«Жүз мыңның» жүгі ауыр ма?
«Жүз мыңның» жүгі ауыр ма?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
322
оқылды
Мемлекет басшысы «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру­дың негізгі құралы» деді және 2020 жылғы халыққа Жол­дауын­да 2025 жылға қарай цифрлық сала бойынша тауар қыз­метін кем дегенде 500 млн АҚШ долларына жет­кізуді тап­сырып, цифрландыру туралы ұлттық жоба ая­сында жо­ғары санатты IT мамандар әзірлеу керегін айтты. Әйтсе де, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл саланы сонда да «сәнді үрдіс» деп ойласа керек, биыл мамыр айында 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындайтынын айтып, сапаға емес, санға жұмыс істейтін популистік ше­шім ұсынды. Ведомство басшысы бағ­дарламалау мектептеріне гранттар (вау­черлер) беретінін, орта мектептерде білікті IT-оқытушылардың жетіспеушілігі проб­лемасын шешу үшін сол кездегі БҒМ-мен бірлесіп «Виртуалды мұғалім» жобасын ен­гізетінін алға тартты. Бұдан бөлек, бү­гінде жекеменшік IT-мектептер маман даярлау үшін ваучер алуға өтінім бере ала­ды. Tech Orda бағдарламасы бойынша былтыр 13 жекеменшік IT-мектеп қаржы­ландырылып, 100 студент білім алды. Бұл жобаны Мусиннің министрлігі Astana Hub Технопаркімен бірлесіп жүзеге асыруда және 2025 жылға дейін 20 мың студент дайындамақ. Одан өзге, елімізде соңғы жылдары ІТ мамандарын дайындауға ден қойылды. Соңғы екі жылда «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» ма­мандығына мемлекеттік гранттар едәуір көп бөлінген («Педагогикадан» кейінгі екінші орында): 2020 жылы – 3 568, былтыр – 7 487, биыл 9 103 грант. Елімізде осы мамандықты оқытатын 50-ге жуық жоғары оқу орны бар. 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау мүмкін бе? Мүмкін болған күннің өзінде, ІТ-маман деген тізімге кімдер кіреді? Мусин қай салаға қандай мамандар керектігін зерттеп алды ма? Бұл сұрақтарға мамандардан жауап алдық.   Ерлан ОСПАН, ІТ маманы: – Осынау ең заманауи мекемедегі «же­тіп алып, басып озамыз!» деген ұран мені таңғалдырады. Себебі IT саласы мемле­кеттік реттеуге көнбейді, тым еркін, жала­қыдан бастап, білікке дейін нарық өзі рет­тейтін сала. Мына құрсауға ұшыраған Ресейдің өзі IT саласы үшін салыстырмалы түрде еркіндік беріп отырғаны содан. Айталық, Python кодерін дайындап шы­ғарды. Ол комбайнер емес: жұмыс алқабы мемлекеттік шекарамен бітпейді, интернет арқылы бүкіл әлеммен байланыста болады. Оған енді, айталық, Google «құда түсті» делік. Жалақы да, мансап та жоғары. Сон­да, оны оқытар алдында «осы елде өлем, ешқайда кетпеймін» деген қолхат алу керек пе еді? Әлде кісендеп қоямыз ба? Неге 100 мың маман? Болжалды дефи­цит картасы бар ма? Дизайнер ше, IT-маман ба? Газет қаттаса, бірақ ол UI/UX үйреніп алса ше, енді маман ба? Офистің принтер-ксерокс қожалығына жауап беретін адам ше, IT-маман ба? Жүз мың маманға байланысты осындай сауал көп. Меніңше, біздің министрлік әлемдегі алпауыт елдерге еліктейді. Солардың бағдарламаларын Қазақстанға экстра­поляция жасай салады. Дәл сол уақытта, орташа мәліметтер қорын басқару, CRM-жүйелердің барлығы шетелдіктердің қо­лында. Бір ғана бәріңізге таныс бухгал­тер­лік бағдарламаға Қазақстаннан Ресейге миллиардтаған ақша кетеді. Соның ара­сында өзімізде жасаған да, жасай алатын да кодерлер өріп жүр. Сондықтан жүз мың емес, күшенсек, миллион да маман дайын­дауға болады, бірақ сапасы қалай бола­тынын білмеймін. Әйтеуір министрдің өз уәдесін формал орындауға мүмкіндік бар, ол енді рас. Негізі, менің есімде, мұндай уәде беруді Билл Клинтон бастады. Ұмытпасам, ол жылына 500 мың IT-маманға квота бер­мек болды. Бұл жарысқа Германия қо­сылды. 