Елімізде халық такси қызметінің қымбаттағанын айтып жиі шағымданады. Әсіресе, саланың толығына жуығын уысында ұстап тұрған «Яндекс.Такси» компаниясына қатысты арыз көп. Таяуда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы алпауытқа қатысты тексеріс жүргізіп жатқанын жариялады. Себебі сервис бағаны негізсіз өсіре берген. Бірақ шикілік мұнымен бітпейді. Баға саясатын басқаратын кім? Соңғы 10 жылда Қазақстанда такси бағасы орта есеппен 5 есеге өскенін осыған дейін де сарапшылар айтып жүрген еді. Дегенмен «Яндекс.Такси» қымбатшылықтың көкесін көрсеткісі келгендей екен. Алматыда кептеліс кезінде қаланың ішіндегі тасымалдар үшін бағаны 2 500-3 500 теңге аралығында белгілеген. Осы үшін жауапкершілікке тартылар сыңайы бар. Сонымен, такси қызметінде кем-кетік көп. Energyprom есебінше, 2022 жылы Қазақстан такси қызметінің бағасы бойынша ТМД-да Әзербайжаннан кейінгі екінші орынға жайғасқан. Өйткені бәсекелестік жоқ, ол жоқ жерде баға жоғары болады. Елдегі ең танымал жалғыз компания сол ғана, басқа таңдау көрмейсіз. Таяуда такси жүргізушілерін салық төлеуге міндеттеу туралы заң жобасы шықты. Енді олар жаппай салық төлеуге көшсе, қызметтің бағасын тіптен көтеріп жіберуі мүмкін. Жалпы, такси қызметінде негізгі табысты жүргізушілер емес, компания мен таксопарктер көретін секілді. Мәселен, қазір үлкен қалаларда көлікті жалға алып (күніне 9-12 мың теңге аралығы) таксиші болып жүргендер бар. Қараңыз, күніне 9 мың теңгеге автокөлік жалдайды, жанармайы тағы бар, оның үстіне күндік табысының 20-22 пайызын «Яндекс» пен таксопарк алса, оларды жарытарлық күн көреді деп айта алмаймыз. Зейнетақы, медсақтандыру төленбейді, ешқандай әлеуметтік төлем жасалмайды. Сондықтан такси жүргізушілері елдегі орташа айлық көлемінде ақша табу үшін күніне 14-15 сағаттан жұмыс істейді. Содан қарсы тараптың пікіріне ұшыраймыз. Қазір такси бағасын көтеруді сұрайтын жүргізушілер көбейіп кеткен. Мәселен, Дастан есімді «Яндекс» жүргізушісі осыны құптайды.
– Кептеліс уақытын айтпағанда, көбіне «Яндекс» жолдың жырақтығына қарамастан 600-800 теңгелік тапсырыстарға жібереді. Оның 120-160 теңгесін комиссия етіп алады. Кеткен бензиніміз бар. Оларды есепке алғанда ештеңеге жарымайтынымызды түсінесіз. Әрине, халыққа да тиімді болғаны дұрыс. Бірақ мұншама арзан бағаны қоюдың қажеті жоқ, – дейді ол.Айтпақшы, таяуда біз осы мәселеге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерекше ұсыныс даярлауға ниеттеніп жатқанын жазған едік. Ведомствоның ұстанымы бойынша такси қызметіндегі жүргізушілерді салық төлеуге міндеттеп, салмақ салудың қажеті жоқ. Ойластырған дүние келесідей: Еңбек министрлігі «Яндекс.Такси», «Индрайвер» секілді алпауыт такси компанияларымен келіссөз жүргізуге кіріспек. Бұл компаниялар адам тасымалдайтын өзіне қарасты жүргізушілерден комиссия алатыны белгілі. Ал ведомство компанияларды комиссиядан түскен ақшасының 4 пайызын жүргізушілердің әлеуметтік төлемдеріне аударуды міндеттемекші екен. Әзірге мұның ұсыныс күйінде ғана екенін ұмытпаған жөн. Кәсіптің көзін тапқандар көбейді Былтырдан бері такси қызметіне қатысты түрлі «қызықтар» ашылуда. Осындайда «такси қызметі қомақты табыс әкелмейді» деген пікірді жоққа шығаратын жайттар кездеседі. Мысалы, былтырдан бері кейінгі кезде өз машинасы бар мемлекеттік қызметшілердің интернет-агрегаторлар мен автотасымал сервистерінде тіркеліп, сол арқылы жолаушылар тасып, қосымша пайда табуы жиілеп кеткен екен. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, шенеуніктерге «педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға қатаң тыйым салынған. Сондықтан мемлекеттік қызмет істері ведомствосынан осы мәселеге қатысты түсініктеме сұраған кадр бөлімдерінің өтініші қаптаған болатын. Басты сауал – «Мемлекеттік қызметшілердің «Яндекс.Такси» және «Индрайвер» мобильді қосымшаларына тіркелу арқылы көлік қызметін ұсынуы кәсіпкерлік қызметке жата ма?». Бұған былтыр Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова жол бермеген жөн деп жауап қатқан еді. Оның айтуынша, заңнама бойынша мемлекеттік қызметшілердің кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
