Қазақстандағы 1930 жылдардағы жаппай ашаршылық және босқыншылық жайында не білеміз?

Қазақстандағы 1930 жылдардағы жаппай ашаршылық және босқыншылық жайында не білеміз?

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстандағы 1930 жылдардағы жаппай ашаршылық және босқыншылық тақырыбына қатысты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті.  2022 жылдың 8 қыркүйегінде ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстандағы 1930-шы жылдардағы жаппай ашаршылық және қазақтардың шектес аумақтарға мәжбүрлі қоныс аударуы: заманауи түсіну және ғылыми бағалау мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Халықаралық конференция «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ босқындары: орналасуы мен бейімделуі» атты жобаны (жоба жетекшісі Құдайбергенова А.И.) жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Қашықтықтан өткізілген конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, архив және мұражай қызметкерлері, өлкетанушылар, орта мектеп және жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, магистранттар мен докторанттар және студент жастар қатысты. Атап өтсек, Ресей ғылым академиясы СБ Тарих институтының директоры Рынков Вадим Маркович (РФ, Новосибирск қаласы), Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, т.ғ.д, профессор З.К. Курманов (Бішкек қаласы, Қырғызстан), Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің әлем тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к. Б.А. Пасилов (Ташкент қаласы, Өзбекстан), ӨзР ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Шухрат Эргашев (Өзбекстан) және Ресей Федерациясынан: Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімінің Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Н. Аблажей (Новосибирск қаласы, РФ) мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты А.С. Зуева (Мәскеу қ., Ресей), өз елімізден Мемлекет тарихы институтының директоры т.ғ.д., профессор Е.А. Әбіл, осы аталмыш институттың директор орынбасары т.ғ.д., профессор Б.Г. Аяған, Қорқыт Ата ат. Қызылорда университетінен с.ғ.д., профессор Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы, Әл-Фараби ат. ҚҰУ профессоры Қ.Қ. Құнапина, Қызылорда облысының мемлекеттік архивінен Д.А. Қалтаева және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан т.ғ.д., профессор С.М. Бөрбасов, т.ғ.д., профессор О.Х. Мұқатова, т.ғ.д., профессор А.И. Құдайбергенова, PhD доктор М.М. Қозыбаева және т.б. ғалымдар баяндама жасады. Конференция жұмысы 1930-шы жылдардың басындағы Қазақстандағы ашаршылық және қазақ халқының іргелес республикалар аумағына ауа көшуі, мәжбүрлі көші-қон мен ашаршылық босқындары тарихының мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, талқылау және бағалауға арналды. Конференция жұмысына барлығы 100-ден аса адам онлайн және оффлайн түрде қатысты (25 адам тікелей және 71 адам онлайн (соның ішінде Қостанай мемлекеттік университетінің бір топ студенттері бір онлайн терезе арқылы) қатысты. Институт директорының орынбасары, т.ғ.к. Ақсұңқар Тұрсыновна Абдулинадан кейін сөз алған РҒА СБ Тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рынков Вадим Маркович өзінің конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде конференцияның арнайы тақырып шеңберінде өткізілуі проблеманың жоғарғы ғылыми деңгейде өткізілуіне және қарастырылатын тақырыптың терең ашылуына сеп болатының тілге тиек ете отырып, өткізіліп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференцияның келесідей артықшылықтарын атап өтті: а) жас мамандардың тартылуы; ә) ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық тақырыбының  аймақтандыру мәселесінің көтерілуі деп атап өтті. Сонымен бірге В.