Азаттық үшін арпалыс
Азаттық үшін арпалыс
© коллаж: Әсел Балтақызы
911
оқылды
Украина армиясының жетістігі қандай? Ақпан айынан бері ұрыс жүріп жатқан Украина жерінде соңғы күндері жағдай өзгере бастады. Украина Қарулы күштерінің бөлімдері Ресей әскері басып алған бірқатар елді мекенді азат етіп, кейбір аймақтарда қос елдің мемлекеттік шекарасына жетті. Көптеген сарапшы бұл оқиғаларды майдандағы бетбұрыс кезеңге балап отыр. Жалпы, Украина жеріне Ресей әскерінің «арнайы операция» жа­сау мақсатында басып кіргеніне 200 күн­нен асты. Ресми Мәскеудің арадағы келіспеушіліктерді дип­ломатиялық жолмен шешудің ор­нына тізеге салмақ болған ниеті ақыры Еуропада соғыс өртінің бұрқ ете қалуына алып келген-ді. Содан бері аймақтағы жағдай ушы­ғып барады. Майдандағы жағ­дайды айтпағанның өзінде Украи­надағы соғыс Ресейге салын­ған көптеген санкцияға, Мәскеудің Еуропаны энергоресурстар арқы­лы бопсалауына, тіпті өңірде ядролық апаттың алғышарт­та­ры­ның қалып­тасуына апарып соқты. Тіпті, Украи­надағы соғыс алыстағы Африка құр­лығындағы дамушы елдерде аштық қаупін де туғызғаны бар. Бір сөзбен айтқанда, қос елдің арасын­дағы соғыс бері айтқанда, тұтас Еуропаға, әріден қозғасақ, күллі адамзатқа әсер етіп жатыр. Ал соғыс басталғанда түрлі болжам аз айтыл­ған жоқ еді. Расталмаған болжамдар мен үзілген үміт Украина жерінде болып жатқан соғыс ХХІ ғасырда қандай да бір әскери, саяси болжам жасаудың берекесіз шаруа екенін көрсетті. Әу баста Киевті 96 сағаттың ішінде басып алып, «неонацистік режимді құлатамыз» деген Мәскеудің дегені болмады. Үміті үзілді. Наурыздың соңында Киев түбінен шегінген ресейліктер қазір Харковь облы­сының аумағын да тастап шықты. Украина Қарулы күштері бөлімде­рінің қарсы шабуылының үдегені сонша, басқыншыдан азат етілген елді мекендер мен қалалар саны күн санап көбейіп келеді. Одан бөлек, Украина әскерлері Херсон облы­сын­да да әжептәуір табысқа қол жеткізді. Алайда көптеген са­рапшы жағдай­дың бұлай күрт өзгеруін болжамаған да еді. Батыс мамандары да, өзгелер де май­дан­дағы бетбұрыс кезең шілде-тамыз айларында болады дескен. Бри­таниялық барлаушылар да, жа­һандағы соғыстарды зерттейтін батыс елдерінің орталықтары да Харковь облысында жағдай бұ­лайша өзгерерін айтпаған. Тіпті, Харковь, Донецк пен Луганск ай­мақтарында позициялық ұрыстар 2023 жылдың көктеміне дейін жалғасуы мүмкін екенін болжаған. Алайда Украина Қарулы күштері бас штабының жос­пары өзгеше бо­лып шықты. Әскери стратегия­лық текетіресте Украина стратег­те­рі Ресей генералдарынан тереңі­рек ойланатынын байқатты. Тіпті, екі елдің барлаушыларының да «ойыны» ерекше болғанға ұқсай­ды. Херсон бағытында батыл қи­мылдай бастаған Украина әскер­лерінің әрекетіне қарап, сол өңір­дегі қорғанысты күшейтпек болған ресейліктер негізгі соққының Хар­ковь жақтан болатынын күт­пегенге ұқсайды. Нәтижесінде, бір­неше күннің ішінде 6 мың шар­шы шақы­рымнан астам жер бас­қыншылардан азат етілді. Ақпанда көрші елдің аумағына ұзын-сонар тізбек жасап кірген Ресейдің бө­лімдері бүгінде ұрыс техникаларын тастап, қашып жатыр. Сөйтіп, ха­лықаралық рей­тинг­терге әлем­нің екінші қуатты армиясы сана­латын күштер ұятқа қалды. Ал мұн­дай жағдайдың қа­лыптасуы бол­жам ғана емес, ресми статис­тика мен мемлекеттік орган­дардың есебіне сүйене отырып жа­салған рейтингтердің шынайы жағ­дайды көрсетпейтінін байқатты. Айта­лық, Global Fire Power рейтин­гінде Ресей әлі күнге әскери қуаты жа­ғынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Тіпті, кейбір көрсет­кіштері жағынан алға да жыл­жып­ты. Украина 22-орында. Ал Қара­бақта мол тәжірибе жинаған Әзер­бай­жан­ның рейтингтегі орны өз­гермеген. 63-орында тұр. Қазақ­стан 64-орында. Өзбекстан болса 55-орында. International Institute for Strategic Studies (IISS)-тің 2022 жылға арнал­ған Military Balance дейтін есебінде де Ресей армиясы аса қуат­ты күш ре­тінде көрсетілген. Алайда Украина жерінде осынау армияның кемі 50 мыңнан астам жауынгері мерт болды. Демек, сөз басында айтқаны­мыздай, әскери, саяси болжам мен рейтингтердің берекесі жоқ деген сөз. Түрлі болжам мен бағалау рей­тингтері масс-медиаға «азық», көп­шілік үшін талқылайтын та­қырып болудан басқа іске жа­рамайтын сыңайлы. Украинадағы ұрыстың бета­лысы соны аңғар­тады. Түрлі бол­жам іске жарамай қалып жатыр. Жемқорлық – Украинаның Ресейдегі «одақтасы» Негізі, Ресей Қарулы күште­рінің мүмкіндіктері мол саналатын. Бұ­рын. Техникасы да көп еді. Бірақ Украинадағы соғыс қандай да бір елдің қорғаныс қабілетін әлсіретуге бірінші кезекте сыртқы дұшпан емес, жемқорлық әсер ететінін бай­қатты. Айталық, тек 2020 жылы Ресей армиясындағы жемқорлық 2019 жылға қарағанда 30 пайызға өсіп, келтірілген шығын 6,4 млрд рубль болыпты. Бұл тек анықтал­ғаны ғана. Ал «ұсталмаған ұры емес» деген тағы бар. Тағы бір де­рек, тек Ресей қорғаныс минис­трі­нің орынбасары Руслан Цаликов­тың байлығы 3,4 млрд рубль екен. Одан бөлек, бірқа­тар вилласы да бар. Ал 2018 жылы «Росгвардия» 2 млрд рубльге Қы­рымнан капуста, картоп және сәбіз сатып алыпты. Онда да тауардың бағасын 3 есе өсірген. 2021 жылы «Ор­лан-10» дро­нын құрастыратын зауыт бас­шылары 500 млн рубльді қалтаға басқаны да белгілі болған. Қыс­қасы, Ресей армиясындағы жем­қор­лық Украинаның одақтасына айналды. Сонымен қатар қағаздағы есепке құрылған мәлімдемелердің де зар­дабы мол екені байқалады. Кейде сол есептердің де артында жемқорлық тұруы мүмкін. Мәсе­лен, сәуірде Қара теңізде батып кеткен «Москва» крейсерінің ра­диолокациялық стан­салары мен зениттік зымыран ке­шендерінің ешқайсысы заманауи үлгілерімен алмастырылмаған. Сөйте тұра, 2018 жылы модерниза­цияланып, кемеде кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілгені айтылған. Ал кеме 1982 жылы пайдалануға берілген еді. Кеңес Одағының «1164» деп аталатын жобасы бойынша құ­рас­тырылған үш кеменің екеуінде за­манауи радар тұрса, дәл «Мос­квада» «Фрегат М» және «МР800 Флаг» РЛС-терінің ескі үлгілері болыпты. Ал зениттік зымыран ке­шендері «С-300 Ф» және «ОсаМ А» қаруларынан құралған. Бірқатар сарапшы бұл кешендер теңіз бетіне жақын ұшатын қанатты зымы­ран­дардан қорғай алмайтынын айтады. Ақыры кеме суға батып тынды. Егер «1164» жобасы бо­йын­ша құрас­ты­рылған үш кеменің