Такси қызметі қай «қақпанға» түспек?
Такси қызметі қай «қақпанға» түспек?
666
оқылды
Такси қызметі заңсыз­дық­тан арылар емес. Қазір авто­көлік тізгіндеген екі адамның бірі қолы қалт етсе, ақысына жолаушы тасымалдап, азған­тай табыс тапқанды құп кө­ре­тіні шындық. Елімізде соңғы жылдары заңсыз такси қыз­метіне түбегейлі тыйым салу­ға талпыныс бар еді. Бұл ты­йым­ға біреу келіссе, енді бірі қарсы. Дегенмен такси қыз­меті көлеңкелі экономи­каның шырмауынан шыға ал­мауда. Енді салаға жауапты­лар мә­селені заңмен шешуге көшті. Қайта тұтанған ескі дау Бұдан былай елімізде такси қызметін көрсететін жүргізушілер кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлемесе, көлігі тәркіленеді. Ал талап орындалмаса, алдымен 46 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Егер такси жүргізушісі бір жыл ішінде құжатын жасат­паса, айыппұл сомасы екі еселе­неді. Екі ескертуден кейін заңға көн­дік­пеген жүргізушілер көлігі­нен айы­ры­лады. Бұл тұста таксо­парктерге де жауапкершілік қа­ралып отыр. Жүргізуші таксопарк арқылы қыз­мет көрсетсе, салық­ты таксопарк иесі төлеуге мін­детті. Мемлекеттік кірістер коми­тетінің бұл бастамасы жүргізуші­лердің наразылығын тудыратыны айтпаса да белгілі. Соңғы екі жыл­да бұл мәселе бір­неше рет тал­қыға түсті. Мәселен, биыл көк­темде елде заңсыз такси қыз­метімен айналысқандарды қатаң жазалауға мүмкіндік беретін заң жобасы қоғам талқылауына шы­ғарылды. Негізі, заңсыз такси қыз­метін көрсеткендерді әкім­шілік жазаға тарту бойынша заң жобасы былтыр тамызда ұсыныл­ған. Кейін толықтыруға жіберілді. Ақыры, көктемде жарияланған ұсыныс қолдау тапқанға ұқсайды. Дегенмен жаңа заңды негізсіз дей алмаймыз. Ең алдымен, «заңсыз такси қызметімен не үшін күресу керек?» деген сауалға жауап ізде­сек. Бір ғана мысал, Қазақстанда такси нарығының жылдық та­бы­сы – орташа есеппен 120 млрд тең­ге. Оның 95 пайызы көлеңкелі эко­номикада қалады. Міне, осы­дан-ақ жағдайды бағамдай бе­ріңіз, мемлекет салықтан қағыла­ды, оның үстіне заңсыз жолаушы та­сымалдаған жерде қауіпсіздік жайы ескерілмейді. Осының бәрі саланы заңмен реттеуге мәжбүр еткені анық. Еңбек министрлігінің көзқарасы басқа Таяуда біз осы мәселеге бай­ланысты Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі ерек­ше ұсыныс даярлауға ниет­теніп жатқанын естідік. Ве­домс­тво­ның ұстанымы бойынша, такси қызметіндегі жүргізуші­лерді салық төлеуге міндеттеп, сал­мақ салудың қажеті жоқ. Ойластырған дүние келесідей: Ең­бек министрлігі «Яндекс.такси», «Индрайвер» се­кілді ал­пауыт такси компа­ния­ларымен келіссөз жүргізуге кіріс­пек. Бұл ком­паниялар адам тасы­малдай­тын өзіне қарасты жүргізу­шілер­ден салық алатынын білеміз. Ал ведомство компанияларды са­лы­қтан түскен ақшасының 4 па­йы­зын жүргізушілердің әлеуметтік төлемдеріне аударуды міндет­темекші екен. Мысалы, бір ғана «Яндекс.такси» бағдарламасына Қазақстан аумағынан 150 мыңнан астам адам тіркелген. Компания әр жүр­гізушінің тапқан табысының шамамен 5/1 бөлігін салық ретінде алып отырады. Жүргізуші айына 500 мың теңге тапса, 100 мың теңгесі «Яндекс»-ке тиесілі деген сөз. Алдағы уақытта жаңа ұсыныс қабылданар болса, «Яндекс» сол 100 мың теңгенің 4 пайызын, яғни ай сайын такси жүргізушісінің әлеуметтік төлемдеріне 4 мың тең­ге аударып отырады. Есесіне, жүр­гізушілер кәсіпкер ретінде тірке­ліп, есеп жинап, салық төлеп, са­былып жүрмейді. Біз Еңбек ми­нистрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ондағылар