Жайын айтсақ IT-дің...
Жайын айтсақ IT-дің...
Кolesa.group командасы жүргізген зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, қазақстандық IT мамандарының орташа жасы 26-27 жас екен. Сарапшылар саладағылардың «жасарып» бара жатқанын айтады. Шынымен, бүгінде мектептің жоғары сыныбында немесе университеттің төменгі курсында оқып жүріп, небір ғажап IT-жобалар жасап шығарған жеткіншектер жайлы жиі еститін болдық. Жастардың ақпараттық технологияға көптеп тартылуын отандық және шетелдік нарықтағы сұраныстың артуымен, сәйкесінше жалақының жоғарылауымен байланыстыруға болады. Жігіттер жылдам, қыздар мұқият Елімізде IT-ді әзірге «ерлер айна­лысатын мамандыққа» кө­бірек жатқы­зуға болады. Өйткені 2021 жылы салада­ғы ерлер үлесі 89 пайызды, 2020 жылы 86 пайызды құраған. Қыз­дардың үлесі тестілеуші/QR-инженерлер арасында көбірек: былтыр бұл көрсеткіш 37 пайыз болған. Ал backend, frontend және mobile әзірлеушілер мен жүйелік әкімшілердің 90 пайыздан астамы – жі­гіттер. Ки­бершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының президенті Олжас Сә­тиевтің пікірінше, көп жағдайда инженер жігіттер мен инженер қыздар арасында айырмашылық бар.
«Әдетте ерлер тез бағдарламалайды, бірақ оны әркез ұқыпты жасамауы мүм­кін. Ал қыздар, керісінше, код жазуда әлдеқайда мұқият келеді», – дейді ол.
Қазақстандық IT-аудиторияға қатыс­ты айтуға болатын тағы бір қызық жайт – соңғы уақытта аяқталмаған жоғары білімі бар мамандар көбейген. Мәселен, зерттеуге қатысқан mobile әзірлеуші­лердің 20 пайызға жуығы бакалавриатты бітірмеген. Бұл құбылысқа сарапшылар карантин кезіндегі қашықтан оқу/жұмыс істеу әсер еткенін айтады.
«Бәлкім бұл ЖОО-лардың қашықтан оқу режимі мен компаниялардың қа­шықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуімен байланысты шығар. Студенттерде бос уақыт көбейіп, оқудан алыстамай-ақ жұ­мыс істеу мүмкіндігі туды», – дейді Ko­lesa Group компаниясының техникалық директоры Игорь Бородихин.
Маманның қайсысы мықты? Зерттеуге қатысқан 1 091 маманның 78 пайызы «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша Қазақстанда білім алған. Олардың арасында ТОП-8 уни­верситеттің алғашқы үштігінде Халық­аралық ақпараттық технологиялар уни­вер­ситеті (17%), Сүлеймен Демирел уни­верситеті (10%) және Алматы энер­гетика және байланыс университеті (7%) тұр. Одан кейінгі орындарды Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақ ұлттық техникалық университеті, Қазақ ұлттық университеті, Назарбаев универ­ситеті және Қарағанды техникалық университеті алады. Осы орайда сарапшылар отандық ЖОО-лар мен шетелдік ЖОО-ларды бі­тірген мамандар арасында аса үлкен айырмашылық жоқ екенін жеткізді. Мәселен, Kolesa Group сарапшысы Игорь Бородихин қазақстандық оқу орын­дарының деңгейін ресейлік оқу орындарының деңгейімен бірдей қоя­тынын, отандық университеттер ішінен SDU, NU және ХАТУ-ды ерекшелей ала­тынын айтады. Ал Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығының сарап­шысы Олжас Сәтиев кейбір отандық университет түлектерін жұмысқа алудың неліктен тиімсіз екенін түсіндірді.
