«Түнделетіп жүрген балаларды полиция басқармасына алып келіп, заңды өкілдерін шақыртамыз. Көп жағдайда ата-аналар айтқаныңды түсінбейді. Керісінше, немқұрайлық танытатын сәттер аз болмайды. Баласы бірінші рет ұсталса, ескерту беріледі. Бір жылдың ішінде екінші рет ұсталса, материалды жинап сотқа апарамыз. Егер жағдай бірнеше рет қайталанса, баланы есепке аламыз. Ары қарай біз жасөспіріммен жеке жұмыс жүргіземіз. Кейбір балалар айтқанды түсінеді. Енді бірі сөзіңді құлаққа ілмейді. Мысалы, осындай жедел алдын алу шараларында бірнеше рет ескерту жасалған балалар бар. Олардың арасында тоңып та, тойып та секіретін жеткіншектер көп. Көбінесе толық емес отбасылардан шыққандар мен басқа өңірден оқуға келгендердің арасында бақылаусыз қалғандары көп», – дейді полиция капитаны Айсұлу Амангелдіқызы. Сондай-ақ ол көңіл көтеру орындары мен саяжайларға тұрақты тексеріс жүретінін жеткізді. Себебі жеті түнде үйінен шығып, өз бетінше сауық-сайран құратын қыз балалар да көп. Көңілді отырыстың соңы он екіде бір гүлі ашылмаған жасөспірімнің жүрегіне қаяу түсіріп, жеткіншектер арасында қанішердің қолынан қаза табатын оқиғалар да кездеспей қалмайды. «Көше кезіп, сайран құратын ұлдар да, қыздар да жетерлік. Ұл балалардың дені футбол алаңдарын, компьютер клубтарын жағаласа, қыздардың көбі кездесіп жүрген жігітімен қыдырғанды ұнатады. Бірақ түндегі жүріске жауапкершілік қаралатынын жеткізсең, «өзіміз де жас болдық қой» деп ақталатын ата-аналар болады. Алайда заңның талабын орындау керек. Балалардың ата-анасына 3 АЕК, ал көңіл көтеру ұйымдарының қожайындарына 10 АЕК-те айыппұл саламыз. Жағдай бірнеше рет қайталанса, заңды орындатушы орындарға жағдайды баяндап хат жазамыз. Олардың арасында да сөз түсініп, келген қонақтардың құжаттарын тексеріп кіргізетін жағдайлары болады», – дейді ол. Алайда әңгіме ауанынан ұққанымыз, 18 жастан бастап кіруге рұқсат етілетін көңіл көтеру орындары заңның талабына түкіргені бар. Кейбір жағдайда келушілердің мазасын алып, кештің шырқын бұзған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өкпесі қазандай қожайын кездесіп жататын көрінеді. Қала берді, қазіргі жасөспірімдер ересек көрінетінін, қонақтардың көп болғанын айтып сылтау табатындары болады. «Біздің күнделікті жұмысымыз – балалардың ата-анасына түсіндіру. Әйтсе де, айтқаныңнан қорытынды шығаратындары аз. Жағамызға жармасатындары да кездеседі. «Үйдің іші ыстық, бір уақыт таза ауада жүрсе не болыпты? Таңертеңнен кешке дейін сабаққа барады, бір рет кешіре салуға болады ғой» деп салғыласып тұрып алатын ата-аналар көп. Олардың арасында ата-анасына бағынбайтын балалар да бар. Толық емес отбасының балалары «Сұраған дүниемді әпермеді, сыйластық танытпайды» деп ренжиді. Тоқшылық пен баршылық та бүгінгі балалардың бетін қақпай өсіреді. Не істеп, не қойғысы келетінін өздері шешкісі келеді. Жасөспірімдердің жеке саяжайларда көңіл көтеретін жағдайлары да жиі кездеседі. Коттедждің қожайындарына үнемі ескертеміз. Сөйтсек, ересек адамдар арқылы жалдап, артынша жалға алған жерге жасөспірімдер жиналады екен. Ал ішімдік ішудің соңы неге ұласары белгілі», – дейді Айсұлу Амангелдіқызы.Құқық қорғау қызметкерлерінің қарасынан қаймықпайтын кәмелетке толмағандар да бар. Түнгі тексеріс кезінде осындай бірнеше көрініске куә болдық. Кейбір жасөспірімдер полицейлердің ата-анасына қоңырау шалу туралы талабын орындағысы келмей қасарысып бақты. Мұндай кезде әр баланың мінез-құлқын жақсы білетін жауапты органның өкілдері әртүрлі әрекетке көшеді. Бірде алдарқатып, енді бірде қаталдық танытпаса тағы болмайды. Айналдырған бір жарым сағаттың ішінде түнгі қаланың тыныштығын кетірген 15-тен аса жасөспірімнің ата-анасына ескерту берілді. Түнгі рейд таңға дейін жалғасса, бір күнде 100-ге жуық «жарғанат» жасөспірім ұсталады екен. Алайда сол күні көңіл көтеру орындарына тексеріс жасаудың орайы келмеді. Өйткені көңіл көтеру орындарын тексеруге құқық қорғау қызметкерлерінің кез келген уақытта құзыры жүрмейді. Яғни, жеке кәсіпкерлікке жататын компьютер клубтары, дәмхана мен түнгі клубтарға кіру үшін басшылықтың бір жапырақ рұқсат қағазы керек. Ол болмаса түнгі клубтағы көңілді кештің көрігін қыздырып жүрген жеткіншектерге жақындау түгілі, есіктен бір адым аттап басуға болмайды. Қызметкерлердің сөзінше, кестеге сәйкес әрбір жұма және сенбі күндері Ювеналдық полиция тобының жоспарлы рейді жүргізіледі. Дегенмен сол күні полицейлердің көңіл көтеру орындарына кіруге рұқсат ететін қағаздары болмай шықты. Бұл жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салып, көңіл көтеру орындарына талапты орындату қиынның қиыны екенін көрсетіп берді.
Түнгі жортуыл: қала ұйықтағанымен бала ұйықтамайды

864
оқылды
оқылды