканы, дәстүрлі ән-күйді насихаттадық. Сегіз жылдық гастрөлдік сапарда жүріп,  сыбызғы мен сазсырнайда да ойнауды үйрендім. Оның үстіне, Хамит аға – көркемсөз шебері. Ал біздің жетекшіміз Олжас Сүлейменов еді. Солардың қасында жүріп орыс әдебиетімен бірге қазақ әдебиетін оқып, талай ақын-жазушының шығармашылығымен танысып, жырларын жаттап өстім. Мысалы, Пушкиннің немесе Евгений Онегиннің өлеңдерін төрт сағат үзбей жатқа айтып бере аламын. Сол секілді Абайдың өлеңдерін, қарасөзін білемін. «Абай жолын» да оқығанмын.  – Қазақша еркін сөйлейсіз, кім үйретті? – Домбыраны үйреткен алғашқы ұстазым – Тенел Құлбаев еді. Ағамыз орысшадан гөрі, қазақша сөйлейтін. Аптасына үш рет, бір жарым сағаттан айналыстық. Бәрін қазақша түсіндіреді, қазақша жауап береді. Осыған ілесе жүріп, қазақшамды жетілдірдім. Қазақша білетінімді мақтанып, хайп жасағым келмейді. Өнер адамы болғандықтан шығармашылықты бағалаймын. Ал қазақ тілі – мемлекеттік тіл, оны жетік білу – бәріміздің міндетіміз.