«Бізде ХАТУ мен NU-дың біраз мықты студенті болды. Назарбаев уни­верситетінің проблемасы сол – оның студенттері шетелге кетуге тырысады. Оларды 3-курста жұмысқа алсақ, бір жыл жұмыс істейді де, ағылшындары тәуірлері Қазақстаннан кетіп қалады. Бір-екі жылдан соң кетіп қалатын адамды жұмысқа алғың келмейді», – дейді ол.
Аутсорсқа ауысатындар көбейді Мамандар авторлық өнім шыға­румен айналысатын IT-компания­лардан аут­сорстағы IT-компанияларға көбірек ауыса бастаған. Бұған елімізде ТМД-ның аутсорс-компанияларының ашылуы, әлдеқайда жоғары жалақы және шетелге көшу секілді факторлар ық­пал еткен.
«Аутсорс-компанияларға тапсырыс берушілер – әдетте шетелдік компания­лар. Өнім шығарумен айналысатын IT-компаниялардан аутсорстағы IT-ком­панияларға үдере көшу құбылысын мен байқаған жоқпын. Керісінше, көп маманымыз үшін мықты өнім – моти­вация беретін дүниелердің бірі. Менің ойымша, аутсорсқа шетелдік тапсырыс берушілермен жұмыс істегісі келетіндер мен болашақта шетелге көшкісі келе­тіндер ауысады», – дейді Игорь Бородихин.
Beeline Қазақстан компаниясының IT-директоры Алексей Шаравардың сөзінше, аутсорс-компаниялардың бір тартымды тұсы – жоғары жалақы.
«Өнім шығарумен айналысатын IT-компаниялардан ерекшелігі, аутсорс-компаниялар әзірлеушілерге нарықта­ғыдан жоғары жалақы береді. Сондай-ақ олар шетелде жобалар ұсынуы мүмкін, өйткені онда арзан жұмыс күшіне сұра­ныс көп. Біздің жастар үшін бұл – ха­лықаралық компаниялармен жұмыс іс­теп, шетелде орнығуға тамаша мүм­кіндік», – дейді ол.
Бонус беру – нашар идея Былтыр әзірлеушілердің орташа жалақысы 49 пайызға өскен. Мысалы, 2020 жылы ол 459 мың теңгені құраса, 2021 жылы 685 мың теңге болған. Са­рапшылар бұған қашықтан жұмыс істеу кезінде Қазақстан мен шетелдік ком­па­ниялар арасындағы «шекараның» ашы­луы ықпал еткенін айтады.
«Біздің елде инженерлер көбейіп, енді шетелдік компанияларға қызық бола бастадық. Жергілікті компанияларға енді солармен бәсекелесуге тура келеді. Мысалы, бір әзірлемеші күндізгі 11-ден түстен кейінгі 4-5-терге дейін біздің компанияда жұмыс істесе, кештен бастап түнгі 12-ге дейін канадалық компанияға жұмыс істейтін», – дейді Олжас Сәтиев.
Тағы бір айта кетерлігі, былтыр әзір­леушілер арасында премия мен бонустар алатындар үлесі үштен бірге көбейген. Бірақ сарапшылардың айтуынша, ІТ қызметкерге бонус беру оншалықты жақ­сы идея емес.
«Өз басым ешқандай бонуссыз жа­лақы беруді құп көремін. Өйткені осы­лайша әзірлеушілер арасында «жанып кету» азырақ болады. «Егер 160 сағат пен тикетті жапсаң, саған бонус береміз» деген сияқты ешқандай айла жоқ. Сон­дай компаниялардан аулақ болу керек деп ойлаймын. Меніңше, жалақыға бонус қосып беру әдісі сатумен айна­лысатын мамандар үшін жақсы жұмыс істейді. Әзірлеушілерге ол керек емес. Бонус барда компания қызметкерлерден өз бергенінен сәл көбірек пайда алып қа­луды көздейді. «Жасым 22-де, бірақ мен жұмыстан «жанып кеттім» деген сықыл­ды мақалалар сондайда пайда болады», – дейді Kazdream Innovation компа­ниясының бас техникалық дирек­торы Бақытжан Сейтқазин.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