Импорт алмастыру: Триллионер жоба тиімді ме?
Импорт алмастыру: Триллионер жоба тиімді ме?
Коллаж: А.Ахметқазы
638
оқылды
Импортқа тәуелділіктен арылу – ел экономикасын тұрақтандырудың бір­ден-бір тетігі. Әсіресе, әлемдегі соңғы жағдайлар отандық өндірісті өркендетудің маңызын көрсетіп берді. Бұл орайда салалық ведомство елі­міз­дегі өңдеу өнеркәсібі салаларында ин­вестициялық жобалардың пулын қалыптастыруға кірісті. Бірте-бірте импортқа тәуелділіктен құтылудың мақсатын көздейтін бұл жобаның нәтижесі біз күткендей бола ма? Әрі-бері­ден соң ішкі нарықты отандық өніммен қамту мүмкін бе? Шынтуайтына келсек, мемлекеттің өзін-өзі өніммен қамти алуы халық тұрмысын жақсартуда ше­шуші мәнге ие. Неге десеңіз, шека­ра асып келетін көп өнімнің бағасы түрлі жағдайға байланысты мың құбылып отырады. Тіпті, кейде өң­деуші елге мойын созып, тапшы­лықты сезініп жатамыз. Ондайда кәсіпкерлер де ұрымтал сәтті пай­даланып, бағаны қолдан өсіреді. Айналып келгенде нарықтағы отандық өнімнің үлесінің аз болуы қарапайым тұтынушының қалтасын қағады. Басқа-басқа, 2 жыл бұрынғы пандемия қажетімізді өзге елдің өндірісі есебінен өтеуге иек артудың салдары қалай боларын көрсетіп берген. Әйтсе де, сол жағдай бізге сабақ болмаған секілді. Өйткені Ресейге салынған санк­циялардың «салқыны» қазақстандық нарықта қатты сезілді. Әсіресе, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының тапшылығы қосы­лып, халықты қос бүйірден қысты.   4 жылда 700 жоба іске асады Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі импорт алмастыру бойынша инвестициялық жобалардың пулын жасақтады. Алғашқы есеп бойынша бұл тізімге 88 мың жаңа тұрақты жұ­мыс орнын құруға әлеуетті 444 им­порт алмастыру жобасы кіруі керек болған. Кейіннен министрлік пен әкімдікте бірлесіп жүргізген терең талдауда жобалардың саны 700-ден асқан. Жалпы құны 20 триллион теңге болатын жоба аясында 131,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев биыл импорт алмастыру бойынша 165 жоба іске қосылаты­нын айтты. Ал қалған жоба 2023-2026 жылдары жүзеге асырылады. Пулды жасақтау кезінде министрлік тауарлардың импорт алмастыруға әзірлігі бойынша оларды бірнеше топқа жіктейді. Мәселен, бірінші топқа импортты алмастыруға дайын тауарлар жатады. Бұл топқа қа­зірдің өзінде отандық кәсіпорын­дарда өндіріліп жатқан өнімдерді шығаруға бағыт алған 155 жоба енгізіліпті. Мамандар бұл тауарлар бойынша импортты толық алмас­тыру үшін өндіріс көлемін ұлғайту қажеттігін айтады. Ол үшін тауар өндірушілерді шикізатпен, қар­жымен және де қажет мамандармен, тұтыну нарығымен қамтамасыз ету мәселелері шешімін тапқаны жөн. Биыл жыл соңына дейін бұл бағдарлама аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 107 жобаны, Ауыл шаруашылығы министрлігі 46 жобаны іске асырады. Мұндай міндеттемелерді Энергетика министрлігі (5 жо­ба) мен Денсаулық сақтау министрлігі (7 жоба) алған. Алдын ала есеп бойынша импортты алмастыру жобалары толық жүзеге асырылған кезде отандық кәсіпорындар жалпы сомасы 2,5 триллион теңгенің өнімін өндіреді. Негізінен 2021 жылы Қазақ­станға жалпы сомасы 38,3 миллиард АҚШ доллар болатын тауар им­порт­талған екен. Бізге көбіне ма­шина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп саласының өнімдері шеттен келеді. Ал азық-түлік өнімдері негізі­нен отандық өндіріс есебінен өте­леді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев былтыр әлеуметтік маңызға ие азық-түлік та­уар­ларының 19 түрі отандық өндіріс есебінен өтелгенін айтады. Министрдің хабарлауынша, нарықты қазақстандық азық-түлік өнімдерімен қамту көрсеткіші 80 пайыздан асқан. Сондай-ақ ведомство басшысы қазақстандық агроқұрылымдар да импортты алмастыру жобасы аясында айрықша қолдауға ие болатынына тоқталды. «Жобаларды қаржыландыруға 23,6 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті инфра­құ­рылымды тартуға, инвестициялық салымдарды субсидиялауға 6 мил­лиард теңге жұмсалады», – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.   Күмәнді тұсы көп Дегенмен сарапшылар Үкімет мүшелері үмітпен қараған жобаның тиімділігіне күмән келтіреді. Олар бұл жоба өңдеу өнеркәсібі, тұтыну нарығында қалыптасқан өзекті мәселелерді шеше алмайтынына сенімді. – Негізінен қайтсек те импортқа тәуелділіктен толық арылу мүмкін емес. Мәселені белгілі бір деңгейде ше­шуде нарықтық сектордың әлеуетін пайдалануға иек артуға болады. Әрі-беріден соң импорт алмас­тырушы кәсіпорындардың пулын жа­сақтауға мемлекеттің араласуы са­ладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыра түседі. Соңғы 20 жылда импорт алмас­тыру мәселесіне тек тауар өндіру тұрғысынан қарап келдік. Алайда импорт тек қана тауардан тұрмайды. Оның ішінде қызмет көрсету сала­сы да бар. Өкінішке қарай, бұл сектор үнемі назардан шет қалады. Қызмет көрсету саласындағы им­порт­ты алмастыра алсақ жыл сайын жалпы сомасы 5-7 миллиард АҚШ дол­лары көлеміндегі қаржы өзім­із­де қалар еді, – дейді Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков. Расында импорт алмастыру ісінің әлі де мән беретін тұсы жеткілікті. Қазақстан Ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайту үшін халықтың әлеуметтік жағдайын көтеріп, техникалық регламенттерді қадағалауды күшейту қажет деп санайды. – Біле білгенге импорт алмастыру көбіне өндірістің мәселесі емес. Мысалы құс еті бойынша импорт тәуелділіктен арылу үшін әлеуметтік жағдайды көтеру қажет. Бір қарағанда біріне бірі алшақ осы екі ұғымның арасында ешқандай байланыс жоқ көрінеді. Бірақ импортталатын құс етінің сапасын сараптасаңыз жағдай белгілі болады. Шетелден келетін құс етінің басым бөлігін терең мұздатылған тауықтың аяғы құрайды. Бұл етті көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, зейнеткер мен студентер тұтынады. Міне осы тұрғыдан алып қарасаңыз халықтың жағдайы көтерілсе, олар отандық сапалы өнімді тұтынар еді. Сонда өндіріс ешқандай бағдарламасыз, қосымша қаржыландырусыз-ақ нарықтың сұранысын қуана-қуана өтер еді. Одан соң біздегі  техникалық регламенттерді қадағалау деңгейі өте төмен. Бізде құс етіне түрлі дәмдеуіштер, тағамдық қоспалар қосып әзірлеген шұжықты сиыр етінен жасалған деп сата береді. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Шындап келгенде дәл қазіргі сәтте біз түпкі себебі басқа мәселені мүлдем басқа тәсілмен шешіп жатырмыз. Импортты алмастыру үшін арнайы бағдарлама түзіп, бюджеттен қаржы бөлудің қажеті жоқ. Түптеп келгенде бұл бағдарламаның экономикаға ықпалы болмайды. 2004-2005 жылдан бастап бізде импортты алмастырудың бағдарламалары жүзеге асты. Бірақ олардан ешқандай нәтиже болмады,, – дейді Асылжан Сарыбайұлы. Маман пікірінше импортты алмастыру ісінде техникалық регламентті күшейтудің берері мол. Әрі бұл тетік елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің де кепіліне айналмақ. – Сол секілді сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділіктен арылу үшін жаңа өндіріс орындарын ашудың қажеті жоқ. Мәселе басқада. Бізге шеттен келетін сүт өнімдерінің көбісі сүттен жасалмаған. Оны құрғақ сүттен жасайды. Шын мәнінде сүттен алынатын сары майға өсімдік майларынан жасалған қоспалар қосады. Нәтижесінде біздің тұтынушылар алданып,  ал отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетсіздік танытады. Сайып келгенде шетелден келетін сапасыз, бірақ арзан өнім отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін жойып жібереді. Мынаны қараңыз технология бойынша 1 келі сары май алу үшін 21 литр сүт қажет. Ал бізге сырттан келетін майдың 1 келісінің бағасы 21 литр сүттің бағасынан арзан. Дайын өнімнің бағасы шикізаттың бағасына да жетпейді.. Егер елдегі техникалық регламент дұрыс жұмыс жасаса, талапқа сай келмейтін тауарларды елге кірмейтін еді. Сондыктан импортқа тәуелділіктен арылу мәселесі агроөндірістің шеңберінде шешілмейді. Бұл мәселемен өзге органдар айналысуы керек, – дейді Асылжан Мамыт­беков. Импортқа тәуелділіктен арылу кешенді шешімді қажет ететін мәселе. Мұнда отандық өндіріске қолдау жасаумен бірге нарыққа да белгілі бір деңгейде бақылау жүргізу қажет секілді. Сол арқылы қазақстандықтардың «Қазақстанда жасалған» өнімді тұтыну көлемі ұлғая түспек.