Әлемдегі геосаяси дағдарыс Қазақстан экономикасының осал тұсын айқара ашып берді. Бұл жағдай ұлттық құрылымдарды аумалы-төкпелі кезеңге бейімдеу және даму үрдісін ең құрығанда бұрынғы деңгейде ұстап тұру үшін икемді экономикалық саясат қалыптастыруды талап етеді. Рас, кейінгі бес жылда елімізде шикізат өндірісі үздіксіз артып келеді, әсіресе азық-түлік тауарлары мен құрылыс материалдары бойынша айтарлықтай ілгерлеу бар. Әйтсе де, өңдеу өнеркәсібі тұсауы кесілмеген бала құсап әлі шатқаяқтап тұр. Импортқа тәуелділік қандай? Ұлттық статистика бюросының ресурстар, тауар өндіру және тұтыну туралы статистикалық жинағына үңілсек, көп жағдайға көзіміз жете түседі. Оның дерегін шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болады: біріншісі – ішкі нарықты жеткілікті түрде қамтамасыз ететін өндіріс түрлері, екіншісі – импортқа тәуелді салалар. Бұл жиынтықта «Ресурстар» бағанын бірінші топқа жатқызу керек. Себебі тізімдегі минералдық шикізат негізінен экспортқа бағдарланған. Мәселен, былтыр республикада өндірілген шикі мұнайдың 77 пайызы (65,7 млн тонна) экспортталып, 23 пайызы (19,9 млн тонна) ішкі нарықта қалған. Бұдан бес жыл бұрын энергетикалық отынның 81 пайызы шетелге шығарылып, 19 пайызы отандық зауыттарда өңделетін. Сондай-ақ қырға шығарылған көмірдің 28 пайызы сыртқа тасымалданса, 72 пайызын өзіміз тұтынамыз. Бұл көрсеткіш кейінгі бес жылда өзгерген жоқ. Қара металлургияның негізін құрайтын темір кені туралы да осыны айтуға болады: оның төрттен үш бөлігі ел аумағында қалады. Былтыр өндірілген 63,7 млн тонна темірдің 49 миллионы ішкі нарықта тұтынылса, 14,5 миллионы Қытай мен Ресейге өткізілді. Айта кетерлігі, соңғы екі жылда темір өндірісі 40 пайызға артты. Ал азық-түлік бойынша жіктейтін болсақ, бұл салада ішкі нарық бірнеше өнім түрлері бойынша экспортқа тәуелді емес. Бұл тағамдардың қатарында ет, сүт, нан-тоқаш, жұмыртқа, ұн, жарма, тұз, т.б. бар. Кейінгі бес жылда оларды тұтыну мөлшерінің артуымен бірге өндіріс көлемі де ұлғая түскен. Егер 2017 жылы отандық фермерлер ішкі нарықта тұтынатын ет пен ет өнімдерінің 82 пайызын өндірсе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 86 пайызға жеткен. Яғни, былтыр Қазақстан шетелден еттің тек 14 пайызын импорттаған. Ол негізінен АҚШ-тан, сосын Ресей мен Беларусьтен әкелінген. Сондай-ақ жергілікті өндірушілер сүт пен жұмыртқаның 95 пайызын өзі жауып отыр. Ұн мен жарма өнімдері бойынша да ішкі нарықтың сұранысын толықтай қамтамасыз етеді. Былтыр Қазақстанда өндірілген 2,8 млн тонна ұнның жартысы экспортқа шығарылса, жартысы ел аумағында қалды. Дәнді-дақылдар бойынша да осыны айтуға болады. Шикізат өндірісінің жағдайы біршама тәуір болғанымен, өңдеу өнеркәсібі керісінше тұсаулы аттай кібіртіктеп келеді. Мәселен, 2021 жылы қалбырдағы ет өнімдерінің 39 пайызы, шұжықтың 46 пайызы шетелден тасымалданған. Соңғы екі жылда ет өнімдері бойынша импорттық үлестің ұлғая түсуі бұл салада қайта өңдеу саласының адымын аша алмай жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ биыл көктем туа қанттың қымбаттауы да оған деген импорттық тәуелділіктің үлкен екенін көрсетті. Құмшекер өндірушілер ішкі сұраныстың тек 42 пайызын ғана қанағаттандыра алған. Тәтті өнімнің дені Ресейден тасымалданады. Соңғы бес жыл ішінде қант өндірісі 27 пайызға кеміген. Мәселен, 2017 жылы 306 мың тонна қант өндірілсе, былтыр оның көлемі 224 мың тоннаға дейін төмендеді. Алкогольдік ішімдіктер – арақ, коньяк, сыра өндірісінің жағдайы біршама жақсы. Жергілікті сыра қайнатушылар ішкі нарықтың 90 пайызын, ликер-арақ өндірушілер 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жерде қазақстандықтардың жылдан жылға алкоголь өнімдерін тұтыну көлемі арта түскенін, соған сәйкес оның өндірісі де ұлғайып келе жатқанын айта кеткен де жөн шығар. [caption id="attachment_219217" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ал