Батыл қадам – бақуатты елдің еншісі
Батыл қадам – бақуатты елдің еншісі
502
оқылды
Нью-Йорк қаласында ертең, 24 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебаты жабылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жаһандық құрылтайдың ашылу рәсіміне қатысып, алғашқы күні сөз сөйледі. Ал әлемдік деңгейдегі оқиға қарсаңында АҚШ-тың белгілі POLITICO ақпараттық порталында Қазақ­стан көшбасшысының «Біз реформа жолымен алға жылжи береміз» деген тақырыптағы ағылшын тіліндегі ма­қа­ла­сы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы бүкіл адамзат үшін ма­ңызды мәселелерді көтерді. Қасым-Жомарт Кемелұлы америкалық аудиторияны қыркүйек айының басында жария еткен төл Жолдауындағы маңызды міндеттермен таныстыра кетті. Сонда Президент әділетті және ашық Қазақстанның іргетасын қалайтын бастамаларды жүзеге асыру үшін жаңа демократиялық мандатқа ұмтылатынын мәлімдеген еді. Яғни, Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Сондықтан Қ.Тоқаев 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге бел буды. Әрине, 2025 жылға дейін күтуіне де болатын еді. Бірақ ол әлемнің теңселіп тұрған шағында мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға ұйғарды, өкілеттік мерзімін қысқартуға барды. Қазақстан лидері әлемде болып жатқан геосаяси аласапыранға қазақ елінің де қатты алаңдайтынын білдірді.
«Жаһандануға, өзара тәуелділікке және ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке өміршең балама жоқ. Тәуелділікті азайтуға және тұрақтылықты арттыруға бағытталған күш-жігер болғаны жөн, алайда ол көп жағдайда ақылға қонымды болғанымен, соңғы онжылдықтарда жаһандық өркендеуге ықпал ететін барлық дүниелерден барынша кері кетуге әкелмеуі тиіс. Біз тәуекелді және жаһандық жү­йенің осалдығын кемітуге міндеттіміз және біз бұған одан бас тартпай, ынтымақтас­тықты нығайту арқылы жетуге ұмтылуымыз керек», – деді Қ.Тоқаев.
Ол Қазақстан ежелден Шығыс пен Батысты байланыстыратын алтын көпір болып келгенін жеткізді. Еліміз континентте орналасқан екі алпауытпен шектеседі: Ресеймен 7 600 шақырым, Қытаймен 1 800 шақырым ортақ шекарамыз бар. Бұған қоса, Еуропамен және дүниежүзінің өзге елдерімен кең ауқымды сауда байланысымыз орныққан. Сондықтан әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті құндылық тұтатын, бағалайтын елдердің басында қазақ елі тұр.
«Бүкіл тарихымызда, әсіресе тәуелсіздік алғалы бері біз көршілермен арадағы келіспеушіліктерді байсалды, бітіммен шешу керек және өзара тиімді байланыс­тарға, ынтымақтастыққа немесе сенімге ерсі істермен еш нұқсан келтірмеген жөн деген ұстанымдамыз. Нәтижесінде, Қазақстан және тұтастай алғанда Орталық Азия ірі державалардың аймақ халқының игілігі үшін өз мүдделерін өзара тиімді жүзеге асыру бағытында бірлесе жұмыс істеу қабілетінің жарқын үлгісін көрсетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның байламынша, біздің елде де қиындықтар тудырған ауыр халықаралық қысымға қарамастан, біз шекарамызды жаппаймыз және оқшаулануды таңдамаймыз.
«Менің елім жол айрығында тұр. Осы кезеңде алдымызда тұрған сындарлы сұрақтарға жауап бермесек, «орташа кіріс тұзағына» түсіп, оптимистік, жігерлі және өршіл жас азаматтардың буынына қауіп төнеді. Екі апта бұрын мен Парламентке «Әділ және ашық Қазақстанды» құру жоспарын ұсындым. Бұл жоспар шешім қабылдауды орталықсыздандыруға, заң үстемдігін нығайтуға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Ол саяси тәртіпті түбегейлі қайта құруды және еліміздің амбицияларын жүзеге асыру үшін ең тиімді басқару үлгісі болып табылмайтын «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартуды көздейді», – деді Қазақстан көшбасшысы.
Осы орайда, мемлекет саяси партияларды тіркеу мен құруға қойылған шектеу­лерді алып тастау арқылы плюрализмнің жаңа дәуіріне аяқ басады. Президенттің мандаты бірреттік 7 жылдық мерзіммен шектеледі. Ал бұл Қазақстандағы демократияны дамытудағы және елімізді дамыған мемлекет ретінде жаңғыртудағы нағыз серпіліс. Дүниежүзінің бірде-бір мемлекеті мұндай батыл қадамға барған емес.
«Бұл ұлттық саясатымызды түбегейлі өзгертуден кем емес. Сондықтан жан-жақты реформаларды ілгерілету үшін елден күшті сенім мандаты қажет. Сондықтан мен осы күзде президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдадым және барлық болашақ президенттердің бір мерзімнен артық қызмет етуіне жол бермейтін заң енгіздім. Кейбір сарапшылар біздің мұндай ауқымды реформаларды жүзеге асыра алатынымызға күмәндануы мүмкін. Дегенмен барлық тарихи өзгеріс­тер саяси батылдық пен құрбандықты қажет етеді. Ал мен бұл міндеттің ауқымдылығын жақсы білемін», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Оның байламынша, тоқырауды болдырмас үшін реформаларды барынша жедел жүзеге асырып, қарқынды түрде алға жылжу маңызды.
«Қазақстанда билікті ашықтық пен орталықсыздандыру арқылы әділ бөлу, ұлттық даму және экономиканы әртараптандыру мәселелерін шешіп жатқанымыз­дай, біз климаттың өзгеруі, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін халықаралық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Қазақстан осы жаһандық сын-қатерлердің барлығын шешуге өз үлесін қоса алады және белсене атсалысады. Ұлттық және жаһандық деңгейдегі осы маңызды бетбұрыс кезеңінде біз соңғы дағдарыстардан дұрыс сабақ алып, қазіргі жолымызды жаңартуға және нығайтуға тырысуымыз керек», – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.