Елде соңғы жылдары несие мәселесі күрделі тақырыпқа айналды. Қазір Қазақстанда 1,3 млн азамат несиесін 90 күннен асырып алып, өтей алмай жүр. Оның үстіне, микроқаржы ұйымдары да халықты «бір аяқтан шалып» бағуда. Мұның бәрі қаржы саласындағы ахуалды қиындата түсті. Құзырлы органдар бұдан былай микроқаржылық ұйымдардан көп азамат несие ала алмайтындай етіп әрекет етпекші. Бірақ кезекті амал нәтижесін бермейтіндей күмән бар.Микроқаржы ұйымдары міндетті «менсіне» ме?
Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредиттік ұйымдардың жұмыс ережелерін өзгертуге талпыныс жасап жатқанын мәлімдеді. Микроқаржылық ұйымдардың қызметі бойынша түзетулер жобасы қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында жарияланды. Жаңа талаптарға зер салсақ, енді несие алу да, беру де қиындай түсуі мүмкін. Әуелгі сұрақ: қарыз алушылар үшін қандай шарттар өзгермек? Қазір микроқаржылық ұйымдар клиенттердің несиені төлеу қабілетін өз қалаулары бойынша бағалайды. Нақтырақ айтқанда, болашақ қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) әр ұйымда дербес әдіс арқылы есептеледі. Болашақта бұл талап болмауы мүмкін. Себебі жаңа заң жобасында мұны алып тастау ұсынылған. Оның орнына ортақ формула енгізілмек. Несие сомасын толығымен жабатын автокөлік, жылжымайтын мүлік және қомақты қаржыны кепілге қойып берілген несиелерді қоспағанда, борыштық жүктеме коэффициентін есептеу барлық микронесие бойынша жүргізілуі керек. Тағы бір өзгеріс, борышкердің жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкінің болуын ескермеу де ұсынылып отыр. Сонымен қатар борыштық жүктеме коэффициентін есептеу кезінде клиенттің 3 айдан 12 айға дейінгі кезеңдегі ресми кірісі ескеріледі.
Микроқаржылық ұйымдардың ең төменгі меншікті капиталына қойылатын талаптар кезең-кезеңімен 200 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Яғни, микроқаржы ұйымдары үшін міндетті ең төменгі меншікті капитал 100 млн теңге болып белгіленді. Ал 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап 150 млн теңгеге дейін ұлғаюы керек, ал 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 200 млн теңгеге дейін артады. Бұл ретте 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеуден өткен МҚҰ-лар үшін ең төменгі меншікті капитал енді 70 млн теңгеге жетпек.
2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген және Астана, Алматы, Шымкент немесе облыс орталығында жұмыс істейтін несие серіктестігі үшін 2022 жылдан бастап капиталға қойылатын талап 50 млн теңгені құрайды. Басқа есеп аймақтарда тіркелген несие серіктестігі үшін биылдан бастап меншікті капиталға қойылатын ең төменгі талап 15 млн теңгені, ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 млн теңгені құрайды. «Капитал резервіне қойылатын қазіргі талап бойынша 10 теңге шағын несиеге 2 теңге капитал қажет. Жаңа талаптар бойынша 10 теңге шағын несиеге 5 теңге капитал қажет», – деп жазылған жобада. Бұған қоса, проблемалық қарыздардың өсуін шектеу үшін микроқаржылық ұйымның бүкіл портфелінің 20 пайыздан аспайтын шекті сома белгілеу ұсынылған.
Бұған дейін-ақ басынғандар
Шынын айтар болсақ, жаңа заң жобасына сенім аз. Микроқаржы ұйымдарына қатысты мәселелерді шеше қоймайтын сыңайы бар. Осыған дейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі микроқаржы ұйымдарының банкке айналуына рұқсат еткенін білеміз. Қажетті норматив, талап, құқықтық база жасалды. Негізі, бұл ұйымдар қазірдің өзінде банктермен теңесе алады. Өйткені активтері 1 триллион теңгеге жуықтады. Сарапшылар микроқаржы ұйымдары – дамуда кенжелеп қалған елдерге тән екенін, ал дамыған елдерде жоқ екеніне назар аудартады. Олар шектен тыс жоғары сыйақы алып, тұрмысы төмен жандардың ахуалын тіптен нашарлататын көрінеді. Ranking мониторинг агенттігінің мәліметінше, қазір микроқаржы ұйымдары белсенділіктің шырқау шегіне жеткен. Тек бір жыл ішінде осы ұйымдардың қарыз портфелі бірден 62 пайызға ұлғайған. Осылайша, олар қаржы нарығындағы ең қарқынды дамушы секторға айналды.
Биылғы бірінші тоқсанда ұйымдар берген микрокредиттер сомасы 756,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғыдан 62,1 пайызға көп, рекордтық көрсеткіш саналады. Жалпы алғанда, соңғы бес жыл бойы микроқаржы ұйымдарының несие сомасы жыл сайын орта есеппен 47,4 пайызға артып отырды. Мұндай қарқынды әрі орнықты өсім өзге салаларда сирек кездеседі.
