Ел Президенті осы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Ендеше басқа-басқа, дәл биыл бала құқығын қорғауға басымдық берілсе керек. Әсіресе, ата-анасының мақсат-мүддесі бір арнаға тоғыспағандықтан, шаңырағы шайқалған отбасылардың жазықсыз жаутаңдаған балалары барынша көңіл бөлуді қажет етеді. Солтүстік Қазақстан облысында бауыр еті баласына алимент төлеуден қашқандар түрмеге тоғытылатын болды. Қазірдің өзінде 280 ер адам мен 11 әйелге қоғамнан аластатылу қаупі төніп тұр. Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, өңірде 291 адам баласынан безіп, алимент төлеуден жалтарып жүр. Айта кету керек, олардың бәрі бірдей қашқын әке емес, арасында безбүйрек аналар да бар. Көкек ата-аналардың өз балалары алдындағы жалпы қарызы – 320 миллион теңге. Жыл басында бұл қарыз 591 миллион теңге болған екен. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде азайғанынан қалғаны осы. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттардың айтуынша, ажырасып кеткен соң өз балаларына алимент төлеуден қашқақтайтындар жылдан-жылға көбейіп барады. Прокурор айтқандай, алимент бойынша атқарушылық іс жүргізу жыл сайын 12 пайызға артуда. Бауыр еті баласын жалғыз тәрбиелеп отырған тарап мұндайда сотқа жүгінуге мәжбүр. Дегенмен сот шешімі шыққанымен, іс бітпейді. Қолдарында өз пайдасына шығарылған сот шешімі бар тарап одан соң алимент төлеушіні іздеп табу үшін шарқ ұрады. Бұл да оңай шаруа емес. Көбіне әйелдер өз баласынан қашқан безбүйрек әкелерді іздеп полицияға жүгінуге мәжбүр. Жауапсыз әкені полиция айлап-жылдап іздесе де, таба алмауы ғажап емес. Прокурорлар алименттен жалтарғандарды көші-қон органдары дұрыс іздемейді деген қорытындыға келіпті. Бұған соңғы жылдардағы атқарушылық іс жүргізуге жасалған сараптама негіз болса керек. Мәселен, алименттен жалтарушы ретінде іздеуде жүрген адамдардың халыққа қызмет көрсету орталығына барғаны, әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны, сол үшін олардың үстінен хаттама толтырылғаны анықталған. Кейде борышкерлер әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылғанына қарамастан «табылмапты». Бұл туралы айтқан прокурор Марат Қазиев Петропавл қаласының бірнеше тұрғынының аты-жөнін атап тұрып мысал келтірді.
«Биыл 55 адамға алименттен жалтарғаны үшін іздеу жарияланды. Соның ішінен 11-інің ғана жүрген жері анықталып, 44-іне қатысты іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бірақ олардың туған-туысқандары мен көрші-көлемі іздестіру шараларынан тыс қалған, жоспар да қағаз жүзінде ғана жасалған немесе мүлдем жоқ. Мысалы, әке парызын орындаудан қашқан бір алиментшіге Петропавл қалалық полиция басқармасы іздеу жариялаған. Бірақ іздестіру жоспары орындалмаған, оның жүруі мүмкін жерлер тексерілмеген, мемлекеттік мекемелерге сұрау салынбаған. Бұдан басқа тағы бес іс бойынша дәл осындай кемшіліктер анықталды. Бұл полиция органдары мен сот орындаушылардың арасында бірлескен іс-әрекет жоқтығын көрсетеді», – деді прокурор.