Мәжіліс депутаты: Президентті бір мерзімге сайлау – демократиялық қоғамның айқын көрінісі
Мәжіліс депутаты: Президентті бір мерзімге сайлау – демократиялық қоғамның айқын көрінісі
Фото: naqtygazeti.kz
265
оқылды
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде елорданың атауын Астанаға қайта ауыстыру және президентті бір мерзімге сайлау мәселелері қаралды. Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбсембетова Әлия өз пікірін білдірді. Депутат, елорда атауын Астанаға ауыстыру мәселесі қоғамда өте көп пікірталас пен қайшылық тудырып, кеңінен талқыланып жүрген мәселе екеніне тоқталып өтті. Қоғамның ойы мен пікірі ескерусіз қалса, бұл демократиялық жүйенің сипатына қайшы келеді дегенді де қоса айтты.
«Мемлекеттік құрылымдардың жүйесін толығымен қайта қарап, көптеген өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл өзгерістердің барлығын үкімет ойдан құрап жатқан жоқ. Депутаттардың, шенеуніктердің өңірлерге сапары кезінде халықтың айтқан талап-тілегі, сұраныстары мен өтініштері негізінде жасалып жатыр. Өз басым, бір жылдың ішінде шалғай ауылдарға бірнеше мәрте бардым. Сондағы айтылған мәселелер, өтініштер, толығымен тіркеліп, тиісті органдарға жіберілді. Бұл тұрғыда мен Астананың атауының өзгеруі жаппай халықтың талап-тілегі негізінде орын алды деп баға берер едім және өз басым ешқашан халықтан биік емес екенімді, сондықтан олардың пікірін қолдайтынымды айтқым келеді» – деп түсіндірді Әлия Маратқызы.
Мәжіліс депутаты президент өкілеттілігіне қатысты өзгерістер жайлы да пікірін білдірді.
«Президент өкілеттілігін бір реттік жеті жылдық мерзіммен шектеу туралы айтар болсам, бұл елімізде орын алып жатқан саяси шешімдер мен реформалардың заңды жалғасы. Біз еститін мемлекет қағидасын толығымен қолдаймыз. Сол тұрғыда мемлекет басында отырған адам өзін сайлаған халқына жауапкершілікпен қызмет етіп, айтқан уәдесіне берік болуы тиіс. Ал бұл өзгеріс президентке жүктелген жауапккершілік жүгін арттырып, халық алдындағы міндеттерін уақытылы әрі қалтқысыз орындауға кепіл бола алады. Бұл демократиялық қоғамның айқын көрінісі деп есептеймін. Жалпы елімізде болып жатқан өзгерістер халық үшін оң шешім боларына сенемін» – деп атап өтті депутат.