«Бізді аяңыз» немесе «Права качать етейік» – Қазақстанға ағылған ресейліктер не деп жатыр

«Бізді аяңыз» немесе «Права качать етейік» – Қазақстанға ағылған ресейліктер не деп жатыр

Қазақстанға Ресейден ағылған адамдардың саны азаяр емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі екі ел арасындағы 30 бақылау-өткізу пунктінде жүздеген көлік кептелісте тұрғанын растады. Ал телеграм-каналдарға лап қойған ресейліктер қалай болса да Қазақстанға жетудің амалын қарастырып, он мыңдап тіркеліп, бір-бірінен ақыл-кеңес сұрап жатыр. Ulysmedia.kz тілшісі сондай арналарды шолып шықты.

Солтүстіктегі облыстарға жетіп алуды көздеген ресейліктер телеграм-арналарда Қазақстанға қалай орнығудың амалын сұрастырады. Рубльді қай пункте ауыстырып алуға болатынын, арзан қонақүй қай жерде барын, пәтерді қанша ақшаға жалдауға болатынын білгісі келеді. Сондай телеграм-арналарға кірген қазақстандықтардың кейбірі оларға қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып жатыр. «Келмеңдер» деп қарсылық білдіріп жатқандар да көп.

«Бізді аяңыз» немесе «Права качать етейік» – Қазақстанға ағылған ресейліктер не деп жатыр

«Қазақстанға не үшін келе жатырсыңдар?» деген сұраққа ресейліктер әртүрлі жауап қалдырған.

«Бұл – өмір үшін күрес секілді. Пацифитспін. Менің еліме біреу шабуыл жасаса, қолыма қару алып, соғысар едім. Ал қазір кәрі маразматиктің имперлік геосаяси амбициясы үшін соғысқым келмейді. Ол аз десеңіз, туған-туыстарымның жартысы Украинада. Кімге қарсы соғысам? Ең бастысы, не үшін? Сол себепті ең негізгі шешім – миграция. Бізде соғыс немесе түрме деген жол бар. Қайда барамыз?» – дейді ресейліктердің бірі.

«Қазақстанда ресейліктер өздерін қалай ұстауы керек» деген сұраққа да бас қатырып жатқандар көп. «Ең бастысы, осы жерде баяғыдан тұрып келе жатқандай еркін жүре берейік, бізге ешкім тиіспейтін шығар» дейді біреуі.

«Бізді аяңыздар, көмектесіңіздер» деп жатқандар да бар. Телеграм-арнаға пікір қалдырғандардың бірі «біз жетімбіз, ресейліктер – әке-шешесі көшеге лақтырып тастаған бала секілді» дейді.

«Бізді аяңыз» немесе «Права качать етейік» – Қазақстанға ағылған ресейліктер не деп жатыр

Алайда бері келе жатқан адамдардың ішінде заңды сұрап жатқандар да бар. «Права качать ету үшін Қазақстанда қандай заңды білуіміз керек?» деп сұрайды бірі. Қазақстанның кейбір азаматтары оларға құшақ жайып, «барған жерлеріңде қорықпай орыс тілін талап етіңдер» деп қайрап қояды.

«Бізді аяңыз» немесе «Права качать етейік» – Қазақстанға ағылған ресейліктер не деп жатыр

Қазақстан арқылы басқа мемлекетке кетіп қалғысы келетіндер де бар. Олар «Қазақстан арқылы Түркия немесе басқа мемлекетке қалай ұшып кете аламын» деп ақыл сұрайды.

Еске сала кетсек, Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жариялағалы бері ол елден кеткісі келетін адамдардың саны күрт өсті. Ресейліктерге Латвия, Литва, Эстония елдері шекарадан өтуге тыйым салған. Көбі Армения, Грузия, Қазақстан арқылы Ресейден кетудің амалын іздестіріп жатыр.

Қазақстанның ҰҚК Шекара қызметі Ресейден Қазақстанға кіріп жатқан азаматтардың саны күрт артқанын растады.

«Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды»,– делінген Шекара қызметінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.