Олардың пікірінше, полиция бауыр еті баласына алимент төлеуден жалтарып, бас сауғалап жүрген борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға құлықсыз. Прокуратураның мәліметінше, сот орындаушылардың ата-ана міндеттерін орындауға немқұрайды қараған қарыз иелерін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсынысын полицейлер есептен шығарған. Биыл 125 істің 66-сы (53 пайызы) есептен шығарылыпты. Мәселен, петропавлдық әйел үш айдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлемегені үшін жекеменшік сот орындаушы оған қатысты қылмыстық іс қозғау үшін полиция басқармасына ұсыныс жолдаған. Алайда сот орындаушының ұсынысы түсе салысымен ешқандай тергеп-тексерусіз есептен шығарылған. Нәтижесінде, прокурорлардың араласуымен полицияның заңсыз шешімінің күші жойылып, қылмыстық құқықбұзушылық тіркеуден жасырылған іс ретінде есепке алынған және сотқа дейінгі тергеу басталыпты. Бірлескен жұмыс ақсап тұр Прокурор Марат Қазиев алимент төлеу туралы сот шешімдерінің орындалмауына кедергі келтіретін жайттарға тоқталды. Ең алдымен, атқарушылық өндіріске және полицияның іздестіру жұмыстарына бақылаудың жоқтығы, сот орындаушылардың әрекетсіздігі, жұмысқа жаңаша көзқарастың қажеттілігі, мемлекеттік органдардың бір-бірімен өзара іс-әрекетінің нашарлығы және жұмыстың ресми тәсілі бұл мәселенің шешілмеуіне себеп болып отырған көрінеді. Сондай-ақ қашқын әкелерді жұмысқа орналастыру бағытында бірлескен іс-әрекет жоқ. Борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту да маңызды жұмыстың бір парасы.
«Солтүстік Қазақстан облысында 9 289 бала мен 22 жұмысқа қабілетсіз ата-ана алимент алады. Ал 291 ата-ана алимент төлеуден жалтарып отырғанына қарамастан, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру туралы мәселе шешілмеген. Сот орындаушылар Әділет, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлерінің «Алимент бойынша үш айдан астам берешегі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл тәртібін бекіту туралы» бірлескен бұйрығының талаптарын орындамайды. Сот орындаушылар мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жолға қойылмағандығы салдарынан, ақыр аяғында өскелең ұрпақтың құқығы бұзылып отыр», – деді прокурор.Ал прокуратура органдары жұмысының басым бағыттарының бірі – бала құқығының қорғалуын қадағалау. Жұмыспен қамту орталықтарының мәліметінше, сот орындаушылар жұмысқа орналастыру туралы хабарлама берілген алиментшілердің тізімдерін жібермейді, сот орындаушылардың жолдамасы бойынша жұмысқа орналасу үшін жүгінген адамдар салыстырылып, тексерілмейді. Мәселен, жеке сот орындаушы петропавлдық борышкердің 715 мың теңге берешегі бар екеніне қарамастан, оны жұмысқа орналастыру қажеттілігі туралы хабарлама жібермеген. Жалпы, 20 құжат бойынша осындай жағдай болған, яғни «қашқын» әкелер жұмыспен қамту орталықтарына жіберілмеген. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде өз қызметтік міндетін тиісінше атқармаған 69 сот орындаушы тәртіптік жазаға тартылыпты. Прокуратураның мәліметінше, өңірде алименттен жалтарушыларға Қазақстан аумағынан шығуды шектеу немесе жүргізуші куәлігінен айыру сияқты шаралар сирек қолданылады. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар алдағы уақытта ішкі істер органдары алимент бойынша борышкерлерге қылмыстық іс қозғамаса, бұл жұмыспен прокуратура айналысатынын жеткізді. Енді бауыр еті баласына ақша төлеуден жалтарғандар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ борышкер жүргізуші куәлігінен де қағылады. Осы күнге дейін облыста 42 борышкер әкеге осындай жаза қолданылды. Ал 65 әке – әкімшілік, 9-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Өзге өңірлердің тәжірибесі көрсеткендей, отбасы алдындағы жауапкершіліктен қашқандарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары өз тиімділігін дәлелдеген.
Солтүстік Қазақстан облысы