"Министрліктің домбыраны ұлықтауға неге ниеті жоқ?" - Мәжіліс депутаты
"Министрліктің домбыраны ұлықтауға неге ниеті жоқ?" - Мәжіліс депутаты
© Sputnik
Маусым айында Мәжіліс депутаттары «Ұлттық домбыра орталығын» ашу туралы ұсыныс айтып, ҚР Премьер-министрінің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. «AMANAT» фракциясының мүшелері нақты жауап ала алмағандарын айтып, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа қайта сауал жолдады. Ерлан Саиров депутаттық сауалында Рим Папасы Францисктің өзі домбыраның әлемдік рухани потенциалы туралы айтқанына тоқталды.
«Президент Тоқаев Рим Папасына қазақтың рухани өмірінің символы ретінде домбыраны сыйға тартты! Яғни, домбыраны мемлекеттік деңгейде ұлықтап, халықаралық бренд жасау заман талабы! Домбыраның теориялық аспектілері, домбыраның әртүрлі мектептері, домбыраны әлемдік деңгейде насихаттау бүгінгі технология заманында жаңа әдістерді талап етеді. Ал Дәурен Әскербекұлы депутаттарға нақты жауап берудің орнына бір бетке концерттер жөнінде есеп жазып жіберген. Бұл  формализм мен немқұрайлылық па, әлде министрліктің домбыраны ұлықтауға ниеті жоқ па? Екеуі де жақсы емес! «Ұлттық домбыра орталығын» ашу үшін бюджеттен миллиардтаған қаржының қажеті жоқ! «Ұлттық домбыра орталығын» ашу жаһандану заманында ұлтымыздың рухани келбетін сақтап қалудың өзегі! Сондықтан, Дәурен Әскербекұлының атына депутаттық сауалды қайтадан жолдап отырмыз. «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 31-бабының 2-пунктіне сәйкес нақты жауап күтеміз!» - деді Ерлан Саиров Мәдениет және спорт министріне жолдаған депутаттық сауалында.