Қазақстан қысқа дайын ба?
Қазақстан қысқа дайын ба?
© коллаж: Елдар Қаба
366
оқылды
Қазақстанның қысқы жылыту маусымына дайындалуы жыл өткен сайын қиындап барады. Өйткені жылу-электр орталықтары мен қазандықтар қатты тозды. Қазір елімізде үсік түсе бастады. Ал Энергетика министрлігінің хабарлауынша, республика жылыту маусымына 90 пайызы ғана дайын. Жағдайды түзеу үшін Үкімет салада реформаны қолға алмақ. Ол не береді? ЖЭО-лардың жағдайы мәз емес Астанадағы ONYX тұрғын үй кешені алдағы қыста тұрғын­да­рымен бірге қатып қалғалы тұр. Оны салған құрылыс компаниясы үйді жылу желісіне қосу туралы өтінішті 3 наурызда өткізіп қойып­ты. Тіпті, «Астана-Теплотранзит» АҚ-нан техникалық шарттарды алып, оны орындаған. Құбырлар төселген, үйге жылу жіберуге бәрі дайын. Пәтерлерінде жөндеу жұ­мыстарын аяқтап, қоныстойын тойлап, кіріп алған тұрғындар да жылуды күтіп отыр. Бірақ жылу болмайды. «Астана-Теплотранзит» олардың құбырына жылу жіберіп, бұл аудандағы жылу трассасындағы қысымды артты­рудан бас тартты. Неге? Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 нау­рыздағы №247 бұйрығымен бекі­тілген Электр стансалары мен же­лілерін техникалық пайдалану қа­ғидаларының 593-бөліміне сәй­кес, «Жылу көзінің нақты қуаты мен жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті таусылған кезде жаңа тұтынушылардың қосылуына жол берілмейді». Елордалық монополистің жылу желісі магистралінің өткізу қабілеті түгесіліпті. Сондықтан ол енді жа­ңа салынған тұрғын үй кешендерін жылу көзіне қоспайды, яғни жылу жібермейді. Сонда бас қаланың өзінде бұдан былай бірде-бір жаңа тұрғын үй қолданысқа берілмей ме? Құрылыс компаниялары мен девелоперлер қиындықтан өз бе­тінше шығуда: тұрғын үй алабында газды қазандық орнатылады да, өзін-өзі жылытады. Астанада жаңа ЖЭО-3 іске қосылған соң ғана жа­ңа үйлер мен нысандар жылу кө­зіне қол жеткізеді деп жоспар­лан­ған. Яғни, ел оның қызығын ерте де­генде тек 2023-2024 жылыту мау­­сымында ғана көре алуы мүмкін.
Елордада осындай болған соң аймақтардың ахуалы қандай екенін болжай беруге болады. Президент биылғы Жолдауында салада қа­лып­тасқан күрделі жағдайға жеке тоқ­талды. Оның мәліметінше, электр қуатымен қамтитын же­лілердің үштен екісінің, жылу ком­му­­ни­ка­циясының 57%-ының то­зығы жет­кен. «Осыдан-ақ бі­раз жайт­ты аң­ғаруға болады», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның байланымша, монопо­листердің табысын шектеу қа­жеттігі мен инфрақұрылымға ин­вес­тиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау ма­ңызды. Сондықтан Мемлекет бас­шысы монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» деген жаңа тариф саясатына көшуді ұсынды. Сол арқылы билік желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15%-ға азайтуға тырысып көреді. Жаңа реформаға сәйкес, бі­ріншіден, Үкімет инфрақұрылымға қаржы салған және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мо­ниторингі жүйесіне қатысқан жылу-жарық алпауыттарына та­рифті көтеруге рұқсат етеді. Мен­шік иесі инвестицияның айтар­лықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға мін­детті болады. Екіншіден, инно­вация енгізетін монополистерге тиімді ынталандыру шаралары әзірленеді. Үшіншіден, шығыстың бір бөлігін тарифтік смета аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беріледі. Төртіншіден, тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатында басқаларға бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тартылады. Апат саны артты Бұл салада аймақтардың ахуалы тіптен ауыр. Апаттар саны жиілеп кетті. Соның жарқын мысалы – Петропавл ЖЭО-2: онда былтыр және биыл бірнеше апат болды. Былтыр алып мұржасының шіріп құлауы салдарынан бір жұмыс­шысы қаза тапты. Энергетика ми­нистрі Болат Ақшолақовтың дерегінше, СҚО-ның басты жылу-электр орталығын қалпына келтіру, яғни оның негізгі қондырғыларын, қазандықтарды күрделі жөндеу 85%-дан астамға аяқталды. Қазан­дық цехының бас корпусын қайта тұрғызу, қазандықтарды қалған екі түтін мұржасына қосу, улы газ тарт­қышты реконструкциялау жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. «Севказэнерго» АҚ басшылығы қазіргі жөндеу жұмыстары аяқтал­ған соң суық түскенше 12 қазан­дықтың 11-і және екі түтін құбыры дайын болатынын хабарлады. Қалпына келтіру жұмыстарына 10 мердігер ұйым, 395 жұмысшы, 35 техника жұмылдырылған. Акцио­нерлер 17 млрд теңгеден астам төл қаржысын бағыттады. Дегенмен, бұл шығынын ол тариф есебінен өндіріп ала алады. Олай болса, апаттар үшін алпауыттар жаза тартпақ түгілі, тіпті пайдаға шығуы мүмкін. Ал былтырғы қайғылы оқиға үшін құқық қорғау органдары ЖЭО-2 басшысын, яғни компания шақырған менеджерді жауапқа тартқан. «Севказэнерго» АҚ басшылы­ғының ақпаратынша, жаңа құбыр­дың құрылысы 2023 жылғы сәуірде басталып, келесі жылыту кезеңінің басында аяқталады. Егер саладағы апаттардың ресми статистикасына көз жү­гіртсек, төбе шашыңыз тік тұрады. Қазақстанның барлық өңіріндегі қазандықтарда 2019 жылы 968 апат болып, олар 51 233 сағат бойы жұ­мыссыз тұрып қалған. 