«Әділет» кәсіпорны ең алғаш 2019 жылы жұмысын бастады. 2021 жылы өнім өндіруге бетбұрыс жасадым. Өзбекстан мемлекетінен өз қаражатым есебінен арнайы құрылғы алдырып, кір сабын шығаратын цехты іске қостым. Алғашында күніне 300-400 дана кір сабын шығарып, өндіріс жұмысын біршама жолға қойдық. Қазір тәулігіне 2000 дана өнім өндіреміз. Өнімімізге сұраныс та, тұтынушыларымыз да аз емес. Ендігі кезекте кір жуатын ұнтақ шығару жобасын жолға қойып, кәсібімізді кеңейтуге бетбұрыс жасап отырмыз. Осы мақсатта мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алғашқы өнімімізді де саудаға шығарып үлгердік. Бүгінде кәсіпорында 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұл өнімнің бір ерекшелігі – біздің сабын мен кір жуатын ұнтақ иіссіз қоспалармен дайындалады. Келешекте цехты автоматтандырылған станоктармен жабдықтап, әртүрлі жуатын қоспалар шығаруды мақсат тұтып отырмыз», – деді кәсіпорын басшысы.Келешекте химиялық жуғыш ұнтақтардың түр-түрін шығаруды мақсат тұтып отырған кәсіпорын басшысы жұмыс орнын кеңейтуге иек артатынын да жеткізді. Ал қаладағы «МТР» көлік жуу орталығы соңғы технологияның көмегімен жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін бастаған бұл орталық бүгінде халық талабына сай еңбек етуде. Бұл орталық көліктің моторлы, рульге қатысты қондырғыларын бумен тазалау ісімен айналысады. Соңғы үлгідегі тазалау технологиясын іске қосқан орталыққа келушілер легі толастаған емес.
«Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарлама аясында көлік моторын бу арқылы жуу бағытындағы бизнес-жоспарымды әзірлеп, ұсындым. Нәтижесінде, 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, Италиядан арнайы көлік жуу аппаратын сатып алдым. Булану қүрылғысымен арнайы техникалық оқытудан өткен мамандар жұмыс жасайды», – деп түсіндірді орталықтың өкілі Әмірәлі Сәдуақас.Бүгінде көлік жуу орталығында екі адам жұмыс істеуде. Бұл жерде күніне 10-15 көлікке қызмет көрсетіледі. Жалпы, аймақта осы сынды мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолдау тауып, кәсібін дөңгелентіп отырған жандар аз емес. Өңірдегі өміршең жобаларды мемлекет тарапынан қолдау кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін беріп тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы