Алмагүл Мусина: Еліміз өз мүддесін қорғай алады
Алмагүл Мусина: Еліміз өз мүддесін қорғай алады
719
оқылды
«AMANAT»-тың барлық дерлік бастамалары партияның «ақыл-ой орталығы» саналатын Қоғамдық саясат институтының зерттеулеріне сүйеніп жүзеге асырылады. Мұнда әлеуметтік-экономикалық және саяси сараптамалар жүргізіліп, әлеуметтік желілер мен ақпарат көздеріне талдау жасалады. Институт соның негізінде саяси ұйым жұмысын үздіксіз тұрақты өнімдерімен қамтамасыз етіп отырады. Біз «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының әлеумет­танулық зерттеулер бөлімі меңгерушісі Алмагүл Мусинаны әңгімеге тартқан едік. – Институттың жұмысы туралы қысқаша айта кетсеңіз... – Партия қандай да бір бағ­дарламаларды жасағанда немесе іс-шараларды қолға алғанда ең алдымен институттың зерттеу жұ­мыстарына жүгінеді. Ондағы мақ­сат – оның қоғам мен бұқара үшін қажеттілігі мен өзектілігін анықтау. Тың идеялар мен соны ұсыныстарға сұраныстың қаншалықты екендігі бағамдалады. Яғни алдын ала зерделеу жасалғаннан кейін нақты жобаларды жүзеге асыруға кіріседі. Сондай-ақ қай бағдарламаның сәтті жұмыс істеп тұрғандығы, қай­сысының сәтсіздікке ұшыра­ғаны, қайсысын көпшілік жылы қабылдағаны немесе ел арасында қолдау таппағаны анықталады. Жалпы, әлеуметтанулық зерт­теулер Қазақстанда ғана емес, бар­ша әлемде қоғаммен кері бай­ланыс орнату құралы болып сана­лады. Сол арқылы көпшілікті дүр­ліктірген немесе саяси маңызы үлкен оқиғалар сарапқа салынады. Одан бөлек, партияның Респуб­ликалық қоғамдық қабылдауына түскен өтініштер мен шағымдар негізінде халықты, түрлі әлеуметтік топтарды алаңдатып отырған көкейкесті мәселелердің арнайы картасы түзіледі. Сондай-ақ түрлі дерек көздеріне шолу жасай оты­рып, өңірлердің мұқтаждықтары талданады. Халықты әбден мезі қылған, ертең әлеуметтік шиеленіс ошағына айналуы мүмкін түйткіл­дер тексеріледі. Соның негізінде қоғам тәнінде пайда бола бастаған «бітеу жараның» жарылып кетпе­уінің алдын алады. Бір сөзбен айтқанда, қалың бұқараның көңіл күйі жіті қадағаланып отырады. – Халықты не толғандырады? Қандай құндылықтарды хош көреді? Аға буын мен жас буынның таңдауы арасында айырмашылық бар ма? – Зерттеулер арқылы біз ха­лықты бәрінен бұрын әлеуметтік-экономикалық мәселелер толған­дыратынын көреміз. Біріншіден, азық-түліктің, жұрт жаппай тұты­натын тауарлар бағасының өсуі алаңдатады. Тұрғындардың 80 па­йызынан астамы қымбатшы­лыққа наразы. Екіншіден, инфля­ция үздіксіз ұлғайып бара жат­қанына қарамастан, жалақының бұрынғы деңгейде қалғаны қын­жылтады. Сондай-ақ жұмыссыз­дық, сапалы білім мен медици­на­лық қызметтердің қолжетімсіздігі, тағы басқа тұрмыстық түйткілдер бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналды. Ал енді жастарға келетін бол­сақ, өскелең ұрпақ басты құнды­лықтар ретінде денсаулықты (60,3%), отбасын (56,1%), білімді (41,4%) алғашқы орындарға қоя­ды. ТОП-5-ке сондай-ақ адамның бас еркіндігі (35,6%) мен мате­риал­дық тұрғыдан қамтамасыз етілуі (24,4%) кіреді. Құндылықтар бойынша ұрпақ арасында айырмашылық бар. Бұл – бір жағынан классикалық мә­селе, аға буын мен жас буынның көзқарасы әртүрлі болуы заңды. Кәрінің жасқа көңілі толмаушылық қай уақытта да, қай мемлекетте де болған әрі бола береді де. Көптеген әлеуметтанушы жаңа ұрпақ – жаңа заманның жаршысы, бізге ұқсамайды деп айтады. Дегенмен бәріміз бір халықтың өкілі бол­ғандықтан, қай буын үшін де от­басына, денсаулыққа, білімге, тілге қатысты құндылықтар ортақ. – Сіздер зерттеуді тұтас рес­публика бойынша жүргізесіздер ғой, сонда жергілікті жерлерде филиал­дарыңыз бар ма? Әлде ол үшін маман жалдайсыздар ма? Жалдаған адамдарыңыз өзіне жүктелген міндетті қаншалықты адал орын­дайды? Зерттеу нәтижесі қанша­лықты нақты? – Жалпы әлеуметтанулық зерт­теулерді ұйымдастырып жүр­гізуде Институттың өңірлік супер­вайзерлер желісі бар. Зерттеулер ғылыми дәлелденген, халықаралық стандарттар бойынша расталған, әдіснамасы мен әдістемесі алдын-ала негізделген, деректерді жинау және өңдеу техникасы сақталған. Біз зерттеулерді сапалық әдістер­мен де, сандық әдістермен де жүр­гіземіз. Мәселен, бұқаралық сипат алатын ауқымды шараларға сан­дық тәсіл қолданылады, ал әлдебір мәселенің мәніне тереңірек үңілу керек болса, онда сапалық бағытты ұстанамыз. Әйтсе де жұмыс