Қазақстанда заң бойынша банктер мен микронесие ұйымдары беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі қатаң шектелген. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің, яғни ЖТСМ-нің шекті көлемі кепілзатсыз банктік заемдар мен микрокредиттер бойынша 56 пайыздан аспайды. Кепілзат қойып алынған заемдар бойынша ЖТСМ-нің шекті мәні – 40 пайызға, ипотека бойынша – 25 пайызға дейін. 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін, сомасы 50 АЕК-тен аз болатын кепілді микронесиелер бойынша ЖТСМ 20 пайыздан аспауы шарт. Алайда микроқаржы ұйымдары бұл талапты сақтамайды. Дәлірек айтқанда, оны айналып өтудің жолын тапқан. Микронесие сыйақысы заңдағы нормативтерге сай болады, бірақ егер клиент келісімде жазылған шарттардың бірін бұзса, сыйақысы шарықтап шыға келеді. Қазақстандық мамандандырылған Allbanks порталы микроқаржы ұйымдарынан 5-10 миллион теңгедей шағын несиені жылдам рәсімдеп алуға болатынын, бұл ретте ЖТСМ 739 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен. Бұған қоса, кредитті уақытылы төлемесе, өсімпұл есептеледі, оның мөлшері алдын ала келісімде көрсетіледі. Әйткенмен, мұны олар кейде APR деген терминмен бүркемелеуі мүмкін. Бұл Annual Percentage Rate, яғни максималды жылдық пайыздық мөлшерлеме дегенді білдіреді. Дамыған елдерде бұл – ЖТСМ-нің синонимі. Ал Қазақстанда қарыздан байлық жиғандар оның өңін айналдырып, шамадан тыс пайда табудың құралы ретінде қолданады. Мысалы, Koke.kz маркасымен белгілі Creditum МҚҰ-сының жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 1,22%-дан басталады. APR-ы – 365%. Tengo.kz маркасымен танылған Sofi Finance МҚҰ-сында да ресми ЖТСМ – 1,22%-дан басталып, APR-ы – 365%-ға жетеді. Zaimer.kz маркасын пайдаланатын «Робокэш.кз» МҚҰ-ның ЖТСМ-ы 0,12%-дан басталады. APR-ы – адам сенбес 739,86%. Creditplus.kz маркасын иеленген Kredit Seven Kazakhstan МҚҰ-сының ЖТСМ-ы – 3,72%-дан басталып, максималды жылдық пайыздық мөлшерлемесі 730%-ға жетеді. Soscredit.kz микроқаржы ұйымы да қу бастан қуырдақтық ет қырқуға шеберленген: халықты 0,01%-дан басталатын несие алуға шақырады, әйтсе де APR-ы – 180%-ға барады.
Құзырлы органдар немқұрайды қарайды
Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев микроқаржы ұйымдарының өрістеуіне құзырлы органдардың өзі себепші болып отырғанын айтады.
«Қарыздық жүктеме коэффициентіне қарыз алуға өтініш беруші сай келмесе, банк оның несие тарихы жақсы болса да несие бермеуі тиіс. Ал бізде несиелер бұрыннан қолжетімді. Себебі банктер, микроқаржылық ұйымдар несие беруге құлықты. Тұтынушыларының ізін аңдып отырады. Бірақ ойланбай несие берсе, кейін проблемалық несиелер де арта береді. Егер олар сол талапты қатаң сақтаса, несие беру көрсеткіші төмен болса да, қарызды қайтармайтындардың саны аз болатын еді. Бұл жерде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің жөн-жосықсыз несие беруін тежеу керек немесе заңсыз жұмыс істеуіне тосқауыл қоюы керек болатын. Себебі халыққа «азық-түлікті несиеге алма, несиеге телефон, көлік алма» деп айта алмаймыз. Агенттік екі жылдан бері жұмыстар жүргізіліп жатыр деп статистикасын көрсетеді. Бірақ белгілі бір банктерді ғана тексере ме, әлде үлгермей ме, белгісіз?! Нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Егер түгелімен бірін қалдырмай тексеретін болса, берешектің көрсеткіші артпаушы да еді», – дейді сарапшы.
Жасыратыны жоқ, ұйымдарға жүгінетін жұрттың басым көпшілігі – қарызын уақытылы қайтаруға қауқарсыз жандар. Яғни, олар осы үш әріптің астарында жасырылған тұзаққа түсіп қалады, барлық есепшоты, банктік карталары бұғатталып, міскін халге түседі, тағдырдан теперіш көреді. 2020 жылы Ұлттық банк микроқаржы ұйымдарының дамуына кедергі болған шектеуді жойды. Енді микроқаржы ұйымдары бәрін қойып, қорландырудың жаңа көзіне қол жеткізді. Олар биржадан, қор нарығынан, тіпті шетелдегі халықаралық қаржы ұйымдарынан арзан несие тарта алады. Бұрын мұндай мүмкіндігі болмаған. Бүгінде қазақстандық микроқаржы ұйымдары негізінен сырттан, халықаралық қаржы институттарынан заем тартады. Мысалы, KMF ұйымының міндеттемелері құрылымында 91,7 пайызы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше дамыған елдердің қаржылық ұйымдарынан тартылған қарыз саналады. Міне, осыдан-ақ мән-жайды біле беруге болады. Қайткен күнде де, микроқаржы ұйымдарына тықыр таяды деп жар салуға ерте. Ал екі ортада қарызданған қарапайым халықтың жайы алаңдатып тұр.