Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 3,7 миллионнан астам жас бар. Түркістан және Алматы облыстары жастар саны бойынша көш бастап тұр, әйтсе де, бұл аймақтарда жастарды тұрғын үймен қамтитын өңірлік бағдарлама жоқ. Үкіметте 2025 жылға дейін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, «Отбасы» банкінің жеңілдетілген ипотекасы бағдарламасы барлық өңірде іске қосылатыны айтылды. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасында барлық тұрғын үй бағдарламасы аясында жастар үшін 25 пайыздық квота енгізу көзделіп отыр. Оған дейін кей өңірлер жергілікті бюджеттен жастардың баспаналы болуына тиімді мүмкіндіктер ұсынуда. Алматы мен Астанада жүзеге асырылып бастаған жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламалары жыл соңына дейін басқа да аймақтарда жалғасуы керек еді – биліктің уәдесі сондай. Биыл екі аймақ – Қарағанды мен Жамбыл облыстары осы көшке ілесті.
Сонымен, жастарды тұрғын үймен қамту мәселесін қолға алған алғашқы аймақ – Алматы қаласы. Биылғы дерекке сүйенсек, алып шаһарда 382 мыңға жуық жас бар. 2020 жылы «Алматы жастары» бағдарламасы іске қосылып, 35 жасқа дейінгі медицина, білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, әлеуметтік салада жұмыс істейтін жастар үйлі болды. Өтінім беру, статус бақылау, өткен-өтпегендердің тізімі almaty-zhastary.kz сайтында көрініп тұрады. Ұпай есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Жұмыс өтілі әр жылы үшін 2 балл, некедегі жылдарына 1 балдан, әр балаға 1 балдан және әлеуметтік осал топқа жататын болса 5 балл есептеледі. Ұпайы жоғары азаматтарға жолдама беріледі. Бағдарламаға енгізілген алғашқы жылы 13 млн теңгеге дейінгі баспанаға 5 пайыз мөлшерлемемен қарыз берілді. Бастапқы жарна – 10%, несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін. Жаңа және екінші нарықтағы баспананы алуға мүмкіндік беріледі. Кейінгі жылдары бұл сома нарықты зерттей отырып, 18 млн теңгеге көтерілді. Бағдарлама жыл сайын мың азаматты қамтуға тырысады. Өтінім берушілердің саны 10-12 есеге көп: 2021 жылы – 9 741 жас, биыл 11 мыңнан көп адам өтінім берген. Жергілікті әкімдік биыл үш жыл өткізілген бағдарлама жалғасатынын айтқан.Бұдан кейін елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің 2021-2023 жылдарға арналған Elorda zhastary бірлескен жобасы жүзеге асты. 2022 жылғы ресми дерекке сүйенсек, биыл бас қалада 232 мыңнан астам жас тұрады. Аталмыш бағдарламаның Шарттары «Алматы жастары» бағдарламасының талаптарымен бірдей, тек балл есептеу тәртібі өзгеше. Өтінім бағдарлама порталында қабылданады. Биыл өтінім қабылдау уақыты белгісіз. [caption id="attachment_218088" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Сондай-ақ, биыл маусымда Қарағанды облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп, жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Жаңа жобаны жүзеге асыруға бірінші кезеңде облыс әкімдігі 1 млрд теңге, ал Отбасы банкі 500 млн теңге бөлді.
Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен аспауы керек (ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 теңге). Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Отбасы банк тұрғын үй сатып алуға 20 млн теңгеге дейін қарыз берді. Бастапқы жарна – 10%, несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі мұнда да – 5%. Бүгінде бұл облыста 258 мыңға жуық жас бар, 18-35 жас аралығындағы 68 мыңнан астам азамат өз баспанасына ақша жинап жатыр. Шілде айында бұл игі бастаманы Жамбыл облысының әкімдігі жалғастырып, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Бүгінде бұл өңірде 242 мыңнан астам жас тұрады. Жоба шарты бойынша бағдарламаға қатысушылар өтініш берген кезде Жамбыл облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы тиіс, табысы да ескеріледі. Отбасының әрбір мүшесі үшін 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Бағдарламаның алдыңғылардан айырмашылығы – бастапқы жарна – 5%. «Отбасы» банкі тұрғын үй сатып алуға 13 млн теңгеге дейін несие берді және несиенің төлем мерзімі 19 жылға дейін. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі мұнда да – 5%. Биыл бұл жобаға 591 адам қатысқан. Басқа ипотека бағдарламаларында қамтылған санатқа жатпайтын, төлем қабілеті бар 50 жасты баспанамен қамту үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Ал келесі жылы облыстық бюджеттен 1 миллиард бөлініп, 100 пәтер беру жоспарлануда. Одан бөлек «Отбасы» банкі 2023 жылы 500 миллион немесе 1 миллиард қосымша қаржы бөлуді қарастыруда.Өкінішке қарай, жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын ұйымдастыру тетіктері әлі де жетілдіруді талап етеді. Жоғарыда аталған бағдарламаларға қатысушылар өтінім қабылдайтын порталдардың жұмысы көп наразы боп жататынын білеміз: ұпайдың дұрыс есептелмеуі, құжаттың базада көрінбей қалуы, қызмет саласының ауысып кетуі және тағысын тағылары. Әйтсе де, бұл өңірлердің бағдарламаны іске қосып, бюджеттен қаражат бөлгенінің өзі қуантарлық жайт. Бұдан өзге өңірлерде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары жоқ. Биыл жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімдігі «Жетісу жастары» бағдарламасын жүзеге асыруды пысықтап жатыр, жұмыс істейтін жастар үшін бастапқы жарнасыз ең жоғары қарыз сомасы (қосымша кепіл болған жағдайда) 10 млн теңгені құрайтын жобаны іске асыру 2022 жылдың екінші жарты жылдығында жоспарлануда. Жастар саны (480 мыңға жуық) бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысынан жастарға арналған тұрғын үймен қамтудың бірде-бір өңірлік бағдарламасын таба алмадық. Сондай-ақ, кей аймақтарда баспананы сатып алу құқығынсыз бес жылға жалға беретін жобалар ұйымдастырылуда, бірақ олардың өзі саусақпен санарлық.
Асыл ТҰМАР