ба­рысында өзімізді қандай да бір әдіспен шектемейміз. Зерттеулер ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізіледі. Бұл – шағын топ негізінде халықтың, жалпы популяциясының әлеуметтік-де­мографиялық ерекшеліктері (жа­сы, жынысы, тұрғылықты жері, басқа да көрсеткіштері) ескеріле отырып жүргізілетін зерттеу. Мұнда әдістеме шарттарының, яғни респонденттерге қойылатын сипаттық өлшемдердің сақталуы аса маңызды, өйткені егер сұрау салынғандар бір өңірдің немесе бір буынның өкілдері болса, олардың көзқарасы жалпы халықтың қала­уын білдірмейді. Ал енді оған 1 мың адам қатыса ма, 5 мың адам қатыса ма – бұл тақырыптың ая­сына байланысты. Әрине, әрбір ірік­­теменің өзінің ауытқу көрсет­кіш­тері болады, ол да алдын ала еске­ріледі. Айта кетейік, 8 мыңдық респондентті қамтитын іріктемені қолданатындар арасында Инс­титут – алғашқылардың бірі. – Институт қоғамдағы өзекті мәселелерге зерттеу жүргізеді. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің Конституцияға ұсынған өзгерту­леріне, экономикалық-саяси маз­мұн­дағы реформаларына деген халықтың көзқарасы қалай? – Институт бұл тақырыптар бойынша да зерттеулер жүргізді. Президенттің бастамаларына қа­тысты телефондық сауалнама да жасады. Оның алдында референ­дум туралы жедел сауалнамалар өткізілді. Жалпы халық Мемлекет басшысының бастамаларын оң қабылдап отыр. Бұл жерде бір нәрсенің басын ашып, айта кету керек: қазір ел бұрынғыдай ынжық емес, өз мүд­десін қорғай алады. Қоғам мем­лекеттік институттарға, құзырлы органдарға жоғары талап қойып отыр. Оның себебі – көпшіліктің тұрмыс деңгейінің төмендігі, әлеу­меттік-экономикалық проблема­лардың қордалануы, шенеунік­тердің өз міндеттерін дұрыс орын­дамауы, Президент тапсыр­ма­ларының жергілікті жерлерде жүзеге аспай жатуы көпшіліктің наразылығын туғызып, әлеуметтік шиеліністердің шығуына түрткі болып отыр. Мұның бәрі ел ара­сында өзгеріске деген сұранысты күшейте түскен. Мәселен, кешегі «Қаңтар дүр­белеңі» қалың бұқараның кедейле­нуі, әлеумет талаптарының орын­дал­мауы, яғни халықтың өмір сүруі үшін қажетті бірінші кезекті мұқ­таждықтарының қанағат­тан­ды­рылмауынан туындағанын ұмыт­пайық. – Халықтың алда өтетін президенттік, парламенттік сайлау­ларға деген пікірі қандай? Ол туралы зерттеулер жасадыңыздар ма? – Иә, қазір осы бағытта қызу жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жерде көпшіліктің электоралдық көңіл күйі, дауыс беру белсендігі, сайлауға қатысты басқа да қырлары жан-жақты зерделенеді. Әзірге айтарымыз, қоғамның сайлауға деген көзқарасы жаман емес, әйтсе де зерттеулер әлі жалғасып жатыр, оның нәтижесін алдағы күндері жариялайтын боламыз. Айта кетейін, біз барлық зерттеулерді ашық жүргіземіз және оның нәтижесін өзіміздің ресурсымыз – Socioexpert Телеграмм арнасында ұдайы жариялап тұрамыз. – Мигранттарға қатысты зерт­теу жүргізілді ме? Әсіресе Ресейден келушілер қаптап кетті, бұлардың ішінде ниеті түзулері де, бұзықтары да бар. Әлеуметтік желілерде оларға қатысты түрлі әңгімелер айтылып, кикілжіңдер, қақтығыстар туындап жатқанын естіп-көріп жүрміз. Бұл жайт қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрған жоқ па? – Ресейден келіп жатқан миг­ранттарға қатысты зерттеулер жа­саған жоқпыз, дегенмен қоғам та­рапынан ондай сұраныс туып жат­са, әсіресе бұл мәселе күн тәр­тібіне шығатын болса, бұл бағытта да зерттеу жүргізуімізге болады. – Халықтың мемлекеттік орган­дарға деген сенімі қалай? – Халықтың билік органдарына деген сенімі кереметтей жоғары деп айта алмаймын, әйтсе де мем­лекеттің ертеңіне деген сенімі жоғары. Өйткені бұл екеуі – екі ұғым: мемлекет деген шенеунік емес. Сондықтан жұрттың мемле­кеттік қызметкерлерге көңілі толмағанымен, елдің, мемлекеттің ертеңіне деген сенімі зор. Қазақ – жаратылысынан жақсылыққа сенетін халық, сондықтан өмірде болып жатқан барлық құбылысқа «ертең бәрі жақсы болып кетеді» деген оптимистік түсінікпен қа­райды. Ал бұл фактор мемлекеттің тұрақтылығы үшін аса маңызды. Әлеуметтанушы ретінде байқа­ға­ным, мұндай көзқарас қазақи мен­талитетке тән. Қазақ бәріне шү­кір­шілік айтып, шиеліністі мәсе­ле­лер­дің көбіне байыппен қарайды. Ең бастысы, халықтың ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтып алмау керек. – Уақытыңызды бөліп, жауап бергеніңізге рахмет.