Алимент: қалтаны қақпайды, бәледен сақтайды
Алимент: қалтаны қақпайды, бәледен сақтайды
405
оқылды
Бауыр еті баласынан бас тартып, оларды нәсібінен айыратын әкелер туралы көптен айтылып жүр. Ата-анасының дәм-тұзы жараспай екі жаққа кеткенде ортадағы баланың көзі жаутаңдап қалады. Тура мағынасында да солай. Өйткені елімізде алимент төлеуден жалтарып, әкелік құқығынан бас тартатындар да көбейіп келеді. Былтыр елімізде алимент төлеуден жалтарған 316 азамат қылмыстық жа­уапкершілікке тартылды. Көпшілігі жұ­мыс жоқтығын сылтау етеді. Тағы 8 мың қа­зақстандық осындай борышкер са­пында. Жауапсыз ерлердің борышын тө­летуге мемлекет қолданбаған шара қал­маған. Әйтсе де, ескертуді елемейтіндер көп жағ­дайда төлемнің уақытылы жа­салмауына себеп ретінде жағдайының тө­мендігі мен жұмыс­сыздығы екенін айтып, ақ­та­луға тырысады. Кейбірі жа­лақысын жасырып та қалады. Жеке сот орындаушы Несібелі Бәсенованың пі­кірінше, али­ментті өндіру үрдісін қайта қарау қажет. Себебі жұмыссыз жүрген не табысы төмен азаматтар миллиондаған қарызын өтей алмайды. Сол үшін алимент төлеуді ор­таша есеппен емес, әр өңірге жекелей белгілеу керек. – Алимент төлемейтін азаматтарды Әкімшілік құқықтық кодексте көрсетілген 5 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру аз. Көп жағдайда сот бес тәулікке қамамайды. Ұзаса 2 тәулік береді. Бо­рыш­кер 2 күнде жауапкершілігін сезінбейді. Ал бас бостандығынан айырған күннің өзінде оның тамағы, киімі мемлекеттің мойнына артылады. Ендеше осы мәселені реттейтін басқа жол табу керек, – дейді Несібелі Бәсенова. Сот орындаушылардың заңмен көз­делген алиментті өндіру тетіктері әртүрлі. Соның бірінде, мәселен Ақтөбе облы­сының тұрғынына нотариус қызмет көр­сетуден бас тартқан. Ер адам алимент бойынша борышкер болғандықтан, жеке сот орындаушысы оған нотариустың кө­мегіне жүгінуге тыйым салған. 2017 жыл­дан бері жиналып қалған қарызы 470 мың теңгені құраған ер адамның алимент тө­леуден басқа амалы қалмапты. Тағы бір мысал, 2017 жылы Павлодар облысының бір тұрғыны өз балаларын балалар үйіне тапсырған екен. Бірақ сот үкімінде көр­сетілгендей ай сайын алимент төлемеген. Нәтижесінде, төрт жыл ішінде 3 миллион теңгеден астам қарыз жиналған. Атқа­рушылық іс жүргізу барысында жеке сот орындаушысы әйелдің Екібастұзда екі бөлмелі пәтері бар екенін анықтап, сотқа жылжымайтын мүлікті өндіріп алу туралы ұсыныс жолдайды. Салдарынан әйел пәтерді өз бетінше сатып, қарызын өтеген. Жалпы, тізе берсе мұндай мысалдар жетіп артылады. Ресейден келіп, сот орын­даушыларға ұсталып қалған борышкерлер де бар екен. Шығыс Қазақстан облысында ер адам 2016 жылдан бері баласына 1 миллион 64 мың 695 теңге алимент қарыз болған. 2018 жы­лы ол Қазақстаннан Ресейге көшіп кетіпті. 2019 жылы атқару­шылық құжат келіп түскен соң, жеке сот орындаушысы бо­рышкердің елден шы­ғуына тыйым сала­тын қаулы шығарған. Бірақ одан хабары жоқ әлгі ер адам былтыр наурыз айының басында Қазақстанға қонаққа келіп, кері қайтарда әуежайда ұсталып қалады. Осылайша, оның кері қайту үшін қарызын толығымен өтеуден басқа амалы қалмады.