М. Рынков конференция нәтижелерін жариялауға дейін жақсы аналитикалық шолу жасап, Ресейлік ғылыми журналға, соның ішінде Новосибирск мемлекеттік университетінің журналында шолудың нәтижесіне орай: «Конференция қорытындысы бойынша аналитикалық шолу жасап, осы конференция тақырыбы аясында табылған өзекті жаңа материалдарды талдап жазып, бізге жариялауға берсеңіздер»деген өтінішін жеткізді. Болашақта адаспай анық қадам басуымыз үшін, біз өзіміздің тарихымызды жетік білуіміз керек, әсіресе ХХ ғасыр тарихын” деп нықтады Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбіл Еркін Аманжолұлы. 1930 жж. аштық қазақтардың локальды проблемасы емес (аштық - көшпелілерге тән құбылыс емес, аштықты ұймдастырған байлық жүйе емес) екенін дәлелдеп, аштыққа түрткі болған ең басты факторды Кеңес үкіметінің орнауымен тікелей байланыстырды: «30-жылдарындағы ашаршылықты жеке құбылыс емес, кеңестік құбылыс деп айту керек. Аштық кеңес үкіметіне тән құбылыс. Азық-түлік жетімсіздігін жасау кеңес үкіметінің саяси құралы болды. Осы тақырып өте өзекті, сол себепті бұл тақырыпты халықаралық дискурс ретінде көтеру керек». Өзінің жеке бастамасымен сөз алған «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмайл Ахметұлы Асиев конференция жұмысына сәттілік тілей отырып, «Шындықты объективті түрде айту керек, қазақ халқы ешкімге ешқашан жамандық жасамаған. Қазақ халқы бәрінен де көп зардап шеккен халық. Мұның бәрін кеңес үкіметінің басшылары жасаған. Конференциядағы мәселелер өте орынды қойылған» деп атап көрсетті. Аяған Бүркітбай Ғелманұлы (Мемлекет тарихы институтының директоры орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор) өз баяндамасында ашаршылық проблемаларына байланысты қырғыз ғалымдарымен бірлесіп жинақ басып шығарғаны жөнінде және күштеп жүргізілген ұжымдастырудың нәтижесі болған қазақ жеріндегі ашаршылықтың қырғыз елінде едәуір оңай өтуінің себептерін түсіндірді. «Қырғызтанның арнайы органдарына хат жазып материалдар алуымыз керек. 1939 Қырғызстанда қазақ халқы саны көбейіп кеткен. Қазақ халқы ашаршылықтан қашып көрші елдерге қашқанын статистикалық демографиялық мәліметтер дәлелдейді» деп ойын нақтылады. Мұстафа Шоқайдың Қазақстандағы ашаршылық туралы еңбектері тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танымал екені белгілі. Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы (Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің “Мұстафа Шоқай” ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі, Саяси ғылымдарының докторы, профессор) 1932-33 жж. аштық кезеңін шетел асып жүргеніне қарамастан қазақ елі үшін еңбек еткен Мұстафа Шоқайдың көзімен қарастырып, «Мұстафа Шоқай – Түркістандағы ашаршылық саясаттың қатал сыншысы» атты баяндамасында “Шексіз репрессиялар мен тәркілеулердің нәтижесінде нәтижесінде қазақ жері босап қалды”-деген қайғылы болса да, шын сөзімен аяқтады. «Мұстафа Шоқайдың «Түркістандағы совет үкіметінің ашаршылық саясаты Т. Рысқұловтың куә болуы» деген мақаласында ерекше материалдар бар. Осы еңбегінде М. Шоқай ресми мәліметтерге сүйене отырып: «Түркістандағы ашаршылықты кеңес үкіметі өзі ұйымдастырды деген қорытынды жасайды» деп атап көрсетті ғалым. Ресейлік әріптесіміз Аблажей Наталья Николаевна (тарих ғылымдарының докторы, РҒА СБ Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, Новосибирск қ., Ресей) 1932-33 жылдардағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ халқының босқындары сонымен қатар ұрпақтарын Шыңжаннан елімізге қайтару мәселесі қарастырылған баяндамасында қызықты мәліметтер берді. Құнапина Қайыркен Құдайбергенова (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессор м.