Суарудың ерекше тәсілін қолданады
Суарудың ерекше тәсілін қолданады
643
оқылды
Ауыл шаруашылығы дәнді-да­қыл­дары мен оның өнімін өн­ді­руде заманауи техноло­гиялар­ды қолдану мен дамыту Ақмола об­лы­сын­да кеңінен үрдіс алып ке­­ле­ді. Аграрлық саланы те­рең мең­гер­ген Біржан сал ауданын­дағы Үлгі ауылында «Жокей Агро» ша­руа­шылығы дербес суару жүйе­­сінің біре­гей кешенін әзірлеп қы­сы қатаң, жазы салқын табиғат­та мол өнім алудың тәсілін игерген. Ауылшаруашылық дақыл­дарының бірнеше түрін өсіретін «Жокей Агро» шаруашылығы үш жылдан бері өнім көлемін айтар­лықтай ұлғайтыпты. Бү­гінде ша­руашылықтың егістік алқа­бында арпа, сұлы, жоңышқа, картоп сияқ­­ты көкөністер мен дәнді-да­қыл­­дардың бірнеше түрі өседі. Өз өнімдерін Көкшетау мен елор­да­дағы базарлар мен сауда орын­дарына еркін шығарып отырған шаруаның алдағы болашаққа көздеген жоспары да мығым. Шаруашылыққа өткен жылы 1,8 мил­­лиард теңге көлемінде ин­вестиция салынған. Тиімді ұйым­дастырылған жұмыстың нәтиже­сінде ауылда жұмыс­сыздар саны біршама азайып, «Жокей агро» серік­тестігіне тоғыз адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазір бар­лық жұмысшы орташа есеппен 137 мың 277 теңге сомасында жа­лақы алып отыр. Шаруашылықтың ұтымды әрі біре­гей кешені өзінің дербес ин­нова­циялық-суару жүйесі бар. Ол ауа райы жағдайына қарамастан топырақ­ты тұрақты ылғалдан­ды­руға мүмкіндік берген. Жасанды су қорын сақтайтын резервуар кө­лемі 55 мың текше метрді құ­райды. Ұзын­дығы – 96, ал ені 64 метрге және тереңдігі 12 метрге дейін жететін құрылымда диа­метрі 250 мм және ұзындығы 400 метрлік 26 текшелік 5 ұңғыма қойылған. Шаруашылықтағы VALI мар­калы су шашқыш машина ірі ау­мақты суару­ды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сорғы стансасы да үз­дік­сіз жұмыс істеп тұр
«Өткен жылы өңірдің бірқатар ау­даны мен ауылында қатты ыстық бол­ды. Солтүстік табиғаты аса қатал. Қыс­тың суығымен қа­тар кей­де қуаң­шы­лыққа да ұры­нып қа­ламыз. Қатты ыстықтың сал­да­ры­нан егістік алқаптар тіпті жай­қалып шыққан көк шөптің өзі күйіп кеткен жағдайлар да болды. Бұл шаруашылықтағы заманауи суару жүйе­сінің арқасында егінге қуаңшылық та әсер ете алмайды. Суару жүйесі өнім­нің бітік шы­ғуына ықпал еткен. Ұйымшыл ұжым бірлесе еңбек етіп, мол өнім алып отыр», – дейді Біржан сал ауданы құрылыс бөлімінің бас­шысы Жұмабек Әубәкіров.
Ауданда осыған ұқсас 200 гек­тар алқаптағы жүгеріні суаратын ірі кешен де бар екенін атап өткен жөн. Солтүс­тіктегі шаруашы­лық­тарға табиғаттың қаталдығы бір­шама әсер ететінін сала ғалым­дары да атап өтті.
«Еліміздің 69 пайыздан ас­тамы шөл және шөлейтті аймақ­тарға жатады. Барлық жердегі негізгі фактор егістік алқаптар­дағы ыл­ғалдылықтың көлемі. Сондықтан егістікті суару аса маңызды мәнге ие. Әрине, бұл орайда суды үнем­ді пайдалану да аса өзекті болып тұр. Солтүстіктегі шаруашылықтарда ас­тықты және майлы дақылдар негізі­нен суару­сыз өсіріледі. Жерді осылай пай­даланудан жоғары өнім де алады. Ал картоп және басқа да көкөніс­тер суару­ды қажет етеді», – дейді био­логия ғы­лым­дарының докто­ры, профессор Әбілжан Құсайынов.
Облыста егістік алқаптарын суару­ға бағытталған жұмыс бір­тіндеп болса да қарқын алып келе жатыр.
«Мемлекет басшысының Жол­­дауынан туған міндеттерге сай об­лыста суармалы жерлердің кө­лемін ұлғайту жұмыстары жүр­гі­зіліп келеді. Барлық ауданда суары­латын жер учаскелері бар. Ша­мамен 5 мың гектар алқапта кар­топ және 300 гектар көкөніс суар­­малы әдіспен өсіріледі. Ал қал­ған 22 мың гектарға басқа да дақылдар егіледі. Негізінен, там­шылап суару және ша­шып суғару әдістері қолда­нылады», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашы­лығы басқарма­сының бөлім басшысы Медет Досжанов.
Жалпы, облыста бүгінде 224 ша­руашылық суару жүйесін қол­данып отырғанын атап өткен жөн. Негізінен, шашыратып суару әдісі пайдаланылады. 2017 жылы суар­малы жерлер шамамен 3 200 гектар болса, 2019 жылы бұл көр­сеткіш 24 100 гектарға жеткен. 2020 жылы суармалы егістік ал­қап­тарының аумағы 28 500 болса, одан кейін былтыр 5 900, ал биыл тағы 7 300 гектарға ұл­ғай­тылған.

Ақмола облысы