екеуіндегі, яғни «Варяг» және «Ус­тинов» крейсер­леріндегі кешендер модернизация­ланғанын ескерсек, ресейлік гене­рал­дар үшінші кемеге бөлінген қаржыны басқа мақсатқа жұмсаған болуы әбден мүмкін. Яғни, ресейлік крейсердің батып кетуіне украина­лықтардың соқ­қысымен қатар жем­қорлықтың да «пайдасы» тигенге ұқсайды. Одан бөлек, ресейлік сар­баздар құрыш сауыттың орнына өрт сөндіру құ­рылғыларына арналған қалқанша салынған броножилеттер киіп жүргені де анықталды. Қы­рымдағы С-400 «Триумф» зениттік зымыран кешенінің бірқатары қуыршақ болып шықты. Шамасы, әскерилер жоғары жаққа «бәрі мық­ты, қару-жарақ сақадай сай деген» есеп жол­даған болуы мүмкін. Ал ре­зервте тұрған танктің бірқатары­ның қозғалтқышы жоқ екені де белгілі болды. Тіпті, Украина же­рін­де қолға түскен ресейлік тан­кис­тер өздері мініп жүрген маши­налардың кейбіреуі оқ ата алмаса, кейбіреуі жүрмейтінін айтты. Ресейдегі 12 500 танктің тек 450-інде ғана белсенді қорғаныс ке­шендері бар екені белгілі болды. Олар майданға апарылмаған. Айта берсе, теріскейдегі көршіміздің Қарулы күштерінде түйіні шешіл­меген мәселе өте көп. Сөйте тұра, Қорғаныс министрі С.Шойгу 2022 жылдың қаңтарында «Ресей қа­рулы күштері бөлімдерінің 70 пайызы жаңа қарумен қаруланды» деген мәлімдеме жасаған. Ал іс жүзінде ресейлік әскерлер әлі күнге ескі көздеу жүйесі бар «Град», «Ураган», «Смерш» дүркіндетіп ата­тын қон­дырғыларды, түнде кө­ру жүйесі мен заманауи оптикалық құралдары жоқ танктерді, ескі ра­дар мен радиоэ­лек­тронды күрес қондырғыларын қол­данып жүр. Армияда 2 мыңнан астам барлау­шы, шабуылдаушы дрон бар екенін мәлімдеген ресейлік әске­рилер Ираннан пилотсыз ұшатын қон­дырғы ала бастаған. Бұл фактор­ларға Ресей сарбаздарының со­ғысуға құлықсыздығы мен офи­церлерінің біліксіздігін қосыңыз. Ал Украина жауынгерлері өз Ота­нын, туған үйін қорғап жатыр әрі тәуір техникаларға да қол жеткізді. Тіпті, сарбаздар мен офицерлердің біліктілігін арттыр­ғаны сонша, ке­ңестік кезеңнен қал­ған С-300, «Бук М1» зениттік зымы­ран ке­шендерімен-ақ қарсыластар­дың әуе және зымыран шабуылын мүм­кіндігінше тойтарып жүр. Со­ны­мен қатар кеңес кезінен қалған Су-25, Миг-29 тәрізді ұшақтарды да тиімді пайдаланып жатыр. Мұ­ның өзі елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін бірінші кезекте білікті мамандар даярлау мен жем­қорлықты азайту маңызды екенін көрсетіп отыр. «Кісідегінің кілті аспанда» Украинадағы соғыс қашан аяқталатынын болжау қиын. Де­генмен ұрыс, әлбетте бірінші ке­зекте украин халқы мен сарбаз­да­рының жанкешті күресінің ар­қасында, екін­шіден Батыс елде­рі­нің Ресейге сал­ған санкциялар­ы­ның нәтижесінде аяқталатынға ұқсайды. Майданда жауынгерлер табандылық танытса, тылда, яғни Ресей әскерінің тылында санк­циялар өз «еңбегін» сіңіріп жа­тыр. Мәскеу сүйеніп отырған қор­ғаныс өнеркәсібі кешеніне аса қуат­ты соққы жасалуда. Тіпті, мұндай соқ­қы жасап, әлсірету жоспары со­нау 90-жылдары жасалған ба, деп қаласыз. Өйткені Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне қажет бөлшектерді басым бөлігі «кісінің қолына өтіп» кетіпті. Атап айт­қанда, 1991 жылдан бері