Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс сайлауы өтеді. Бұл туралы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді. Алда келе жатқан саяси науқан жайында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров ойымен бөлісті. – Президенттің жасап жатқан саяси реформаларына қандай баға бересіз? – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан үш жыл бұрын билік басына келген кезінде «демократияны дамытпай, ел экономикасының дамуы мүмкін емес» деп айтқан болатын. Сол аралықта демократиялық реформалардың көбі іс жүзінде жүзеге асты. Ең негізгісі – Конституциялық реформа. Демократияның құндылықтарына сәйкес келмейтін баптың барлығы алынды. Сонымен бірге осы өзгерістерге байланысты азаматтар сайлауға және сайлануға құқылы болады. Мысалы, аудандық деңгейдегі депутаттардың бәрін халық тікелей сайлайды. Облыстық деңгейдегі депутаттардың жартысын халық сайлайды. Парламентке келсек, Мәжілістің 30 пайызы бір мандатты өкілеттік депутаттығынан тұрады. Бұл арқылы жастарға, аймақтағы белсенділерге жол ашылады. Саяси реформалардың жан-жақты жүзеге асып жатқанының тағы бір белгісі – ауыл әкімдерінің сайлауы. Мәселен, келесі жылдан бастап біз аудандық деңгейдегі сайлаулардың тікелей сайлауына өтетін боламыз. Бұл – халықтың тікелей билігін сайлап алудың нақты принципі. – Кезектен тыс сайлаудың өтуіне қалай қарайсыз? – Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл кезектен тыс сайлау жөнінде бастама жасады. Оның екі себебі бар. Бірі – бүгінде дүинежүзіндегі геосаяси жағдайдың күрделенуі. Өйткені дүниежүзі блоктарға бөлініп жатыр. Тіпті, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының өзінде Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, Қырғыз бен Тәжікстанның арасында көптеген кикілжің туындады. Осының барлығына қарап, біздің елдегі маңызды фактор тұрақтылық екенін байқаймыз. Сонымен бірге ел ішінде консерваторлық реваншистік топтар бар. Олар бұрынғыны көксеп, өткенді қайтадан қалыпқа келтіргісі келеді. Тіпті, елдегі ішкі объективті қиыншылықтарды да өз пайдасына асыруға тырысады. Сондықтан сайлау – реваншистік күштердің топтасуына ешқандай ырық бермеуге және еліміздегі тұрақтылықты қалыптастыруға мүмкіндік береді. – Президенттік мандаттың 7 жылдық мерзімге ұзартуы жайында не ойлайсыз? – Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке әрбір тұлға бір мерзімге сайлануға және оның жеті жылға сайлана алатынын атап өткен. Өзімізге белгілі, бізде 30 жыл бойы бір адам биліктен кетпеді. Бұл халықтың бүгінде ренішін тудырды. Осыған қарап, біз биліктегі монополияға қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек. Яғни, монополияға қарсы тұра алатын нақты қадамдар қажет. Президенттік мандаттың бір мерзімдік принципі – биліктің саяси монополия қалыптастыруына қарсы қадамның бірі.