Қазақстан жаңа миграциялық саясатты қабылдамақ. Оның біраз жаңалығы бар. Енді мемлекет ұлтына қарамастан білімді, дарынды жастарды шетелден тартуға маңыз береді. Бұған дейін шетелдегі қазақ жастарын тартуға екпін түсірілген. Сондай-ақ бизнес иммиграциясын ынталандырады, 100 ірі брендті релокациялауға күш салады. Елге қомақты инвестиция салғандарға «алтын виза» берілуі мүмкін. Қандастарға көзқарас та өзгереді деп жатыр. Саланы қандай реформалар күтіп тұр?Қандастар мәселесі қамықтырады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша биыл 11 165 этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Ал 1991 жылдан бері жалпы саны 1 миллион 99,1 мың этникалық қазақ оралыпты. Биыл атажұртқа асыға жеткендердің көбі Өзбекстаннан келді. Тағы 10,5 пайызы – ҚХР-дан, 7,1 пайызы –Түрікменстаннан, 4,6 пайызы – Моңғолиядан, қалған 8,3 пайызы басқа елдерден көшті.
Еңбек министрлігінің дерегінше, сырттан келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,8%), Маңғыстау (17,2%), Түркістан (9,4%) және Жамбыл (6,8%) облыстарында, сондай-ақ Алматы (5,9%), Нұр-Сұлтан (7,5%) және Шымкент (7,6%) қалаларында қоныстануды қалайды. Яғни, жатжұрттарда қазақы дәстүрді, тілді сақтап қалған қазақтар елге оралып, орыстанған солтүстік, орталық, шығыс өңірлерді қазақыландыруға үлес қосады деген үміт ақталмады. Сарапшылар оның орнына қандастардың өзі елге проблема тудырғанына қынжылыс білдіріп жүр. Бұл мәселе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде де көтерілген болатын.
Ведомство қандастар арасында білікті, жоғары білімді мамандардың тым аздығына назар аудартады: небәрі 12,3%-ы ғана жоғары білімді. 38,9%-ы арнайы орта білімге ие. Үлкен бөлігі – 47%-ы тек мектеп бітірген. 1,7%-ының орта білімі де жоқ.
Салыстыру үшін министрлік мына статистиканы келтіреді: 2011-2022 жылдары Қазақстаннан көшіп кеткендердің көбі – 38%-ы жоғары білімді, білікті азаматтар. Тағы 34%-ы – колледж бітіргендер. Бұл жерде олар қазақ тілін білгісі келмей, Ресейге кетіп жатқан орыстар деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Шынында, жоғары білікті, ауқатты қазақтар да Түркияға, АҚШ-қа, Еуропаға, Грузияға, Ресейге лек-лекпен көшіп кетуде. Жалпы алғанда, жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетіп қалған. Оның ішінде 74,3 мыңы ғана репатриациялану мақсатында тарихи Отанына қайтқан.
Қоныстанушы ел қуатын еселесін
Сондықтан жаңа көші-қон саясаты аясында қандастардың қазағы аз, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстануына басымдық беріледі. Бұл жұмыс пилоттық жоба аясында біраздан қолға алынуда. Бірақ ынта-ықылас білдірушілер шамалы: биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жаңа алгоритмге сәйкес Түрікменстаннан келген 741 этникалық қазаққа тұрақты тұру үшін нақты өңірді көрсете отырып, тиісті визалар беріліпті. 45 адам бәрібір Маңғыстау облысын таңдаған. Оларды солтүстік өңірлерді таңдаса, отбасының әр мүшесіне көшуге 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем (2022 жылы – 222,6 мың теңге) төленетіні, үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын 1 жыл мемлекет көтеретіні де қызықтырмаған.
Қандастар қазағы аз өңірде орыс тілінде сөйлеп, орыстануға тура келеді деп қорқатыны мәлім. Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында қандастарға және босқындарға консультациялық, ақпараттық, аударма, білім беру қызметтерін ұсыну үшін бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын ашу жоспарланған. Мұндай бейімдеу орталықтары Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында құрылады.
Құжатта қандастарға, босқындарға, релоканттарға ел аумағында төл бизнесін дамытуға жәрдемдесу шаралары пысықталатыны көрсетілген.
«Президент тапсырмасын орындау мақсатында жаңа тұжырымдама аясында қандастарды тарихи Отанында қабылдау және жайғастыру саясаты қайта қаралатын болады. Құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың орналасатын жерін айқындау тетігі енгізіледі. Ол сол өңірде 5 жыл бойы тұрақты тұрған соң ғана азаматтықты беру, сол арқылы еңбек күші тапшы өңірлерге көшуге ынталандыру шаралары қабылданады. Бұл тәсіл отандастардың жергілікті қоғамға интеграциялану процестерін реттеу және олардың әлеуетін ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне сай пайдалану үшін тиімді», – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Өз елінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ниет білдірген шетелдегі қандастарға Қазақ картасы беріледі. Оның иесі елге еркін кіру, бизнес ашу, мүлікке иелік ету мүмкіндігіне ие болады. Қазақ картасы иегерлеріне жыл сайын «Парыз» конкурсы аясында Президенттік сыйлық беріледі.