бұндай бастаманың расымен ойда барын, ұсыныс алдағы 1-2 айда дайын болып қалуы мүмкін екенін айтты. Ақылға қонымды ұсыныс­тың бірі – осы. Бақылаудың бабы келіспей тұр Қош, сонымен, такси қызме­тін­дегі әр жүргізуші кәсіпкер ре­тінде тіркеліп, салық төлеуге мін­дет­телді делік. Алайда оларды бақылаудың нақты тетігі жоқ бо­лып тұр. Қазақстанда 2013 жылдан бері такси қызметімен заңсыз ай­на­лысқандарды Ішкі істер ми­нистр­лігі өз бақылауына алған еді. Алайда нәтиже болмады ма, әй­теуір 2019 жылдан бастап бұл жұ­мыс Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігіне қа­рас­ты Көлік комитетінің құзы­ретіне ауысты. Содан соң заңсыз жолаушы тасымалдаушыларды анықтау жұмысы қарқын алды. Комитет сол кездері қарап жатпай заңсыз жүргізушілерді анықтауға бағытталған арнайы жол картасын да қабылдап үлгерді. Кейін 1 жылға жетпейтін уақыт ішінде жолаушы­лар тасымалы ережесін бұзып, еш рұқсатсыз осы кәсіппен айналыс­қан 40 мыңнан астам адам анық­талып, 10 миллион теңгеден көп айып­пұл өндірілді. Тіпті, Ішкі іс­тер министрлігінің рұқсатынсыз-ақ көліктерге қатысты тексеруді үдеткен комитеттің дәурені жүрді. Ал тіркеусіз такси жүргізуші атан­ғандарға салынатын айыппұл мөлшері онсыз да аз емес еді, 40 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі шекте болған. Негізі, такси қызметін заңдас­тыру азаматтар үшін аса қиын емес. Алайда көпшілік такси жүр­гізуші болуға жүрдім-бардым қарап, кәсіптік жағын елемейді. Әйтпесе, салық органдарына жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Такси жүргізушілері тапқан табы­сынан жырып, салық төлейтіні бел­гілі болғанымен, олардың қан­ша мөлшерде пайда тауып отыр­ғанын анықтау қиын. Яғни, нақты тетігі жоқ. 2020 жылы Қаржы ми­нистр­лігін сарсаңға түсірген тұс – осы мәселе. Сол үшін кірістер ко­митеті тұрақты түрде жол-жөне­кей адам ала кететіндердің айлық кі­рі­сін есептеп тұратын амал та­буға тырысып жатыр деген ақпар тарап, кейін жұмыстың бәрі тын­шыды. Әзірге жай-күйі анық бір нәрсе, егер жолаушы тасушының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі 60 мың теңгеден кем болса салық төлемейді. Демек, олар жеке тұлға ретінде қызметті ары қарай атқара алады. Бірақ табысы 60 мың теңге­ден асатын болса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі ке­рек. Сонымен қатар патент бойын­ша немесе басқа да салықтық режимді таңдап, өзінің кәсібін жүргізе береді. Такси қызметінің табысын анықтау мәселесі алдағы уақытта шешімін табуы мүмкін. Өйткені келесі жылдан бастап банктегі жеке есепшотына өзге тұлғалардан үздіксіз қаржы түсіп тұрса, кәсіпкер санатына жатқызы­лып, салық ұсталады. Ал біздегі заңсыз жүргізушілердің түгелі дер­лік ақысын онлайн аударым арқы­лы алады. Демек, бұл мәселе ше­ші­мін табатын тәрізді. Заңсыз таксистерді анықтау үшін құзырлы органдар жолдағы әр көлікті тоқтатып жүрмейтіні анық. Біреулер көше бойындағы жолаушыны алып, қалаған мекен­жайына жеткізеді. Ешкім білмей де қалады. Заңсыздық осылай үдей бермей ме деген күмән бар. Мәсе­лен, бір елорданың өзінде жолау­шы тасымалдайтын өзге ұлт өкіл­дері тым көбейіп кетті. Көпшілігі кәсіпкер ретінде санатта жоқ. Яғни, Қазақстанға келіп, жолаушы тасымалдай беру аса қиын іс емес екен. Қауіпсіздік жағы елеусіз. Ал жолаушылар мен жүк тасымалы бойынша сарапшы, Республи­ка­лық такси қызметі қауымдас­тығы­ның басшысы Медет Құр­манов еліміздегі такси қызметіне ауқым­ды реформалар қажет екенін айтады.