Қоғамдық жұмыс құтқара ма?

Шыны керек, алимент өндіру – күн тәртібінен түспей тұрған түйткіл. Сан түрлі ұсыныс айтылып та жүр. Заңға өзгерістер еніп жатыр. Алайда көпшілік күткен нәтиженің ауылы алыс сияқты. Бүгінде алимент төлемей, қашып жүргендерге қатысты 16 мың іс қозғалған. Мұндағы жалпы сома 7 млрд тең­ге. Алиментті өндіріп алуда проблема жоқ емес. Соның негізгісі – борышкерлердің тұрақты тір­келген немесе нақты тұратын мекен-жа­йының болмауы, жұмыссыз болғандықтан табысының жоқ болуы және алиментті өндіріп алатын мү­ліктерінің жоқ екені. Ал алимент төлемей қашып жүрудегі басты себеп – бұрынғы ерлі-зайыптылардың ара­сындағы ки­кілжің. Яғни, алимент алатын «оны ба­лаларға емес, өзіне жұм­сайды» деген ой. Депутат Мәди Елубаев алимент төле­мей жүргендерді қоғамдық жұмысқа тарту­ды ұсынды. Оның айтуын­ша, осылайша қоғамға да, балаларына да пайдасын тигізеді. – Ажырасқаннан кейін әкелердің көбі бірден алаяқ болып кетеді. Олар жұмы­сынан өтірік шығып, табысын да төмен­детіп тастайды. Сондықтан біз табысы жоқ әкелерді қоғамдық жұмысқа тартуды ұсы­нып отырмыз. Осылай баласына аз да болса алимент төлейді. Өтірік жұмыссыз болып жүрген 90 пайыз әкелер әшкере болар еді, – дейді Мәди Елубаев. [caption id="attachment_191305" align="alignleft" width="1200"]алимент © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Қоғамдық жұмысқа тарту – шет мем­лекеттерде бар тәжірибе. Мәселен, Еуро­паның бірқатар елдерінде «Мемлекеттік алимент қоры» жұмыс істейді. Оның жұ­мыс істеу механизмі қарапайым. Яғни, Үкімет есебінен балаға алимент төленеді де, қашқын әкенің ізіне мемлекет «өзі түседі». Санаулы күнде құқық қорғау ­ор­гандары арқылы борышкерді тауып алып, еріксіз түрде қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Алимент төлемеген әкенің есепшотын жауып, шетелге шы­ғуын шектеп, тіпті ұялы телефонына ақ­ша ау­дартпай қою амалдарын да жүргізеді. Осы­лайша, алиментті өндірудің түрлі жол­дарын қарастырады. Біздің елде али­мент төлейтіндерді шетелге шығармай, банктегі есепшоттарын жауып, жүргізу­ші куәлі­гінен айырса да, қоғамдық жұ­мыс­тарға тарту жағы қарастырылмаған. Жа­заның баламасы ретінде бо­рыш­керлерді қоғам­дық жұмысқа тартса, бұл қоғам үшін де, балалар үшін де пайдалы болар еді.