Елде кадр тапшылығы ушыға түспеуі үшін жаңа саясат аясында өзге мемлекеттерден білікті, білімді азаматтарды тартудың кеңауқымды науқаны басталмақ. Құжатта ол білім иммиграциясы, еңбек иммиграциясы және бизнес иммиграция деп үш бағытқа жіктелген.
Жаңа саясаттың үш тағаны
Салалық ведомствоның түсіндіруінше, біріншіден, білім иммиграциясы аясында Қазақстанды бір жағынан, оқушы жастарға, магистранттарға, докторанттарға, ал екінші жағынан, профессорлар-оқытушылар құрамына, ғылыми қызметкерлерге тартымды етіп, өңірлік білім беру хабына айналдыру көзделген. Осы бағытта сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік шетелдік оқытушыны және сұранысқа ие технологияларды игерген ғалымдарды Қазақстанға тарту шаралары қабылданады. Оларға кейіннен Қазақстан азаматтығын алу құқығын ұсына отырып, 10 жылдық «ғылыми-педагогикалық виза» беріледі.
Ұлтына қарамастан, шетелдік дарынды жастарды отандық ЖОО-лар мен колледждерге тарту мақсатында шетелдік оқушыларға арналған гранттар саны ұлғайтылады, солар үшін түсу емтихандарын өткізу мерзімдері өзгертіледі. Мұның сыртында қазақстандық университеттер қабылдау комиссияларын Орталық Азия елдеріне барып, сонда ұйымдастырады. Нәтижесінде, елдегі студенттердің жалпы санындағы шетелдік шәкірттердің үлесі 2022 жылғы 4,9%-дан 2027 жылы 10%-ға дейін екі еседей ұлғайтылады.
Екіншіден, Бизнес-иммиграция бағытында өз бизнесін Қазақстанға көшіретіндерге жеңілдік, преференциялар берудің қолжетімді тетіктері әзірленеді. Оларға қарастырылған қолдау шаралары «бір терезе» қағидатымен орталықтанады, цифрланады. «Алтын виза» аталатын инвестициялық визаны беру жолға қойылады. Тұжырымдамада келесі жылы – 5, ал 2027 жылға қарай 40 визадан беріп отыру жоспарланған.
Қазақстан экономикасына бөліп-бөліп емес, бір мезгілде 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнес үшін инвестициялық және іскерлік визалар беріледі. Мұндай виза елде 10 жыл еркін тұруға мүмкіндік береді. Виза иесі Қазақстанда бизнесін тіркеп, мүлікке иелік етіп, қаржылық операцияларды жүргізе алады. Шетелден атақты бренді бар үздік 100 бизнесменді тарту қарастырылған. Оның ішінде тұтастай зияткерлік қызметке негізделген креативті индустрияны (экономиканың төртінші секторын) дамытуға басымдық берілмек.
Үшіншіден, Еңбек иммиграциясы бағытында Қазақстанды көрінген босқынның, өз жерінде орнын таба алмаған келімсектердің емес, ең алдымен майталман мамандар, білікті еңбек ресурстары үшін тартымды мемлекет ретінде қалыптастыру жоспарланған. Сондықтан «Құнды дағдыларға арналған виза» деген жаңа түрі енгізіледі. Министрліктің мәліметінше, бұл виза ғылым, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт және мәдениет салаларындағы бағалы кәсіби мамандарға беріледі. Виза аясында оларға түрлі жеңілдік, тұруға ықтиярхат ұсынылады. Бұдан бөлек, елімізде авторлық мектептерін ашуы үшін жағдай жасап, өнер, спорт, әдебиет саласында 100 шетелдік шеберді Қазақстанға әкелу жоспарлануда.
Жалпы, жергілікті кадрларды даярлау аясында үш жыл бұрын Үкімет шетелдік жұмыс күшін азайтып, қатаң квоталауға көшті. Жұмыс берушілерге шетелден тек басшылар мен мамандарды шақыруға рұқсат етілді. Осы кезеңде жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 36,4 млрд теңгеден астам қаражат төлепті. Бүгінде Қазақстан аумағында 16 027 шетелдік басшы мен маман қызмет етеді.
Қарапайым жұмысшыларды тарту құқығы жеке тұлғаларға берілді. Мысалы, бай қазақтар шетелден аспаз, бала бағушыны, үй күтушісін, бақшашыны, сәулетші-құрылысшыларды шақыратыны мәлім. Ресми мәліметке жүгінсек, үй шаруашылықтарында еңбек етуге келген шетелдік еңбекшілерге былтыр 1 млн 618,9 мыңнан астам рұқсат берілді. Олар ел бюджетіне 29,9 млрд теңгеден астам жеке табыс салығын төледі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан көші-қон саясатын да жаңаша құруға күш салмақ. Одан не шығатынын өмір көрсетеді.