– Алдымен, баға саясатын ба­қылауға алу керек. Себебі шетелдік такси қызметтері отандық нарыққа кіру үшін бағаны әдейі төмендетеді, солай Қазақстан такси парктері мен жергілікті автопарктерге зиян шектіреді. Кейін өз аудиториясын қалыптастырып алған соң қалаған бағасын қойып, шамадан тыс кө­тереді. Екіншіден, такси агрегат­тары сандық платформа ретінде тіркеліп, заңды тұлға аталуы тиіс. Үшіншіден, әкімдік өз аумағын­дағы такси қызметіне деректерін тіркеп отыратын құжат енгізгені абзал. Төртінші қадам, BIG Data негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылып, такси қызметінің сапасын бақылайтын қалалық мониторинг орталығы ашылса игі. Яғни, нарықта жұмыс істегісі келген такси қызметі әкімдікке өтініш береді де, әкімдік оны BIG Data базасына тіркейді. Кейін BIG Data базасын полиция, сақтандыру және басқа да мемлекеттік қыз­меттермен байланыстыруға бо­лады. Бұдан бөлек, кез келген рес­ми такси көлігінің сыртына арнайы сурет не бейне жабыстыру қажет, – дейді ол.
Қымбатшылық қарқын алды Сонымен, такси қызметінде кем-кетік көп. Елімізде такси қыз­­метінің басым бөлігі заңдас­тырыла берген сайын баға да құ­бы­лады. Energyprom есебінше, 2022 жылы Қазақстан такси қыз­метінің ба­ғасы бойынша ТМД-да Әзербай­жаннан кейінгі екінші орынға жай­ғасқан. Өйткені бә­секе­л­естік жоқ, ол жоқ жерде баға жоғары бо­лады. Бәрі біледі, елде кең та­рал­ған 1-2 компания ғана, басқа таң­дау көрмейсіз. Ендігі мә­селе – так­си жүргізушілері жап­пай салық тө­леуге көшсе, қыз­меттің бағасын көте­ріп жіберуі мүмкін. Республи­калық такси қыз­меті қауымдастығы былтыр такси құнына қатысты қызықты дерек ұсынған. 5 жылдың ішінде такси қызметі 5 есеге қым­баттаған екен. Мысалы, 2015 жы­лы такси бағасы орташа есеппен 200 теңге болса, 2020 жылы 1000 теңгеден асып жығылған. Баға одан әрі қымбаттай берері даусыз. Не дегенмен де, такси қызметін заңдастырудың халық үшін артық­шылықтары өте көп. Бұл ең алды­мен, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қауіп­сіздік демекші, АҚШ-та такси қызметін ұсынатын ком­па­ниялардың кейбірі көлік жүргізу­шісі мен жолаушы арасын темір­мен оқшаулайды. Себебі жүргізуші мен жолаушы арасында қылмыс болмасына ешкім кепіл бола ал­май­ды. Мәселен, жол бойында такси тоқтатасыз, бәлкім ол такси емес, қылмыскер болып шығуы мүм­кін. Сондықтан заңдастырудың пайдалы жағын да көбірек ойлаған абзал сияқты. Алдағы Еңбек ми­нистрлігі бұл мәселеге байланысты ұтымды ұсыныс айтады деп ой­лаймыз.