Денсаулық сақтау саласы – адам саулығы үшін аса маңызды әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін сала. Сондықтан да елімізде денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламалары мен жобаларын бекітіп, салаға тың серпін беруге күш салып келеді. Бұл тұрғыда Үкіметтің 2021 жылғы қазан айындағы қаулысымен қабылданған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының маңызы орасан.
Жоба аясында Қызылорда облысының медицина саласын дамытуға негіз қалайтын тың бастамалар қолға алынуда.
Жалпы, Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сәйкес, 6 айдың қорытындысымен өңірде бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 807 753 тұрғын тіркеліп, медициналық көмекті 18 стационарлық, 22 амбулаториялық-емханалық медицина ұйымдары көрсетеді.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінде лизинг арқылы республикалық бюджеттен 20 санитарлық автокөлікке алғашқы төлеміне 248,2 млн теңге бөлінген. Осы арқылы науқас жандарға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндіктер артып отыр.
Сонымен қатар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамту мәселесі де рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл тұрғыда 20 млн теңгеден төмен медициналық бұйымдарға 254 195,0 млн теңгеге сатып алу рәсімі жүргізілген. Одан бөлек, жалпы сомасы 233 331 теңгеге бірыңғай дистрибьютор тізіміне енгізілген 5 дана медициналық бұйымға «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы сатып алу жұмыстары атқарылған. Алдағы уақытта жалпы құны 20 млн теңгеден жоғары 7 дана медициналық бұйымдарды 1 036 426,0 мың теңгеге «СҚ-Фармация» ЖШС тарапынан орталықтандырылған түрде сатып алу жоспарланып отыр.
Медициналық ұйымдарға санитарлық көліктер, компьютер жинақтарын, дизельді электр-генератор және медициналық бұйымдарды сатып алу мақсатында 225 млн теңге қаржы бөлінген.
Өңірде халықтың нысаналы топтарына скринингтік тексерулер 6 нозология бойынша жүргізілуде.
Маусым айында Қызылордада орталық қалалық емханасы қолданысқа берілді. Емхананың ашылуы нәтижесінде №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайып, денсаулық сақтау желісі нормативке сәйкестендірілген.
Сол сияқты Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты салынып, ел игілігіне беріліп отыр. Оған республикалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд теңге бөлінген. Жаңа емдеу мекемесі 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін болады.
Сонымен қатар 2022 жылы медициналық ғимараты жоқ шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет және жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 1 дәрігерлік амбулатория іргесін қалады.
Сол сияқты биыл жалпы құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда қаласының сол жағалауында IV санатты жылына 5 000-10 000 донация облыстық қан орталығы құрылысы қолға алынатын болады. Оған 2022 жылы республикалық бюджет есебінен 250 млн теңге қаржы бөлінген. Нысан 2023 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Қазір облыста маман тапшылығы 144 дәрігерді құрайды. 2021 жылы 84 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 24-і елді мекендерге жіберілген. Бүгінде облыста маман тапшылығы 144 дәрігерді құрайды.
Негізінен, 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға 127 облыс әкімінің гранты бөлінген. Бұл шаралар өз кезегінде 2024 жылдан бастап аймақтық саланы дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мұнымен қоса, облысқа қарасты алыс шалғай елді мекендердегі халыққа медициналық көмек көрсету үшін 5 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған.