Қостанай облысындағы өртке қатысы бар алғашқы күдікті қамауға алынды
Қостанай облысындағы өртке қатысы бар алғашқы күдікті қамауға алынды
Қостанай облысындағы өрт/Видеодан кадр: Төтенше жағдайлар министрлігі
454
оқылды
Қостанай облысындағы алапат өртке қатысы бар алғашқы күдікті қамауға алынды. Қолына кісен салынған Басаман орман шаруашылығы мекемесінің басшысына лауазым өкілетін теріс пайдаланып, ауыр зардапқа әкеп соқтырды деген айып тағылған. Жалпы, табиғи апаттан кейін облыстық прокуратура үш бірдей қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Нұрсұлтан Сатубалдин, Қостанай облысы прокуратурасының басқарма прокуроры: - Әулиекөл ауданында орман қорының өртену фактісі бойынша биыл 4 қыркүйектен бастап прокуратурамен ҚК 202-бабының 3-бөлігі, атап айтқанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірілген біреудің мүлкін қасақана бүлдіру және ҚК 341-бабы 2-бөлігі ормандарды жою немесе бүлдіру бойынша қылмыстық істер тергелуде. Биыл 15 қыркүйекте сотпен мекеме басшысына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Тергеу жалғасуда. Құзырлы органның мәліметінше, күллі елді есеңгіреткен Қостанайдағы өрт Басаман орман шаруашылығында басталған болатын. Сол уақытта мекеменің басшысы от тұтанған аумаққа орманшылар бармаған деп ашық айтқан. Қазір күдікке ілінген Асхат Жақашев бесінші дәрежелі өртпен күресуге қауқарсызбыз деп айтқан еді. Содан кейін қызыл жалын күш алып, тұтас Әулиекөл ауданына таралған. Өрт сөндірушілер апта бойы алысқан тілсіз жау 43 мың гектар орман алқабы мен 91 үйді күлге айналдырды. Бір адамның мәйіті үйіндінің арасынан табылды. Екі мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Үйі мен дүние-мүлкінен айырылған жандарға қазір жаңа үй салынып жатыр. Құрылыс екі жарым айда аяқталады деп жоспарланған. Өрттен зардап шеккен ауыл ағайынына елдің түкпір-түкіпірінен гуманитарлық және қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Дереккөз: ulysmedia.kz