а., Алматы қ., Қазақстан): «Жаңа Қазақстанда жаңа жетістікке жетудің көзі - Қазақстанның тарихын жаңадан ашық-қанығына жетіп зерттеуіміз керек»-дей отыра, мектептер мен ЖОО-дағы Қазақстан тарихы пәніне лайықты көңіл бөлінбеу мәселесін көтерді. Қамысбаева Қатира Балабекқызы (№ 146 орта мектеп мұғалімі, Алматы қ.,     Қазақстан) өз сөзінде Алматы қаласы ҰБТ таспсыру бойынша Қазақстан тарихы пәнінен 2020 жылға дейін 1-ші орында еді. Мектептерде сабақ сағаттарының қысқаруына байланысты бұл көрсеткіштің төмендеп бара жатқанын айтып, келесідей ұсыныстар жасады: Қазақстан тарихы сабағы сағаттарын орта мектеп бағдарламасында көбейту; Ғалымдар өткізетін конференцияларда мектеп оқытушылары мен оқушыларына арналған секция ашу; мектеп оқулықтарындағы түсініксіз тілден қол жетімді тілге ауыстыру; Ғалымдар мектеп оқушыларына тақырыптық дәрістер өткізу; хронологиялық оқиғалардағы бүтін нақтылыққа келу немесе тарих пәні бойынша мектеп оқулықтарында әр түрлі жылдар көрсетілген, сол себептен хронологиялық нақтылық керек, сол мәселені қарастыру; Тарихтан шығарылатын кітаптарға рецензияларды институт ғалымдары берсе, өйткені көп мектеп кітаптарының тілдері ауыр, қиын жазылған. Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің әлем тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, (Ташкент қ., Өзбекстан) Пасилов Баходир Абдуллаевич баяндамасында Өзбекстандағы ұжымдастыру процесін сөз етті. Мұхатова Оразгүл Хасенқызы өз баяндамасында Қазақстан тарихындағы босқыншылық проблемасын 3 кезеңге: 1.Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама; 2. 1916 ж. Ұлт азаттық көтеріліс; 3. 1932-33 ж. ашаршылық деп бөліп, әсіресе ашаршылық кезеңінің зардаптары мен қасіретінің тек архив беттеріндегі жазуларда ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа берілген халық санасында күні бүгінге дейін сақталып келетінін айтты. Қалтаева Дана Алмабекқызы - (“Қызылорда облысының мемлекеттік архиві” КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалының бөлім басшысы) 1932-33 жж. Аштық тек қазақ халқын тарыдай шашып қана қойған жоқ, сондай-ақ қазақ мәдени мұрасы да осы тұста ең ауыр кезеңдерін өткізді деді. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» патриоттық-танымдық клубының төрағасы Абдуллина Жібек Османғалиқызы да босқыншылық тақырыбына қатысты пікірлерімен бөлісті. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры, PHD Қозыбаева Махаббат Мәлікқызы шетелге қашуға мәжбүр болып, шекарада атылып, қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалған отандастарымыздың аты ақталып, ұрпақтары оралуы керек деп есептеді. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторанты Стамшалов Еркін Иманғазыұлы «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңіріндегі қарулы босқыншылық көріністеріне қатысты архив құжаттарына негізделген  мәліметтермен таныстырды. Сонымен бірге босқыншылықтың аймақтық ерекшеліктерін ашатын баяндамалар да ұсынылды. Мысалы: Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Курманов Зайнидин Карпековичтің «Қазақ ашаршылығы мен Қырғызстандағы босқындардың мәселелері туралы», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызының «Ашаршылық жылдарындағы босқыншылықтың Өзбекстанға қашқан қазақ босқындары (1929-1933 жж.) атты,. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Байдалы Рауан Жомартұлының «Қарақалпақ жеріне қоныс аударған қазақ босқындарының қоныстануы мен бейімделуі», А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Исенов Өтеген Ихсанұлының Түркменстанға босқан қазақтар туралы және т.б. баяндамалары босқыншылықтың аймақтардағы ерекшеліктеріне арналды. Конференция соңында көрсетілген, ұсынылған ұсыныстар негізінде Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының шешімі қабылданып, офлайн түрде конференция жұмысына қатысқандар ұжымдық фотоға түсті. Ескерте кетсек, конференция жұмысында қаралған мәселелер баспаға даярланып, арнайы жинақ ретінде жарияланатынына назар аударамыз. Баяндамаларға қызыққан оқырмандар болса, жыл соңына қарай Институтқа хабарласып, аалуына болады.  

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының докторы А.И. Құдайбергенова