Қазақстандықтар кезекті қаржы пирамидасының шыңын шабуылдай бастады. Алаяқ «өнертапқыштар» бұл жолы бұқара арасында кең танымал WhatsАpp мессенджерінде жалған челленджді іске қосыпты. «Қазан немесе қара касса» аталған жаңа ойын еш еңбексіз жеңіл табыс табуды ұсынады, бірақ ол алдауға құрылған.
«Ойынды жаңа бастаған бастапқы қызғылт сары аймақтағы барлық адам бірінші көгілдір аймақтағы Златаның нөмірі (нөмірі жазылған) бойынша оның банк картасына 14 300 теңге ақша аударыңыздар. Қызғылт сары аймақтағы барлық ұяшықтар қатысушыларға толғанда, Злата 114 мың теңгені алып кетеді», – деп басталады ойын ережесі. Қалған аңқау адамдар кем дегенде екі адамды ақшасымен ертіп әкелуге, сондай-ақ ортадағы басқа аймақтардың және қаптаған басқа ұяшықтардың толуын күтуге мәжбүр болады. Бұл ретте әр аймақ жеке WhatsАpp чаты тобын құрып алады.«Қазан» ойынының авторы «бәрі таза және мөлдір, бұл пирамида емес» деп сендіреді. Алайда осы ойынсымақтың егжей-тегжейіне қаныққан Fingramota сарапшылары мұның алаяқтық екенін анықтаған және қазақстандықтарды одан сақ болуға шақырады.
«Өйткені қатысушыларға 114 мың теңгені алып кетуге мүмкіндік берілмейді, керісінше 14 мың 300 теңгеңізді оңай әрі тез жоғалтуыңыз мүмкін. Оның үстіне екі және одан көп адамды босқа алдайсыз. Бұл афераның авторы Қазақстанда қаржы пирамидасын құру заңмен қудаланатынын және ол үшін қылмыстық жаза қарастырылғанын не білмейді, не естен шығарған. Кез келген пирамида адамдардың пайдакүнемдігіне иек артады. Қомақты сома енгізіп, аз уақыт ішінде оны бірнеше есе көбейтіп алып кетуге болатынына шын сенетіндер бар. Мұндай жылдам әрі үлкен сыйақыны бірде-бір банк депозиті бермейді. Бірақ банктегі салымның қайтуын мемлекет кепілдендіреді. Ал қаржы пирамидасы керісінше, салымдарды иесіне кері бермей қоюды мақсат тұтады», – дейді Fingramota мамандары.Жалпы, әлемде, елімізде қаржы пирамидаларының түр-түрі ойлап табылған. Қазақстанда ол тұтынушылар кооперативі, жалған ЖШС, қаржы агенттігі, инвестициялық компания, форекс, коммерциялық интернет-жоба сипатында болған. Дегенмен барлығының жұмыс қағидасы ұқсас келеді: бір адам өз салымын енгізеді және өзімен бірге бірнеше адамды ерте келеді. Осы алдап әкелген адамдар есебінен өзі бір саты биік көтеріледі. Бірақ кез келген сатыда ойын жайрап қалуы мүмкін: не пирамида құрған қылмыскерді құқық қорғау органдары құрықтайды, болмаса ол бар ақшаны алып, табанын жалтыратады. Мамандар «өзіңізбен мұнша адамды ерте келіңіз» дейтін талабы бар ұйым, ойын, жоба атаулыдан аулақ болуға, қаржылық сауаттылықты көтеруге кеңес береді. Қаржы саласында аз-кем сауаты бар адам алаяқтардың қулығын тез ұғады. Бұл үшін қаржы университетін бітіру қажет емес, алаяқтар туралы жаңалықтарды бір қарап шығу жеткілікті. Ұқсас оқиға осы жылдың басында Ақтөбеде болды. Ақшаны еселеп қайтаруға уәде еткен Gold компаниясына жүздеген азамат маңдай тер, табан ақымен тапқан ақшаларын сеніп тапсырған, кейбірі кредит алған. Биылғы 8 ақпанда құқық қорғау органдары осы ұйымға басшылық еткен Ресейдің екі азаматын тұтқындады. Қаржысын кері талап етіп көшеге шыққан тұрғындарға полиция бөлімшесіне жүгініп, шағым жазу ұсынылды. Бірақ пирамида салымды қайтаруы неғайбіл. Елдос СЕНБАЙ