«Ресей Федерациясының Мемлекеттік думасы, ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары» дейтін лауазымы бар депутат Константин Затулин Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынас туралы даулы мәлімдеме жасаған болатын. Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед сол мәлімдемеге жауап қатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Депутат Затулиннің танымалдық рейтингі түссе болды, арандатпа мәлімдемелер айта бастайды. Бұған дейін де бірнеше рет осылай болған. Қазақстандық банктер ресейлік «Мир» банк картасына қатысты өте дұрыс әрекет жасады. Біріншіден, біздегі екінші деңгейдегі банктердің бәрі жеке меншікте. Сондықтан қандай банк картасымен жұмыс істеу пайдалы екенін, қолайлы болтатынын өздері шешеді. Екіншіден, «Мир» картасының айналасында шу мен жанжал көп. «Ақша тыныштықты жақсы көреді» дейтін тәмсіл бар. Сондықтан ол өз «алаңдаушылығы» мен «наразылығын» өз еліндегі банк жүйесіне айтсын. Ондағы банк жүйесі Затулин сияқтылардың «арқасында» өте қиын жағдайда қалып отыр. Бізге жол көрсеткенше санкциядан қалай шығатынын ойласын. «Қазақстанның жолы тайғақ» деп отырғандардың өздері талайдан бері тайғақ жолға түсіп алған», - дейді сенатор.Сондай-ақ, ол аталған депутаттың жазда да даулы мәлімедеме жасағанын еске салды.
«Айтпақшы, жазда бұл депутат «бізде де Украинадағыдай жағдай болуы мүмкін» екенін айтып, шүйліккен. Украинаның жағдайы қандай болғанын жұмылдыру шараларынан көріп отырмыз. Сондықтан ол тілі мен ойына ие болып, тыныш отыра алмайтын басын тәртіпке келтіріп алсын», - деп атап өтті сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед.Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Константин Затулиннің мәлімдемесін негізсіз айыптау деп атап, 2 ел арасына сызат түсіретінін мәлімдеді.