2020 жылы апат саны – 1 104-ке, ал тұрып қалу сағаты – 61 811-ге, 2021 жылы тиісінше 1 073-ке және 63 063 сағатқа дейін өсті. «Қара тізімге» қай өңірлер енді? Салаға еңбек сіңірген ардагер энергетик Қаймолда Жолдыбектің түсіндіруінше, Қазақстанның энер­гетикалық активтерінің, со­ның ішінде ЖЭО-лардың негізгі бөлігі ХХ ғасырдың 60-70-жылдары пай­далануға берілген. Үкімет биз­нес жүргізудің жаһандық рей­тин­гінде өрлеумен әуестеніп кетті де, электр энергиясын, жылу қуатын өндіру және беру процесіне мем­лекеттік бақылауды жойды. Ал бұл сала ұлттық қауіпсіздікке және халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сол себепті оған үздіксіз және толыққанды мем­лекеттік бақылау жүргізуді қайтару қажет. Маманның айтуынша, тиісті бақылау болмаған соң соңғы жыл­дары орталықтар мен желілердің негізгі қорларын жаңғырту, ре­конс­трукциялау бағытында іс-ша­ралар жүзеге асырылмады немесе тиімсіз жүргізілді. Бұл шағын және орта бизнестің дамуына тежеу бол­ды. Соның кесірінен қалалардың инфрақұрылымын дамыту ісі то­қы­рады. Бұл әлеуметтік наразы­лықты туғызады. Қыста жаураған бұқара көшені толтыруы мүмкін. Оның үстіне, ЖЭО-ларда апат са­ны тоқтаусыз артып барады. Мұны Энергетика министрлі­гі растады. Технологиялық бұзу­шы­лық­тар өсті: 2019 жылы – 4 010, 2020 жылы – 4 619, 2021 жылы 5 562 оқиға болды. Жазатайым жағдай­лар саны артты: 2019 жылы 49 оқиға тіркеліп, оның 7-еуі өлім­мен аяқталды. 2020 жылы – 51 оқи­­ға­ның 10-ында адамдар қаза тап­ты. 2021 жылы 59 оқиғаның 13-інде адам­дар жазым болды. Сала ны­сандары қауіпті болып барады. Энергетика ведомствосы осы­ған тосқауыл қоюдың бір тетігін қарастыратын заң жобасын әзір­леді. Онда стансалар мен желі­лердің энергетикалық жабдығын техникалық пайдалануға және техникалық жай-күйіне қойылған талаптарының бұзылуына мемле­кеттік бақылауды күшейту көзде­леді. Бұл апатқа, өртке соқтыратын, қызмет көрсетуші персоналдың өміріне қауіп төндіретін, сондай-ақ тұтынушыларға қызмет көрсетуге нұқсан келтіретін оқиғаларға жол бермеу үшін қажет. Сонымен, басты сұрақ: Қазақ­стан 2022-2023 жылғы жылыту маусымына дайын ба? Өйткені бүгіннен бастап кейбір өңірде алдымен әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастауы тиіс. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары да әлі бітпеген. Біразы тіпті келесі жылға созылады. Қыр­күйек басындағы жағдай бойынша электр стансаларында 4 энерго­блокта, 25 қазандықта, 23 турби­нада ғана жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энерго­блокта, 27 қазандық пен 16 турби­нада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыда жалғасуда. Әкімдіктердің мәліметінше, 487 орталықтандырылған жылу қазандығында 1 073 қазандық жөн­деуден өтіп, жаңа маусымға дайын. Бұл жалпы жоспардың 90%-ы ғана. Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында электр станса­ла­рының негізгі жабдықтарын жөн­деу мерзімдері бұзылған. Мұның сыртында энергетикалық кәсіп­орындары күрделі жөндеу жұмыс­тарын 2023 жылға ысырған өңірлер де бар, бұлар: Қарағанды мен Маңғыстау облыстары мен Шым­кент қаласы. Энергетика министрлігінің дерегінше, бүгінде электр станса­ларында, ЖЭО-ларда отын жинақ­тау жұмысы жалғасуда: қоймала­рындағы көмір қоры 3,9 миллион тоннаны, ал мазут қоры 83 мың тон­наны құрайды. Бұл жалпы бе­кітілген нормаларға сәйкес келеді. Дегенмен 5 стансада – Семей ЖЭО-1, Риддер ЖЭО, Шахтинск ЖЭО-2, Жезқазған ЖЭО және Пет­ропавл ЖЭО-да көмір қоры қолданыстағы нормативтерден де аз. Күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындыққа жүргізілген талдау қорытындысында проблемалы өңірлер анықталды: министрлік СҚО, Түркістан, Маңғыстау, Ақ­мола, Павлодар, Абай облыстарын және Астана қаласын биылғы жылыту маусымы кезінде ерекше назар аударуды талап ететін өңірлер ретінде айқындады.