Құтқарушылар да көмек сұрайды
Құтқарушылар да көмек сұрайды
771
оқылды
Қостанайдағы орман өрті кезінде әлеуметтік желідегі видеолардан өрт сөндірушілердің небір ерлік ісіне куә болдық. Өкінішке қарай, бұл мамандық иелерінің жұрт алдында «жарқырайтын» сәттері жаңалықтың ғұмырымен бірге бітеді. Үш, төрт күн, көп дегенде бір апта... Күн сайын басын қатерге тігетін қаһармандар одан ары қайтадан елеусіз қалады. Әр дабылда – өліммен бетпе-бет Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі берген дерекке сүйен­сек, қазір елімізде 422 өрт сөн­діру бөлімшесі бар, онда 19 719 өрт сөндіруші-құтқарушы жұ­мыс істейді. Олардың орташа жасы – 30 жас. Осындай жас мамандардың бірі Абылай Өтегенов – ел­ордадағы №6 маманданды­рыл­ған өрт сөндіру бөлімшесінің аға өрт сөндіруші-құтқару­шысы.
«2016 жылы Көкшетаудағы Азаматтық қорғаныс жоғары көпбейінді колледжді тәмам­даған соң осында өрт сөндіруші болып жұмысқа орналастым. Бала күнімде біздің үйдің тұ­сында үлкен қызыл гидрант бар болатын, соған келетін өрт сөн­дірушілерді қызықтап, бәріміз «өскенде солар сияқты өрт сөн­діруші боламын» деп ар­ман­даушы едік. Бала арманыма адал болып, ақыры осы салаға келдім», – дейді ол.
Бұл жұмыстың ең басты қиындығы сол – өрт кезінде өзің­нен гөрі өзгенің жағдайын бірінші ойлап тұруың керек.
«Бірде «Жағалау» жақтағы 24 қабатты үйден өрт шықты. Ғи­мараттың 14-қабатынан бас­тап жоғары қарай қаулаған өрт адам шошырлық. Қарауылмен бірге баспалдақпен көтеріліп бара жатқанымызда алды­мыз­дан бір келіншек жүгіріп шық­ты. Дода-додасы шығып жылап тұр. Пә­терде бүкіл отбасы қа­лып қойған екен. Ішке кірсек, қою түтіннен түк көрінбейді. Айналамызды қарманып жүріп, үйдегі алты адамды таптық. Өзіміздің бет­пердемізді шешіп, соларға ки­гіздік. Өзім өліп қаламын-ау деген ой ондайда басыңа кіріп те шықпайды. Бар уайымың – адамды тірі кезінде сыртқа алып шығу», – дейді өрт сөндіруші.
Шұғыл қызметке кедергі көп Өрт сөндірушілер диспетчер дабылынан соң 1 минуттың ішінде «бес қаруын сайланып» машинаға отырып үлгеруі ке­рек. Одан кейін өрт орнына же­туге 10 минуттай уақыт беріледі.
«Кейде кешігеміз. Әсіре­се, кептеліс кезінде қиын. Си­рена­мызды қосып, апат орнына асығып бара жатқанымызды білдірсек те, көліктер жол бер­гісі келмейді», – дейді кейіп­керіміз.
өрттен құтқарушы Бірақ оқиға орнына уақы­ты­лы жетумен іс бітпейді. Ау­ла­ға келгенде шлаг­баум жабық тұ­ра­тын не­месе гидранттарды тап­пай қа­латын кездер де болады.
«Барлық үйде көршілердің чаты болады ғой. Біздің келіп тұрғанымызды көрсе де, соған хабар беріп, шлагбаумды аш­қызайын деп асықпайды. Шлаг­баумнан кіргенімізбен, гидрант таппай жүріп қалатын уақыттар да бар. Тұрғындар кө­ліктерін гидранттың үстіне қоя салады. Сосын жүргеніміз әр машинаның астын қарап... Мұ­ның бәрі, әрине уақытты ала­ды», – деп қынжылды Абылай.
Цистернадағы бес тонна су 12 минутта түгесіледі.
«Секундына жеті литр су шашамыз. Цистернадағы су әп-сәтте таусылады. Соған қарап көбі бізді өрт орнына бос келеді деп кінәлап жатады. Бі­рақ су­дың екпіні қатты болған­дықтан, оның аз ғана уақытқа жететінін біле бермейді. Әдетте екі көлік болып барамыз. Бі­ріндегі су тау­сылғанда, екіншісі іске кі­рі­седі, ал бұл кезде бі­рін­ші ма­ши­на су іздеп келеді», – дейді маман.
Абылайдың айтуынша, бүгінде тұрғын үйлердегі өрттің шығуына көбіне адамдардың күнделікті электрлі құрыл­ғы­ларды қолданудағы қауіпсіздік техникаларын сақтамауы себеп болады.
«Үйден шығарда электр құрылғыларды тоқтан суыр­майды. Теледидар, ұялы теле­фон, үтік, плита, басқа да құ­рылғыларды қосулы қалды­ра­ды. Микротолқынды пештің тоғын суырмағаны үшін Төле би көшесіндегі үш бөлмелі үй түгелдей жанып кеткен. Кей­біреулер балконда тұрып темекі шегеді. Темекінің шоғы астын­дағы балконның терезесінен кілемге болмаса басқа бір затқа түсіп, өрт тұтанған кездер де болды», – дейді өрт сөндіруші.
Айтпақшы, ол жуырда Қос­танайдағы орман өртін сөн­ді­руге де қолғабыс етіп қайтқан.
«Әуелі Әулиекөл маңындағы өртенген бес-алты үйді сөн­діріп, үйінді астында қалғандар­дың бар-жоғын тексердік. Жар­ты тәуліктен соң бізді орманға жіберді. Орман өртімен өмірім­де бірінші рет бетпе-бет келдім. Үйді сөндіргендей емес, ол әлдеқайда қиын шаруа екен. Желдің екпінімен жанған соң оны өшіруге біраз күш жұм­сай­сың. Кейде лап етіп сені қоршап алғанда, оттың ортасында қа­ласың. Адреналиннің әсері шы­ғар, ондай шақта қарның­ның ашқанын да, ұйқыңның келгенін де аңғармайсың. Екі тәулікте үш-ақ сағат ұйық­тап­пыз», – дейді табиғаттағы тілсіз жаумен алысқан маман.
Жалақыға жарымайды Абылай алты жыл бұрын ал­ғаш жұмысқа кіргенінде, жалақысы 37 мың теңге болған екен. Қазір ол қолына айына 172 мың теңге алады. ТЖМ мәлі­ме­тінше, қазақстандық өрт сөнді­ру­шілердің орташа жа­лақысы бүгінде 145 мың теңгені құрайды. Жалпы, атқаратын қыз­меті мен жұмыс өтіліне байланысты олар­дың бір айлық еңбекақысы – 106 мың теңгеден 184 мың теңгеге дейінгі аралықта.
«Өкінішке қарай, қаржылық жағдайымыз мәз емес. Жалақы аз. Қосымша үстемеақы немесе шипажайға жолдама деген атымен жоқ. Оны айтасыз, тіпті униформаны өз ақшамызға са­тып аламыз. Негізі, бізді жыл са­йын жаңа формамен қамта­масыз етіп тұруы керек қой», – деп мұңын шақты кейіпкеріміз.
Бүгінде бұл сала маман­дарына ғана арналған мемле­кет­тік тұрғын үй бағдарламасы да жоқ. Жалақысы аз болған­дықтан, өрт сөндірушілер ипо­тека рәсімдеуде қосалқы қарыз алушыны тартуға мәжбүр. өрт сөндіруші ТЖМ дерегінше, соңғы он жылда елімізде қызметтік борышын орындау кезінде 26 өрт сөндіруші қаза тапқан. Өрт сөндіруші қаза тапқан немесе мертіккен жағдайда оларға немесе отбасына төленетін заңмен белгіленген өтемақы мөлшері бар. Ал сау кезінде, әзірге қадірленбей тұр.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