Күн сайын алға ілгерілеп жатқан әлемдегі ғылым кеңістігінде еліміздің орны ерекше деп айта алмаймыз. Cөйте тұра, елде «ғалым» атағы барлар мыңдап саналады. Олардың нендей жаңалық ашып жатқанынан жұрт бейхабар. Енді осындай ашқан жаңалығы жоқ ғалымдар саны тіптен өсуі мүмкін.Есеп есіркей ме?
Таяуда өткен Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылға дейін Қазақстанда ғалымдар мен зерттеушілер санын қазіргі 21,6 мыңнан 34 мыңға дейін жеткізуді өз алдына міндет қылып қойғанын айтты. Оның айтуынша, соңғы екі жылдан бері елде ғалымдар саны азайған. Мысалы, 2019 жылы – 21 843, 2020 жылы – 22 665, ал биыл 21,6 мың ғалым бар екені мәлім болған. Қазіргі 21,6 мың ғалымның 7 525-і жас ғалымдар (жалпы ғалымдардың 35 пайызы) құрайды. Сонымен, ведомство басшысы аз уақыттың ішінде 13 мыңға жуық ғалымды қатарға қосуға ниеттеніп отыр екен. Бұл оңай шаруа емес екені айтпаса да белгілі. Министр мұны қалай жүзеге асырмақ, жай есеп үшін айтылған сөз емес пе?
Әуелі Ғылым министрі бұл мақсатқа ғылыми мақалалар санын көбейту арқылы жеткісі келетін секілді. Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҒЗИ санын 15-ке арттыру, индекстелетін журналдардағы жарияланымдарды 150 пайызға өсіру және 2025 жылы қажетті жабдықтарды 30 пайызға жаңарту арқылы ҒЗИ сапасын арттыру міндеті тұр екен.
«Сондай-ақ 2025 жылы қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми журналдарындағы мақалалардың жалпы саны бойынша InСites елдік рейтингінде 65-орынға және «ҒЗИ сапасы» көрсеткіші бойынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде 65-орынға қол жеткізу жоспарланған», – дейді Саясат Нұрбек.
Дегенмен Үкімет басшысы Әлихан Смайылов министрдің есепке баса назар аударып отырғанын сезді ме, бір нәрсені ескертіпті.
«Біз «зерттеу жүргізу керек деп», ғылыми-зерттеу жұмыстарын көбейте бермегеніміз жөн. Ең алдымен олардың нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторында қолдану маңызды міндет. Соңғы жылдары «Ғылым туралы» заңға біршама өзгеріс енгізілді және оны қаржыландыру екі есеге өсті. Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет», – деді отырыста Премьер-Министр.
Оның сөзіне қарағанда, отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек. Ресми мәліметке қарағанда, жас ғалымдарды қолдау және ынталандыру үшін «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарға ғылыми-зерттеулер мен постдокторантура үшін 1 037 грант бөлінген. Жыл сайын халықаралық тағылымдамаларға 500 грант бөлінеді. 2021 жылы әлемдік ғылыми орталықтарға 400 ғалым жіберілген екен. 2020 жылдан бастап жыл сайын 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығы тапсырылады. Қош, әйтеуір мұның бәрі мемлекеттің ғылым саласын дамытуға қолдау көрсетіп жатқанының нышаны делік. Ғалымдарды көбейтуге талпынып отырған Саясат Нұрбек қай бағыттарға екпін салып отыр?
Қай бағытқа бет бұрдық?
Бұл істе әуелі бағытты айшықтап алу керек екені айтпаса да түсінікті. Мысалы, ел тәуелсіздік алғалы гуманитарлық бағыттарға көңіл бөліп келдік. Сондықтан бұл бағытта ғалымдарды көбейтуге аса мұқтаж емес секілдіміз. Министрдің қай бағыттарға басымдық бергісі келіп отырғанын білмекке Ғылым және жоғары білім министрлігіне сауал жолдаған едік. Ведомствоның баспасөз қызметі бізге Саясат Нұрбектің өз жауабын жіберді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техникалық бағыттағы мамандарға мемлекеттік тапсырысты арттыру басымдығына сай, ғылымның техникалық бағыттары бойынша, соның ішінде агроөнеркәсіп, жасыл технологиялар, энергия тиімділігі, ядролық физика, тау-кен металлургия, ақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми кадрлардың әлеуеті мен санын арттыру жоспарлануда», – дейді ведомство басшысы.
Демек, министрлік техникалық бағыттарға басымдық берген. Алайда білім сарапшыларының көбі ғалымдарды көбейту бастамасын құптап отырмаған көрінеді. Өйткені санда бар да сапа жоқ ғылым саласында түйткілдер жетерлік екен. Мәселен, педогогика ғылымдарының кандидаты Әкімжан Сайлыбаев саладан еш өзгеріс күтпейтінін жеткізді.
– Шынын айту керек, қазір ғалым деген ұғым ойыншық іспетті болып кетті. Оларды даярлау технологиясы тым жұпыны. Қазіргілердің басым көбінің өресі ғалым деп атауға келмейді. Мәселен, мен Ұлттық білім академиясында жұмыс істедім. Ғалым деген аты бар талайлармен әріптес болдық. Бірақ өз саласына байланысты көп нәрседен хабарсыз болып шығады. Жауапты министрлік бұлайша санға жүгірмеу керек. Айналып келгенде, министр Саясат Нұрбектің өзін ғалым деп есептей алмаймын, сөз жоқ, саясаткер. Ғалым атану қазір неге керек? Өйткені біреу магистрлік, академиялық дәрежесін алып жатса, жалақысы өседі. Осы жағы басым болып кеткені алаңдатады. Еңбектерде көшірме көп, жұртты қайран қалдыратын жаңалықтар ашу жағын айтпай-ақ қояйық, – дейді сарапшы.
Қазақстанда ғылым саласының қарқынды дамымай тұрғанын билік өкілдері де мойындайды. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі» тұжырымдамасы қабылданғанын баяндаған еді. Ал академик, профессор Ғарифолла Есімнің айтуынша, саланы дамыту үшін алдымен ғылыммен айналысатын адамдарға жағдай жасау керек.
– Біріншіден, ғылыммен айналысатын адамдарға жағдай жасау керек. Олардың алатын шәкіртақысын көтерген абзал. Шетелге барып тұру үшін жағдай жасалса. Олармен байланыс орнатуға мүмкіндік болуы тиіс. Екіншіден, ғылыми институттардың жұмысының сапасын қадағалауымыз керек. Сұрыптап алған жөн. Егер көмек керек болса, физика, математика, химия сияқты институттарға өте қымбат құралдар әперіп, қамтамасыз ету қажет. Жастардың жағдайын түзеп, ғылыми жұмысты жолға қойған абзал, – деді ол.
Қорыта айтқанда, негізі мемлекет тарапынан ғылымды қолдау жағы жетіліп келе жатқаны рас. Әйткенмен, ғалым атанғысы келетіндердің ұмтылысы нашар секілді. Қызметте, мансап жолында өсуді мақсат етіп оқу қуатындардың бары жасырын емес. Ал жаңалық ашу жағын айтпай-ақ қояйық. Ашқан жаңалық жоқ, есесіне «ғалым» көп.