Ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдары мен оның өнімін өндіруде заманауи технологияларды қолдану мен дамыту Ақмола облысында кеңінен үрдіс алып келеді. Аграрлық саланы терең меңгерген Біржан сал ауданындағы Үлгі ауылында «Жокей Агро» шаруашылығы дербес суару жүйесінің бірегей кешенін әзірлеп қысы қатаң, жазы салқын табиғатта мол өнім алудың тәсілін игерген. Ауылшаруашылық дақылдарының бірнеше түрін өсіретін «Жокей Агро» шаруашылығы үш жылдан бері өнім көлемін айтарлықтай ұлғайтыпты. Бүгінде шаруашылықтың егістік алқабында арпа, сұлы, жоңышқа, картоп сияқты көкөністер мен дәнді-дақылдардың бірнеше түрі өседі. Өз өнімдерін Көкшетау мен елордадағы базарлар мен сауда орындарына еркін шығарып отырған шаруаның алдағы болашаққа көздеген жоспары да мығым. Шаруашылыққа өткен жылы 1,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынған. Тиімді ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде ауылда жұмыссыздар саны біршама азайып, «Жокей агро» серіктестігіне тоғыз адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазір барлық жұмысшы орташа есеппен 137 мың 277 теңге сомасында жалақы алып отыр. Шаруашылықтың ұтымды әрі бірегей кешені өзінің дербес инновациялық-суару жүйесі бар. Ол ауа райы жағдайына қарамастан топырақты тұрақты ылғалдандыруға мүмкіндік берген. Жасанды су қорын сақтайтын резервуар көлемі 55 мың текше метрді құрайды. Ұзындығы – 96, ал ені 64 метрге және тереңдігі 12 метрге дейін жететін құрылымда диаметрі 250 мм және ұзындығы 400 метрлік 26 текшелік 5 ұңғыма қойылған. Шаруашылықтағы VALI маркалы су шашқыш машина ірі аумақты суаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сорғы стансасы да үздіксіз жұмыс істеп тұр
«Өткен жылы өңірдің бірқатар ауданы мен ауылында қатты ыстық болды. Солтүстік табиғаты аса қатал. Қыстың суығымен қатар кейде қуаңшылыққа да ұрынып қаламыз. Қатты ыстықтың салдарынан егістік алқаптар тіпті жайқалып шыққан көк шөптің өзі күйіп кеткен жағдайлар да болды. Бұл шаруашылықтағы заманауи суару жүйесінің арқасында егінге қуаңшылық та әсер ете алмайды. Суару жүйесі өнімнің бітік шығуына ықпал еткен. Ұйымшыл ұжым бірлесе еңбек етіп, мол өнім алып отыр», – дейді Біржан сал ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Жұмабек Әубәкіров.Ауданда осыған ұқсас 200 гектар алқаптағы жүгеріні суаратын ірі кешен де бар екенін атап өткен жөн. Солтүстіктегі шаруашылықтарға табиғаттың қаталдығы біршама әсер ететінін сала ғалымдары да атап өтті.
«Еліміздің 69 пайыздан астамы шөл және шөлейтті аймақтарға жатады. Барлық жердегі негізгі фактор егістік алқаптардағы ылғалдылықтың көлемі. Сондықтан егістікті суару аса маңызды мәнге ие. Әрине, бұл орайда суды үнемді пайдалану да аса өзекті болып тұр. Солтүстіктегі шаруашылықтарда астықты және майлы дақылдар негізінен суарусыз өсіріледі. Жерді осылай пайдаланудан жоғары өнім де алады. Ал картоп және басқа да көкөністер суаруды қажет етеді», – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Әбілжан Құсайынов.Облыста егістік алқаптарын суаруға бағытталған жұмыс біртіндеп болса да қарқын алып келе жатыр.
«Мемлекет басшысының Жолдауынан туған міндеттерге сай облыста суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп келеді. Барлық ауданда суарылатын жер учаскелері бар. Шамамен 5 мың гектар алқапта картоп және 300 гектар көкөніс суармалы әдіспен өсіріледі. Ал қалған 22 мың гектарға басқа да дақылдар егіледі. Негізінен, тамшылап суару және шашып суғару әдістері қолданылады», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Медет Досжанов.Жалпы, облыста бүгінде 224 шаруашылық суару жүйесін қолданып отырғанын атап өткен жөн. Негізінен, шашыратып суару әдісі пайдаланылады. 2017 жылы суармалы жерлер шамамен 3 200 гектар болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 24 100 гектарға жеткен. 2020 жылы суармалы егістік алқаптарының аумағы 28 500 болса, одан кейін былтыр 5 900, ал биыл тағы 7 300 гектарға ұлғайтылған.
Ақмола облысы