Халық тағдыры «қазанға» салынды
Халық тағдыры «қазанға» салынды
328
оқылды
Қазақстандықтар ке­зек­ті қаржы пирамидасы­ның шыңын шабуылдай баста­ды. Алаяқ «өнертап­қыштар» бұл жолы бұқара арасында кең танымал WhatsАpp мес­сендже­рін­де жалған чел­ленджді іске қосыпты. «Қазан немесе қара касса» аталған жаңа ойын еш еңбексіз жеңіл табыс табуды ұсынады, бірақ ол алдауға құрылған.
«Ойынды жаңа бастаған бас­тапқы қызғылт сары аймақтағы барлық адам бірінші көгілдір ай­мақтағы Златаның нөмірі (нө­мірі жазылған) бойынша оның банк кар­тасына 14 300 теңге ақ­ша ауда­рыңыздар. Қызғылт сары аймақ­тағы барлық ұяшықтар қатысу­шы­ларға толғанда, Злата 114 мың тең­гені алып кетеді», – деп баста­лады ойын ережесі. Қалған аңқау адамдар кем де­генде екі адамды ақшасымен ертіп әкелуге, сондай-ақ орта­дағы басқа аймақтардың және қаптаған басқа ұяшықтардың толуын күтуге мәжбүр болады. Бұл ретте әр аймақ жеке Whats­Аpp чаты тобын құрып алады.
«Қазан» ойынының авторы «бәрі таза және мөлдір, бұл пи­ра­мида емес» деп сендіреді. Алай­да осы ойынсымақтың егжей-тег­же­йіне қаныққан Fingramota сарап­шы­лары мұның алаяқтық екенін анықтаған және қазақ­стандық­тарды одан сақ болуға шақырады.
«Өйткені қатысушыларға 114 мың теңгені алып кетуге мүм­кіндік берілмейді, керісінше 14 мың 300 теңгеңізді оңай әрі тез жоғалтуыңыз мүмкін. Оның үс­ті­не екі және одан көп адамды босқа алдайсыз. Бұл афераның авторы Қазақстанда қаржы пира­мида­сын құру заңмен қуда­лана­тынын және ол үшін қыл­мыстық жаза қарас­тырылғанын не біл­мейді, не естен шығарған. Кез кел­ген пи­ра­мида адамдардың пайдакүнем­дігіне иек артады. Қомақты сома енгізіп, аз уақыт ішінде оны бір­неше есе көбейтіп алып кетуге болатынына шын сенетіндер бар. Мұндай жылдам әрі үлкен сыйа­қыны бірде-бір банк депозиті бермейді. Бірақ банктегі салымның қайтуын мем­лекет кепілдендіреді. Ал қар­жы пирамидасы керісінше, салым­дарды иесіне кері бермей қоюды мақсат тұтады», – дейді Fingramota мамандары.
Жалпы, әлемде, елімізде қаржы пирамидаларының түр-түрі ойлап табылған. Қазақстанда ол тұтынушылар кооперативі, жалған ЖШС, қаржы агенттігі, инвестициялық компания, фо­рекс, коммерциялық интернет-жоба сипатында болған. Дегенмен барлығының жұ­мыс қағидасы ұқсас келеді: бір адам өз салымын енгізеді және өзімен бірге бірнеше адамды ерте келеді. Осы алдап әкелген адам­дар есе­бінен өзі бір саты биік кө­теріледі. Бірақ кез келген сатыда ойын жайрап қалуы мүм­кін: не пира­мида құрған қылмыс­керді құқық қорғау органдары құ­рықтайды, болмаса ол бар ақ­шаны алып, табанын жалты­ратады. Мамандар «өзіңізбен мұнша адамды ерте келіңіз» дейтін та­лабы бар ұйым, ойын, жоба атаулыдан аулақ болуға, қаржы­лық сауаттылықты көтеруге кеңес береді. Қаржы саласында аз-кем сауаты бар адам алаяқ­тардың қу­лығын тез ұғады. Бұл үшін қаржы университетін бітіру қажет емес, алаяқтар туралы жа­ңалықтарды бір қарап шығу жеткілікті. Ұқсас оқиға осы жылдың ба­сында Ақтөбеде болды. Ақ­шаны еселеп қайтаруға уәде еткен Gold компаниясына жүз­деген азамат маңдай тер, табан ақымен тапқан ақшаларын сеніп тапсырған, кейбірі кредит алған. Биылғы 8 ақпанда құқық қорғау органдары осы ұйымға басшы­лық еткен Ре­сейдің екі азаматын тұтқын­дады. Қаржысын кері та­лап етіп көшеге шыққан тұр­ғындарға полиция бөлімшесіне жүгініп, шағым жазу ұсынылды. Бірақ пирамида са­лымды қай­таруы неғайбіл.   Елдос СЕНБАЙ