Болат Әбіловке жала жапқаны үшін жарты миллион теңге айыппұл салынды
Болат Әбіловке жала жапқаны үшін жарты миллион теңге айыппұл салынды
Белгілі кәсіпкер Болат Әбіловке жала жапқаны үшін жарты миллион теңге айыппұл салынды. Біраз күн бұрын Алматы қалалық соты Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) қаулысын күшінде қалдырған болатын. Әбіловке тағылған айыппұл туралы адвокат Абзал Құспан Facebook парақшасында хабарлады. Ол, Жоғарғы Соттың сайтында жарияланған сот шешімінен кейін полициядан Болат Әбіловке қатысты шара қолдану туралы арыз түсірген. Абзал Құспанның айтуынша, Әбілов оны «қызыл адвокат», «билік адамы» деп атап, «Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған адамдарды көре тұра ешқандай көмек көрсетпеді» деп жала жапқан.
«Мына сөздерді тыңдаған адам бізді, яғни комиссияны адамдарды ұрып жатқан сәтте камераға келіп, ешқандай көмек көрсетпестен кетіп қалды және біз кеткеннен кейінде азаптау жалғасқан деп тура түсінеді, солай ғой?» – деп жазды Абзал Құспан.
Адвокат сотқа жүгінудегі басты себебін «Әбілов бізді қоғам алдында жамандап, мені ғана емес, бүкіл комиссияға да жала жапты» деп түсіндірді.
«Құқық бұзушылық бойынша Ә.-ның жауапкершілігін ауырлататын осыған ұқсас оқиғалардың жоқ екенін және жасы 63-тен асқанын ескере отырып сот оған 180 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды көздеп отыр. Бұл 551 340 теңгені құрайды. Сотта А. кінәсін мойындамады, ал жәбірленуші Қ. заңға сәйкес құқық бұзушыны жауапқа тартуды сұрады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады», – деп хабарлады МАӘС.
8 қыркүйекте апелляциялық сот әкімшілік сот шешімін күшінде қалдырды.