Немеренің нәсібі

Ал Италияда борышкер алимент төлемесе, оның қарыздарын ата-анасы төлеуге міндеттеледі. Яғни, судья: «Егер ата-анасы осындай жауапкершілігі төмен жігітті тәрбиелесе, онда олар баласы үшін алимент төлеуі тиіс» деген уәжді айтады. Немеренің ата-әжесі үшін бөтен еместігі назарға алынған. Үш жыл бұрын қоғам болып қызу талқылаған шетелдік тәжірибе, біздің заңға да қосылды. Қазір борыш­кердің алимент төлейтін ақшасы болмаса, оның ата-анасы алимент төлейді. «Балам балым, немерем жаным» дейтін біздің мен­талитет үшін ата-әжелердің бұл жа­уапкершіліктен қашпайтыны айдан анық. Дегенмен не жұмысы жоқ, зейнетақыға қарап отырған қарттарды заңмен қудалап, өзінің емес, баласының берешегін төлету қаншалықты дұрыс? – Ата-әже өз баласын бағып-қағып, оқытып, міндетінен құтылды. Енді оған немеренің жауапкершілігін жүктегеніміз дұрыс емес. Бірақ біздің заңда еңбекке жа­рамды ата-әженің алимент төлеуі қарастырылған. Негізі, баланың әке-шешесі тірі болса, керісінше әке-ше­шесінің жауапкершілігін арттыру керек, – дейді заңгер Меруерт Қойайдарова. Ата-әженің алимент төлеуі уақыт өте келе қоғамдағы екінші мәселенің туын­дауына әсер етеді. Яғни, не жұмыс істе­мей­тін, әйтеуір үйлену керек деп, әйел алып, балалы болып, ажырасуға арланбай жүрген жауапкершілігі жоқ жігіттердің, ортадағы баланың тағдырын ойламастан, өзінің шешімімен өмір сүргісі келетін әйелдердің одан сайын көбеюі мүмкін. Меруерт Қойайдарованың айтуынша, борышкерлер заң бойынша қатаң жаза бол­мағаннан кейін алиментті төлемей ке­йінге қалды­рады. Тіпті, төлегісі де кел­мейтіндер бар. – Сот орындаушылар борышкер али­мент төлемеген жағдайда оны қылмыстық жауапкершілікке тартуы керек. Бірақ бізде іс жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Себебі құзырлы органдар «таба алмадық» деп істі соңына дейін жет­кізбейді. Сот орындаушылар да алимент бойынша жүргізілетін істен қашады. Өйткені алимент бойынша төленетін ақша аз. Сондықтан сот орындаушылардың да жұмысының есебін сұрап отыру керек, – дейді Меруерт Қойайдарова. Заңгердің алдына «Алимент төлемеу үшін не істеуім керек?» деп келетін әкелер көп екен. Кей жағдайда олар жеке кәсіп­ке­р ретінде тіркеліп, жалақысын ең тө­менгі жалақы деңгейінде көрсетіп, али­менттен қашады. Тіпті, алимент төлемеу үшін әкелік құқығынан бас тартатындар да жоқ емес. Бірақ заң бойынша баласы­нан бас тартқанның өзін­де олар алимент төлеуден босатылмайды. Адамнан айла артылған ба? Мұндай жағ­дайда ата-ана­лар екеуара келісімге, өзара ше­шімге келеді. Борышкер али­ментті екі-үш жыл төлемесе, 2-3 миллионға қарыз бо­лып шығады. Сондайда аналар «қарыздың бәрін кешіремін, алимент те талап етпей­мін. Сен тек баладан бас тарт, өмірімізден біржола кетсең болды. Жал­ғызбасты ана ретінде өз күнімді өзім көремін» деп жатады. Міне, осындай жағ­дайда кей әке баласынан бас тартады. Ондайда амал жоқ, заң да қауқарсыз. Алимент проблемасының отбасы құндылықтары тұрғысынан алғанда ұлт проблемасымен ұштасып кеткені анық. Өйткені бүгінгі ата-ана – тоқсаныншы жыл­дардың соңында, екі мыңыншы жыл­дардың басында дүниеге келген жастар. Олар – тоқырау кезеңінің ұрпақтары. Әкенің жауапкершілігін толыққанды тү­сініп үлгермеген. Салдарынан алименттік көмек алмаған, әке мейірімін көрмеген бала қатарластарымен бәрібір тең болып өспейді. Ендеше ұлт болашағы үшін мәселені шешуде кешенді шара қабылдау керек. Темір торға қамау да, қоғамдық жұ­мысқа тарту да «көкек» әкелердің жауап­кершілігін оятуға жетпейді.