«Қапал мешіті туралы ең алғаш жазба қалдырған Петр Семенов-Тян-Шанский өңірдің табиғаты жайлы айта келіп, осында қоныстанған мұсылмандарға мешіт-медресе үйі керектігін жазады. Оның осы ойын Тәнеке батыр бастаған ел ағалары құптап, 1866 жылы Ғалиәкпар қажының ұйымдастыруымен аймақтың бетке ұстарлары Қапалда бас қосып, генерал-губернатор Герасим Колпаковскийге ұсыныс хат жолдайды. Бұл ұсынысты қолдаған генерал-губернатор Омбы қаласына барып, мешіт құрылысын жүргізуге қажетті құжаттарды реттеп, келесі жылы архитектор Никитин бастаған шеберлер құрылыс жұмысын қолға алады», – дейді Жемісбек Толымбеков.Жақында екі ғасырдың куәсі болған көне ғимаратты қайта жаңғыртуды жергілікті меценат Сабыр Қадырұлы өз мойнына алды. Өз кезегінде бүгінде бір қауым елге айналған Ғалиәкпар қажының ұрпақтары да аталарының есімімен байланысты тарихи нысанның қайтадан түлейтініне қуанышты.
– Атамыз Ғалиәкпар қажы – Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарында бірге болған көпестердің бірі. Мешіт құрылысы біткен соң Меккеге барады. Мұрағаттардан атамыздың онда қонақүй салып, қажылыққа барғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырғанына қатысты деректер таптық. Кеңес одағы орнап, дінге тыйым салынған соң Қапалдағы мешіт жұмысы да тоқтады. Менің жас кезімде бұл нысан қойма болатын. Кейіннен Ғалиәкпар қажының балаларына арнап салған үйіне жөндеу жүргізу барысында жертөледен мешіттің төбесіне орнатылған жарты айды тауып алдық. Оны әкеміз қызыл белсенділер мылтықпен атып құлатып тастаған жерінен түнде жасырынып барып тауып алып, тығып қойған екен. Тәуелсіздік келіп, қайта ашылғанда оны мешіттің төбесіне қайта орнаттық, – дейді қажының ұрпағы Гариф Муликов.Қазір мешіт ғимараты өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енген. Оған қоса, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының балансында тұрған нысанды мақсатты пайдалануға байланысты түрлі ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Ал Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, тарихи нысаннан медресе ретінде ашу туралы ұсыныс түскен екен. Шешімді аудан әкімдігі, жергілікті тұрғындар, Ғалиәкпар қажының ұрпақтары және мецанаттармен бірге қабылданбақ. Ал осы аумақтағы Тамшыбұлақ минералды су көздері жалпыұлттық қасиетті нысандар қатарында. Өзекті өртейтіні жалбызбен өріліп, мүкпен көмкерілген жарқабақтарынан көз жасындай тамшылар сорғалап тұратын Тамшыбұлақ та таңғажайып көркінен айырылып барады. «Қабырғалардағы жалбыз бен мүкті емге пайдалануға болады» деген алыпқашпа сөзге сенгендер түн жамылып келіп, оны тамырымен қосып қопарып алып кететін болған. Соның салдарынан жарқабақтар жалаңаштанып, тамшылардың сұрқы қашып тұр. Тамшыбұлақтың жанындағы биіктің үстінде тұрған екі қабатты ғимараттың да сәулеті алыстан көз тартады. Жергілікті жұрт оны көпес Шаяхмет Әбсаттаровтың үйі деп жүр. Иесі қуғын-сүргінге ұшырағанда үй мемлекетке өтіп, балабақша, асхана ретінде пайдаланылған. Кейін қараусыз қалып, қасбетінен басқасының бәрі бүлінген еді. Ел ішінен тарихи жәдігерге жаны ашитын азамат табылып, қазіргі кезде біршама ретке келіп қалды. Үйді «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығы балансына алып, қайта жаңғыртып жатыр.
– Жыл соңына дейін жаңғырту жұмысын толық аяқтасақ, нысанды өңір мәдениеті мен руханиятын өркендететін маңызды орынға айналдыруды жоспарлап жүрміз, – дейді «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.Ал қазақтың үш бірдей тұлғасына жар болған Фатима Ғабитова тұрған үй өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізбесіне қосылса да қазіргі кезде қараусыз тұр. 2002 жылы екі қабатты ғимаратты Елтай Сәдуақасов деген ақсақал меншікке алып, жеке кітапхана ашып, бір бұрышынан Фатима Ғабитоваға арнап мұражай жабдықтапты. Кейіннен оны ұстап тұруды жағдайы көтермейді. 2010 жылдан бері бұл үй қараусыз қалған. Әкімдік те жекеменшіктегі ғимараттың мемлекет қаржысына жөнделмейтінін алға тартып, мәселені жылы жауып қойған екен.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы