«Санитарлық және эпидемиологиялық қызмет мамандары ауа құрамындағы химиялық және уландырғыш заттарға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Елді мекендерде атмосфералық ауаны негізінен аммиак, қалқымалы заттар, азот диоксиді, диоксид қышқылы, кадмий, марганец, мыс, азот оксиді, көміртегі оксиді, сынап, қорғасын, күкірт қышқылы, күкіртсутек, фенол, формальдегид пен алты валентті хром сияқты химиялық қоспалар ластап отыр», – дейді Ақмола облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.Жылыту маусымы кезінде атмосфералық ауадан алынатын сынаманы жылу қазандықтары мен жанармай бекеттеріндегі санитарлық қорғалған аймақтардан алмақ. Ал жылыту маусымы аяқталғаннан кейін де жанармай бекеттері мен санитарлық қорғалған аймақ шекараларында жүзеге асырылады.
«Жалпы, қазір облыс аумағында 1 201 өнеркәсіп нысан бар. Оның 974-нің эпидемиялық маңызы бар. Ауаға зиянды қалдықтар шығарып жатқан 32 нысан департаменттің және оның аумақтық басқармаларының ерекше бақылауына алынған. Олардың әрқайсысына елді мекен аумақтарындағы бекеттерде ауаның сапасына бақылау мен мониторинг жүргізіліп отырады. Зертханалық зерттеу және өлшеу жоспарына сәйкес былтыр 8 айда 8 11 085-нен сынама алынды. Оның 122-сі рұқсат етілген атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар концентрациясының шекті нормасынан асып кеткенін көрсетті. Сәйкес келмейтін ауаның салыстырмалы үлесі 1,1 пайызға жеткен. Сонымен қатар халықтың тарапынан коммуналдық нысандар оның ішінде қатты отын жағатын қоғамдық моншалардың ауаны ластап жатқанына арыз-шағымдар көбейіп кеткендіктен, санитарлық қызмет басшылығы қоғамдық монша маңындағы ауаны ластайтын заттардың рұқсат етілген нормадан асқан-аспағанына мониторингтер жүргізуге шешім қабылданды» деп толықтырды Айнагүл Мусина.Аталған мониторинг шеңберінде тамыз айында ғана өңірдің коммуналдық нысандарында қоғамдық моншалар орналасқан тұрғын үйлердің маңында 4 бақылау нүктесінде 214 сынама алынған. Дегенмен әзірге ауаның шекті нормадан асқаны байқалмаған. Биылғы жартыжылдықта қоршаған ортаға жоспардан тыс 10 рет профилактикалық тексеріс жүргізілген. Олардың қорытындысына сәйкес өңірдегі өнеркәсіп орындарына 27 әкімшілік айыппұл салыныпты. Оның ішінде 26 айыппұл бойынша 23 865 175 теңге өндірілді. Тексеріс барысында «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорнының сарқынды қалдықтарды ағызу нормасының асып кеткені, «Өркен» ЖШС-ның өндіріс және тұтыну қалдықтарының шығарылғаны, «Алтынтау Көкшетау» және «Степногорск жылу электр стансасы» кәсіпорындарының қауіпті қалдықтарды өндіріс процестерінде өзара араластыруға тыйым салынбағаны сияқты заңбұзушылықтар анықталған. Кемшіліктер болған кәсіпорындарға алдағы уақытта аталған заңбұзушылықтарды жоюға нұсқаулар беріліп одан әрі де мониторинг жүргізілмек. Қоршаған ортаның ластануына өнеркәсіпорындарымен қоса бейберекет төгілген жабайы қоқыстардың да көбеюі ықпал еткен. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының жүргізілген ғарыштық түсірілімдері бойынша облыста рұқсат етілмеген 674 жабайы қоқыс үйіндісі анықталған. Ауаның таза болуы халық саулығының кепілі. Демек, аталған саладағы заң талаптарының орындалуына тиісті органдар әлі де мән бергені жөн секілді.
Ақмола облысы