«Автомобиль көлiгi туралы» заңның 1-бабының 25-2) тармақшасына сәйкес, таксимен тасымалдаушы – бұл жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлік кодекстің 2-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтардың қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған дербес, бастамашыл қызметі де кәсіпкерлік саналады. Осының негізінде, көлік қызметін ұсыну қызметі кәсіпкерлік қызметке жатады деп пайымдаймыз», – деген еді агенттік төрайымы.Осыған қарамастан мұндай бизнестің қарқыны әлі тоқтамай тұрғанын жиі естіп жатамыз. Қош, «Яндекске» қатысты сұрау салғанымызда, компанияның баға саясатынан бөлек тұста да шикіліктері жететінін аңғардық. Жауапкершіліктен жалтаратын компания Қазіргі уақытта «Яндекс.Такси» қызметінде 150 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. Компанияға таксопарк иелері де ренжіп отыр. Кей таксопарктердің «Яндекс» қосымшасына тіркеліп, агрегаторлар ретінде жұмыс істейтінін білеміз. Олардың қол астында жүргізушілер болады. Таксопарк иелері ең басты мәселенің бірі – жүргізушілердің қауіпсіздігі екенін айтып отыр. Табыстан үлес алып отырғанына қарамастан «Яндекс» жауапкершіліктің барлығын соңғы орынға ысырып тастаған екен. Бұны бізге Алматыдағы «Автомода» таксопаркін басқарған Гүлбаршын Думан айтып берді.
– Біріншіден, бағаны «Яндекстің» басшылығы белгілейді. Ал таксопарктерде мұндай мүмкіндік жоқ. Баға әсіресе жауынды күндері, кептеліс кезінде көтеріледі. Екіншіден, қазір жүргізушілер табыстың 20-22 пайызын «Яндекс» алады деп ойлайды. Негізі компания 15-17 пайызын, қалған 5 пайызын ғана таксопарк иеленеді. Үшіншіден, ең басты айтқымыз келгені – «Яндекс» жүргізушілер арқылы табыс таба тұра, мойнына жауапкершілік алмайтыны. Кесірі таксопарктерге тиеді. Мысалы, былтыр Ұзынағашта адам тасымалдап жүрген жүргізушіні пышақтап кетті. Одан соң адам алып келе жатқанда бір жүргізушімізді әскери қызметші жеке автокөлігімен соқты. Бірақ әскери қызметші эпилепсиямен ауырады делініп, жауапкершіліктен босап кетті. Ал жәбірленуші тарапқа 6 мың теңге ғана төленді. Оның бәрінде алпауыт компания тыс қалды. Яғни, «Яндекс» жүргізушілердің мүддесін қорғамайды, – дейді ол.Гүлбаршын Думан мұндай проблемалардың көптеп кездесетінін, соның бәрінде «Яндекске» хабарласа алмайтындарын айтады. Тек робот жауап қатып, әр нәрсені сұрағандай болады екен. Міне, алпауыттың қауіпсіздікке жауап бермейтінінің анық көрінісі. Жүргізушінің көлігі бұзылып, жолда қалғанда да эвакуатор шақыруды мойнына алмайды. Айналып келгенде, әбіргерге түсетін – жүргізушінің өзі. Жүргізушілер де жетісіп тұрған жоқ Жолаушы ретінде «Яндекс.Go» қосымшасы арқылы такси шақыртсаңыз, жүргізушінің аты-жөні, фотосуреті, рейтингі көрініп тұрады. Дегенмен жүргізушілердің кейбірі өзі жайлы мәліметті дұрыс жеткізбейді екен. Гүлбаршын Думанның айтуынша, такси жүргізушілері екі аптада бір рет фотобақылаудан өтеді. Яғни, өзінің бет-бейнесін, автокөлік салонын, шанағы мен жүргізуші куәлігін, техпаспортын суретке түсіріп, бағдарламаға жүктеп, тіркеп отыруы тиіс.
– Бірақ жүргізушілер деректерін дұрыс көрсетпей жататын кездер болады. Менің такспопаркімде де ондайлар кездесті. Ағасының немесе әкесінің деректерін тіркейді де, басқа адам таксист болып жүреді, – дейді ол.Бұдан соң жолаушылардың арыздануына негіз бар. Жалған мәлімет арқылы жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің салғырттығы да қауіпсіздік мәселесін үдетіп отырғандай. Қайткен күнде де, «Яндекске» қатысты мәселелерді құзырлы органдар заңмен ретке келтіретін кез жетті. Әйтпесе бұған қатысты даулардың биыл басылатын түрі жоқ.