Ақмола облысы өңірлер арасында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша көшбасына шықты. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс саласында серпінді жобалар жүзеге асырылған. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәлім етті. Ауыл шаруашылығы алға басты Облыс әкімінің айтуынша, өңір бірқатар экономика салалары қалыпты қарқынмен алға басып негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде ілгерілеушілікке қол жеткізілген. Қазіргі уақытта аграрлы аймақ еліміздегі ауыл шаруашылығындағы ішкі өнімнің 8 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Егістік көлемі 200 мың гектарға артып, жалпы көлемі 5,2 миллион гектар алқапқа жеткен. Бұл көрсеткіш елдің астық өнімінің төрттен бірін өндіретін ең үлкен егіс даласы. Мемлекетті ет өнімдерімен қамтамасыз етуде де облыстың үлесі зор. Аршалы ауданында жылына 6 мың тоннадан астам мал өнімдерін өңдейтін өнеркәсіптің іске қосылуының және Бұланды ауданында Орта Азиядағы ең ірі құс фабрикаларының бірі қыркүйекте аяқталуының арқасында тамақ өнеркәсібін ұлғайта түскен. Мұнымен қоса, аймақ аграрлық сала мен өнеркәсіп өндірісінде де кеңінен қанат жая бастаған. Өнеркәсіптік тауарлар шығару көрсеткіші жөнінен облыс республикалық рейтингте екінші орынға жайғасқан. Өнеркәсіп өндірісі тың серпін алды
«Биылғы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 300 миллиард теңгеге дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Өсім әсіресе тамақ өнеркәсібі, металлургия және құрылыс индустриясы саласы есебінен жоғарылайды деп күтіледі», – дейді Ермек Маржықпаев.Соңғы деректер бойынша облыс еліміздегі алтынның әрбір төртінші килограммын, мамандандырылған автокөліктер мен астық өндіру комбаиндарының әрбір екіншісін, шығарылған әрбір трактордың үшіншісін, жүк көліктерінің сегізіншісін, құс етінің әрбір төртінші тоннасын, өңделген сүттің жетінші тоннасын, мұнымен қоса, өсімдік майлары мен ұнның көп бөлігін өндіруге қол жеткізген. Жыл басынан бері Степногор қаласындағы фабрикадағы өндіру көлемінің ұлғаюы есебінен металлургия өнеркәсібі де алға басқан. Химиялық өнеркәсіпте ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарын зиянкестерден қорғайтын пестицидтер мен этил спиртін өңдеу көлемі өскен. Құрылыс қарқыны қатты Облыс орталығы – Көкшетауда құрылыс кірпішін шығаратын «ENKI» кірпіш зауытының өндірісі көлемін ұлғайтып, жылына 90 миллион дана кірпіш шығаратын жаңа зауыттың салынуы, сондай-ақ, Аршалы ауданында жылына 120 миллион дана кірпіш шығаратын зауыттың іске қосылуы өңірде құрылыс саласының дамуын еселеп арттырған. Бүгінде облыс республикада шығатын құрылыс өндірісінде рекордтық 30 пайызға жеткен. Осының арқасында өңір халқының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі де жақсара бастаған. Өңір тұрғын үй құрылысы жөнінен республика бойынша үздік ондыққа кіріп отыр. Биыл жыл соңына дейін 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Әлеуметтік саланың әлеуеті мықты Облыста әлеуметтік салаға да баса мән беріліп келеді. Жыл соңына дейін ғана 5 мектеп пайдалануға беру жоспарланса, Қосшы қаласында оқу жылының басында 1200 орындық мектеп есігін айқара ашқан. Сонымен қатар 11 мектепті жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Жыл басынан бері облыста 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, оның ішінде 6 мыңнан астамы халықты тұрақты жұмыспен қамтымақ. Жалпы 2025 жылға дейін өңірде 300-ден астам жаңа жобалар жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл жаңадан 13 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.
Ақмола облысы