Шымкент қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бұрынғы басшысы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты сот отырысы өтті. Полиция полковнигі 1 жыл 11 айдың ішінде қарамағындағы қызметкеріне 3 миллион 194 мың теңге мүліктік залал келтірген. Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Ғани Байарыстан дәлелденген деректерді оқып бергенде, қатысушылардың барлығы да таңданысын жасыра алмады. Жәбірленушінің, яғни жергілікті полиция басқармасы қызметкерінің басшысына қымбат сатып алудың 12 фактісі сотта дәлелденді. Естеріңізге сала кетейік, жыл басында әлеуметтік желіде өзін Шымкент полициясында рота командирі, офицер деп таныстырған жігіттің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлынан араша сұраған бейнежазбасы жарияланғаны туралы жазғанбыз. Ол Ішкі істер министрлігі Шымкент Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Мұхтар Бұхарбаевтың үстінен шағым түсірсе де, полковниктің орнында отырғанын айтып, араша сұраған. «М.Бұхарбаев өз қызметін пайдаланып мені өзіне қымбат заттар алып беруіме мәжбүрледі. Тергеуге бірнеше дәлелдемені ұсынсам да, Бұхарбаев әлі күнге дейін өзінің жұмысын жалғастырып келеді. Мұны қалай түсінуге болады? Ол әлі күнге дейін өзінің қитұрқы әрекеттерін жалғастыруда. Жазған шағым хатымды қайтарып алуым үшін белгісіз біреулер арқылы 10 миллион теңге ұсынды. Бірақ мен адал полицей ретінде ондай ақшаны алмаймын. Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов неге оны осы уақытқа дейін ұстап отыр? Президент мырза, мен полицейлердің барлығы да адал болғанын қалаймын. Ел тыныштығы үшін адал қызмет атқарамын» деп атап өткен бейнежазбада. Пікір білдірушілер бұл жігіттің Бұхарбаевтың қарамағында қызмет атқаратын Азамат есімді офицер екенін айтқан. Сонымен бірге ол Facebook әлеуметтік желісінде скринделген бірнеше дәлелдеме жариялаған. Онда полковник өзінің қызметін асыра пайдаланып, қызметкерлері арқылы үйіне бағалы жиһаздар, шыршалар, ұшақ билеттері мен иіссулар, құлаққап алдырған. Тіпті, біреулердің нөмірін қалдырып, оның есепшотына ақша аудару жөнінде де тапсырмалар берілген. Скриннен байқағанымыздай, полковник Мұхтар Қыдырәліұлы 2019 жылдан бері қызметкерін мәжбүрлі түрде қанап отырғанға ұқсайды. 2019 жылдың 12 қазанында уатсап арқылы өзінің жеке төлқұжатын жіберіп, Астанаға ұшаққа билет алдырудан бастаған. Одан ары қарай тұрмыстық қажеттілік заттарымен жалғаса берген. [caption id="attachment_218466" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Міне, жуырда Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты осы іске нүкте қойды. Дәлелденген 12 деректің ішінде полиция полковнигінің қарамағындағы қызметкеріне дүкеннен 1 млн 100 мың теңгеге жиһаз сатып алуды талап еткені де бар. Сонымен бірге әлгі қызметкер басшысына 320 мың теңгеге iPhone сатып алған. Ол 588 мың теңгеге қымбат дүкеннен белгілі фирманың киімін сатып алған. Ол жүргізушімен және зардап шеккен Айымбетовпен бірге дүкенге барып, оны сол жерде киіп көріп, кигізгенін сатушылар да растаған. Олар сотта жасы үлкені күртешені өлшеп, екіншісінің төлегенін айтты. Зардап шеккен полиция инспекторы сатып алған ақшаны төлеген. Дәлел ретінде сатушылардың айғақтары мен тауардың шот-фактуралары іске қоса тіркелген. Сондай-ақ жәбірленушіге ірі көлемде қарыз берген куәгерлердің де жауабы алынған.
Бұдан бөлек, сотта прокурор Мұзаффар Мүтәліпов айыптау анықтамасында тағы бірнеше дәлелдеме оқып берді. «Айымбетов Бұхарбаевқа Нұр-Сұлтанға 50 мың теңгеге, Шымкентке 21 мың теңгеге билет сатып алған. 2019 жылдың желтоқсан айында ол 80 мың теңгеге сағат, 320 мың теңгеге iPhone телефонын сатып алған. 2020 жылдың сәуір айында үйге әрқайсысы 31 мың теңгеден екі шырша, 159 мың теңгеге әртүрлі заттар сатып алған. 2020 жылдың мамыр айында 193 мың теңгеге иіс су алып берсе, маусым айында 242 мың теңгенің киімін төлеген. Қазан айында 1 миллион теңгеден асатын жиһаздың қаржысын төлеген», – деп атап өтті прокурор.Полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаев сот үкімімен ҚР ҚК-нің 362-бабы «Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қауіпсіздігі орташа мекемеге қамалды. Сонымен қатар жергілікті полиция басқармасының бұрынғы басшысы өмір бойына мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ және тараптар оған шағымдануға құқылы. Құқық қорғау органдарындағы мұндай жүйесіздіктер тәрбие жұмысының ақсап жатқанын айғақтап-ақ тұр. Ал жұрттың полицей десе, жиырылып қалатыны осындайлардың кесірінен болса керек. Қарап отырсаңыз, мұндай тойымсыз полицейден ұлт намысын ойлайтын бұзақы абыройлы болып тұрған сияқты...
Шымкент қаласы