Биыл көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан, бала санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-74 400 теңге аралығында жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы бүгінде 370 мың отбасыға төленеді. Енді сегіз және одан көп баласы барларға жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни, сегіз балаға қазіргідей 74 мың емес, 85 мың, он бес балаға 159 мың теңгеден төленеді. «Көпбалалы аналармен, депутаттармен талқылау барысында жәрдемақыны одан ары саралау қажет деген ортақ пікірге келдік. Таяу уақытта заңға түзетулер енгіземіз. Заң ақпан не наурызда қабылданса, осы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ендігі уақытта 8 баласы барларға 74 мың емес шамамен 85 мың теңге, 9 балаға 96 мың, 10 балаға 106 мың және 15 балаға 159 мың теңге беріледі», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр Біржан Нұрымбетов министрліктің кеңейтілген алқа отырысында. Оның айтуынша, елімізде 15 баласы бар бір ғана отбасы бар. Бұл отбасы Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Ал 8 және одан да көп баласы бар отбасылардың саны – 2 451 екен. Былтырдан бері әлеуметтің осал тобын әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған саясат тоқсан сайын жетілдіріліп келеді. 15 балаға 159 мың теңге жәрдемақы беру туралы бастама да өңірлердегі аналардың ұсынысынан кейін қарастырылып жатыр. Ал 159 мың теңге аналарды қаншалықты ынталандыратынын уақыт көрсетер. Аналар ұсынысы демекші, енді бала күтімі бойынша төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұлғайту да қарастырылуда. «Біз бала күтімі бойынша жәрдемақы мәселесін көтеріп жатырмыз. Біз оны төлеу мерзімін 1,5 немесе 3 жылға дейін ұлғайту нұсқасын қарастырудамыз. Табысы аз отбасылардағы мектепке бармайтын мүгедек балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы үйіне жеткізу мүмкіндігі қарастырылады», – деді Біржан Нұрымбетов. Министр жаңа жылдан бастап тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмектің ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, АӘК тоқсан сайын тағайындалады, егер еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар ұсынылған жұмысқа орналасудан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасы үшін тоқтатылады. Ал мүгедектерді жұмыспен қамту квотасын орындамаған компанияларға мемлекеттік сатып алуларға қатысуға шектеу енгізілмекші. Бүгінгі таңда елімізде шамамен 695 мың мүгедектігі бар адам тұрады. «Шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, биыл мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастама көтердік. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компаниялар үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады. Жапония мен Германия тәжірибесіне жүгініп, жұмыспен қамту квотасының орнына арнайы қорға өтемақы төлеуді енгізудің балама тетігін қарастырып жатырмыз», – деді ол. Айтқандай, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында микрокредит және қайтарымсыз грант беру құралдары мүгедектігі бар адамдардың бизнес бастамаларына бағытталады. Тұмар МЫРЗА