2000 жылдардың басында басталған бұл жарыс интернет кең тарағасын кілт тоқтады. Себебі онлайн-жұмыс істеу мүм­кіндігі тапсырыс беруші мен орындау­шының арасындағы шекараны жоқ қылды. Аттай қалап алған кодерлер далада қалған уа­қыт­тар да болды, «C++ тілінде код жа­зам, тамақ алып берсеңіз болды» деген әзіл содан қалған. Тоқетері, IT саласы – мем­лекет өзінің жүн-жүн қолын сұқпай, өз бетімен қоятын сала, реттеуге көнбейді. Бәлкім, сол мамандарды дайындаймын деген бі­реу­лердің жағдайы жақсарып қалатын болар, қызығы, бұған еш қар­сылығым жоқ. «IT-маман» деген – тап қазір, HR көзімен нақты айтсақ, кейсі интернетте тұрған адам. Мына жерде менің мынадай жұмыстарым бар деп сілтеме бересің. Көп болса – жақсы, жоқ болса, тиынға болса да жалданып, портфолиоңды семіртесің. Кодер болсаң – жасаған қосымшаңа, сай­тыңа сілтеме бересің, дизайнер болсаң, жұмысыңды салып қоясың. Сені құлба­зар­дағыдай таңдайды. Ал диплом деген – қа­зіргі нарықта күлкілі дүние, ештеңе дә­лел­демейді, саған ескі заманда қалып қойған кемпір сияқты қарайды. Болғаны осы.   Садық ШЕРІМБЕК, Технологиялық жобалар кеңесшісі: – Әрине, министрдің амбицияға толы бұл бас­тамасы қуантады. Бірақ мате­риал­дық база 100 мың маман дайындауға жетпейді. 2025 жылға дейін нарықтық-ба­залық сұранысты өтейтін тым болмағанда сапалы, сауатты 10 мың маман даярлайтын болса, мұның өзі жетістік. Елімізде бағ­дарламашы-инженер мамандығын бітірген қаншама күзетші, даяшы, саудагер және тағы басқасы бар. Осы саланы оқыған неше мың адам нарықта жұмыс істеп жат­қан жоқ. Өйткені жоғары білім мен нарық бір-бірімен қабыспайды, деңгейлес емес. Соңғы 10-15 жылда бұл екі таған бір-бі­рімен ешқандай байланыспаған және ол ба­ғытта жұмыс істелмеген. Бізде ІТ маман­дығы бойынша университеттік білім алып шығатын болсаңыз, ешқайда жарамайсыз. Елімізде жақсы маман дайындайтын 3-4 ЖОО бар шығар, оның өзінде ұстаздың білімінен емес, сол жерде қалыптасқан ізденуге құмар ІТ ортадан мамандар шыға­ды. Ал қалған университеттер диплом бе­реді, бірақ білімді, білікті маман дайын­дамайды. Өкінішке қарай, тіпті кейбір бетке ұстар білім ордаларының өзі өткен ғасырда қалып кеткен бағдарламалау тіл­дерін оқытады. Бұл оқу бағдарламасы бәл­кім ғылыми жұмыстар үшін пайдалы болатын шығар, бірақ, нарықты қамти алмайды. Сондықтан Цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп, бұл салада экспери­менттік жобалар жасауы керек. Жалпы, әлем ІТ саласы бойынша жо­ғары білімнің қажеттілігін сезініп жатқан жоқ. Керісінше, өз бетімен ізденіп, жоба жасаған жастарға сұраныс бар. Елімізде университет бітірген мамандардың 5-10 пайызы нарыққа барып жұмыс істейтін шығар. Ал халықаралық компаниялардағы мамандардың 70-80 пайызы – басқа саладан келгендер. Елімізде ІТ саласында маман тапшы, бұл рас. Көптеген білікті жас шетелге кетіп қалып жатыр. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялар мекеме жанынан маман даярлайтын кадрлық орталықтар ашып жатыр. Сол жерде базалық білім беріп, курс­ты аяқтаған мамандардың белгілі бір пайызын өз компаниясына жұмысқа алады.   Қозыке САТЫБАЛДЫ, ақпараттық қауіпсіздік маманы: – Бұл – мүмкін көрсеткіш. Өйткені бұл – университетте төрт жыл оқып, білім ала­тын мамандық емес. Компьютерге икемі бар, ІТ-дің жүйелік әкімші, әзірлеуші, ақпараттық қауіпсіздік сияқты белгілі бір бағытын бір жылдық курстардан үйреніп алған басқа сала мамандары да ІТ-маман бола алады. Елімізде, тіпті әлемде дипломы жоқ ІТ-мамандар көп. 100 мың ІТ маман дайындасақ, еліміз­дің осы саласында бәсекелестік қалып­тасады, сәйкесінше, сапа артады. Ал сапа жақсарса, отандық ІТ саласының әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуына мүм­кіндік жасайды. Сол арқылы біздің маман­дар шетелден тапсырыс алатын болады. Бүгіннің өзінде елімізде кәсіби сауатты ІТ-мамандар бар, олардың көбі шетелден тапсырыс ала алмайды. Мәселен, Беларусь еліндегі ІТ-мамандар ішкі нарыққа да жұ­мыс істейді және Еуропадан да жоба алады. Ал бұл елдің экономикасын көтереді.

Айдана НҰРМҰХАН