Ресей қор­ғаныс өнеркәсібі кешенінде пайдаланып жүрген микрочип­тер­дің барлығын шетелдік өнімдермен алмастырып тастапты. Тіпті, мик­роэлектроника өнеркә­сібіне қажет аспаптар да шетелдікі. Мәселен, «Пульсар» ғылыми-өнер­кәсіптік кәсіпорында жасалатын PVD250 станогы, FISNAR құрыл­ғысы америкалық, ASM станогы герма­ниялық өнім. Бұл құрылғылар зы­мырандарға қажет микроэлек­тро­никаны жасау үшін қолда­ны­лады. Микрочиптер әзірлейді. Оның үс­тіне, Ресейдің Украинада қолданған қаруларынан АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің ком­паниялары жа­саған 450-ден астам компонент табылған. Ұлыбри­танияның Royal United Services Institute зерттеушілері 27 түрлі қа­руды тексерген. Мамандар так­ти­калық зымырандардан бастап, әуеқорғанысы кешендеріне дейін зерттеген. Әлі 450 компонет солар­дан анықталыпты. Тіпті, «Искан­дер К» тактикалық зымыран ке­ше­нінің 9М727 зымыранына орна­тылған микрочиптерді америкалық Texas Instruments Inc және Advanced Micro Devices Inc компа­ниялары мен қазір германиялық Infineon Technologies компания­сына қарасты Cypress Semiconductor фирмасы жасапты. Х-101 зы­мыранының 31 компоненті аме­ри­калық AMD корпорациясының құ­рамына кіретін Xiliix кәсіпор­нының өнімі екен. Ал «Торнадо-С» дүркіндетіп ататын кешеннің зы­мырандары үшін Ресей Altera Corporation және Cypress Semiconductor компанияларының өнімде­ріне мұқтаж. Ал «Орлан-10» пилот­сыз ұшатын қондырғыны жасау үшін ресейліктер швейцариялық STMicroelectronics, жапониялық Saito Seisakusho, америкалық Analog Devices компанияларының өнімдерін пайдалануы қажет. Әрине, мұндай өнімдердің бәрі 1991 жылдан бері ресейлік өнер­кәсіпке енгізілді десек, қателескен болар едік. КСРО кезінде шпионаж арқылы енгізіген техно­логия да мол еді. 1964 жылдан бастап 1981 жылға дейін Texas Instruments Inc компаниясында кеңестік шпион­дар жұмыс істеген. Сол жылдары КСРО батыстан талай құнды дүние ұрлаған. Әрі америкалық AIM-9 Sidewinder зымыранының көшір­месін жасап, оны «Вымпел К-13» деп атаған. Содан бері кеңестік-ресейлік қорғаныс өнеркәсібі кешенінде «өзімдікі» дейтін өнім жоқ тәрізді. Ал санкциялар бұдан кейін ресейлік қорғаныс өнеркәсібі кешенін мүлдем тұралатып тастауы мүмкін. Қазірдің өзінде Ресейде әрі кетсе 200 шама­сында «Калибрь» зымыраны қалғаны айтылып жүр. Соғыс басталардың алдында Ре­сейде «Искандер» зы­мырандары­ның 14 бригадасы болған. Оларда жалпы саны 652 зымыран болғаны жайлы дерек тараған. Қазір олар­дың жартысы қалды ма, жоқ па, белгісіз. Ал оларды өндіру үшін шетелдік микрочиптер, түрлі ком­понент керек. Санкцияның тылды талқандап жатқанын ай­туымыздың сыры осында.  
P.S. Украинадағы соғыстың ерте ме, кеш пе аяқталары сөзсіз. Тә­уелсіздік пен жерінің тұтастығы үшін күре­сіп жатқан халықтың жеңбеске хақы да жоқ. Дегенмен Еуропадағы со­ғыстан біздің де сабақ алмағымыз керек. Қорғаныс өнер­кәсібі кешенін, Қарулы күштерді, әскердің жарақ­тандырылуы мен даярлығын тексе­ріп ал­масақ, бол­майтын тәрізді. Жем­­қор­лықпен күрес те ымырасыз болуы қа­жет. Өйткені әлемнің «екін­ші ар­мия­сын» HIMARS қана емес, жем­қор­лық та қиратып жатыр.