енді азық-түлік емес тауарлар туралы айтсақ, оның Ұлттық статистика бюросының статжинағында берілген 19 түрінің тек біреуі ғана – тыңайтқыштар (99%) импортқа толық тәуелсіз болып шыққан. Сондай-ақ ішкі нарықтың портландцемент бойынша 93 пайызын, құрылысқа арналған металл құрылғылардың 87 пайызын, жеңіл көліктің 51 пайызын қамтыған. Азық-түлік емес тауардың басқа түрлері импортпен бәскелесуге қабілетсіз. Айталық, жергілікті жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің нарықтағы үлесі 3-ақ пайыз. Мәселен, былтыр отандық компаниялар 1,4 млн жұп аяқкиім шығарған, ал оның ішкі нарықтағы сұранысы бұдан 35 есе көп. Тығырықтан шығар жол қайсы? Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстан экономикасының тынысын тарылтып тұрған елеулі екі фактор бар. Біріншісі – халықтың төлем қабілеттілігінің төмендігі. Тіпті, ресми статистика бойынша үй шаруашылықтары тапқан табыстарының 54 пайызын ас-суға жұмсайтын көрінеді. Ал шынайы жағдай мұнан да сорақы болуы мүмкін. Салыстыру үшін айтсақ, ЕО елдерінде ол 10-20 пайыз аралығында. Екіншісі – инфляция. Бұған дейін инфляцияның жылдық мөлшері 7-10 пайыздан аспайтын, қазір Ұлттық банктің дерегі бойынша инфляция 15 пайызға жеткен. Сондай-ақ азық-түлік бағасы – 19,7 пайызға, басқа тауарлар – 14,2 пайызға, ақылы қызметтер 9,2 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, экономикада сыртқы төлем теңгерімі теріс мәнге түскен. Бұл дегеніңіз – егер шетелдік инвесторлар мен кредиторлар өз кірістерін шығаратын болса, оның көлемі Қазақстанның шикізатты экспорттағаннан түскен табыс мөлшерінен асып кетеді. Мұндай жағдайда даму туралы бірдеңе айтудың өзі ұят. Ал әлемдік жағдай мұнан да күрделене түскен сайын экономикалық ахуал одан бетер ушыға беруі ықтимал. Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, санкциялар мен қарсы санкциялардың салдарынан америкалық және еуропалық экономикалар құлдырауға ұшыраған, Қытай экономикасы да дамуын баяулатты. Бұл өз кезегінде мұнайға сұранысты төмендетеді. Ал бұл фактор инфляция мен тенгенің құнсыздануына апарып соқтыратыны анық.
– Экономика үлкен дағдарыстың алдында тұр. Мұндай жағдайда бәрі өздігінен қалпына келеді деп жайбарақаттыққа салынудың еш жөні жоқ. Сондықтан қазір экономикалық саясатты түбегейлі өзгерту керек, яғни бюджет шығындарының бағытын өзгертіп, дағдарысты өз ыңғайымызға қарай дұрыс пайдалану керек. Әйтпесе, әдеттегідей жаланың бәрін сыртқы факторларға жауып қойып, жайбарақат отыра берудің заманы өткен. Келер жыл қалай болғанда да бізге оңай тимейді, дағдарыс ұзаққа созылады, – деп сақтандырады сарапшы.А.Құсайынов Үкіметтің пессимистік болжамды есепке алмай отырғанын айтады. Оның ойынша, инфляцияның кесірінен доллар бағамы 500 теңгеден де асып кетеді, тіпті 600-700-ге дейін жетуі мүмкін. Өйткені Ұлттық қордың оны ұстап тұратын шамасы сарқылған. Сондай-ақ ол егер Үкімет экономикалық саясатты сауықтыру бойынша түбегейлі өзгертетін болса, екі-үш жылдан кейін Қазақстанның жағдайы түзеліп, тұрақты даму жолына түсетінін де еске салды. Ал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов керісінше, төтеннен төніп тұрған қауіп жоқтығын айтады.
– Біріншіден, алдағы күзгі жиын-терім азық-түлік қорын айтарлықтай молайтып, көкөніс пен жеміс-жидектің бағасын арзандатады. Екіншіден, импортпен айналысатын бизнесмендер әлемдегі аумалы-төкпелі жағдайға бейімделіп, тасымалдың жаңа дәліздерін пайдалана бастады. Үшіншіден, мемлекет тарапынан отандық бизнеске елеулі көмектер көрсетіліп жатыр, – дейді сарапшы.Оның айтуынша, Үкімет наурыз айынан бері мұнай экспортының баламалы жолдарын қалыптастыра бастаған. Бұл тек мұнайға ғана емес, басқа тауар түрлерінің бәріне тән үрдіс. Қарап тұрсақ, екі сарапшының пікірі екі түрлі, бірақ бір анығы, қалай болғанда да, жаңа Қазақстан үшін жаңа экономикалық саясатты ұстанатын күн туып отыр. Бұл енді даусыз.