Квазимемлекеттік сектор мемлекетті борышқа батырып жатыр. Қазір жалғыз «Самұрық-Қазына» қорының жалпы қарызы 10 триллион теңгеден асты. Қордың, ұлттық компаниялардың, министрліктер, әкімдіктер жанындағы мемлекеттік ұйымдардың борышы алда тек арта беруі мүмкін. Өйткені Ұлттық экономика министрлігі квазимемлекеттік сектордың сырттан заем тарту рәсімдерін жеңілдетуді ұсынып отыр. Орнымен алынған қарыз ғана игілік Қаржы саласының магистрі, бизнесмен Әлішер Көккөзовтің түсіндіруінше, шетелден несие алмай, ұлттық экономиканың қарыштап дамуы мүмкін емес. Мұны ауыр санкциялардың қыспағына түсіп, сырттан қарыз тарта алмай, өркениет көшінің соңында қалған елдердің мысалы куә. Шетелдік белді институттардың заемына кейде зор инвестиция, озық технологиялар ере келеді.
«Сондықтан әлемде үкіметтер қаражаты жетіп тұрса да, халықаралық немесе мега мәртебесіндегі жобаларға халықаралық қаржы институттарынан кредит тартады. Бұл ол жобаға бедел қосады, оның жүзеге асырылатынын кепілдендіреді. Бірақ шетелдік капиталды және валюталық ресурстарды тартуға байсалды, жан-жақты ойластырылған түрде келу қажет. Бұл ретте ол қаражаттың жоғары тиімділікпен, ұтымды пайдаланылуы, заемдық қаражаттың лайықты қайтарымының болуы маңызды. Себебі ол несиені келесі ұрпаққа өтеуге тура келмек. Егер болашаққа пайдасы тимесе, ұзақмерзімді шетелдік кредитті алу да орынсыз деп танылғаны жөн», – деді сарапшы.Оның айтуынша, мемлекеттің сыртқы қарызының шектен тыс өсуі болашақта теріс экономикалық салдарларға соқтырады. Сондай-ақ ұлттық валюта бағамының құнсыздануына, экспорт-импорт арақатынасының күрт өзгеруіне, баланстың бұзылуына, экономикалық даму жолындағы кедергі, қиыншылықтарға соқтыруы мүмкін. Мәселен, Аргентина, Эквадор, Шри-Ланка, Кот-д'Ивуар сияқты біраз ел қарызын қайтара алмай, дефолт болып, өркендеу даңғылының жиегіне шығып қалды. Олардан инвесторлар да сырт айналды. 2010 жылы Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген борышы 2 трлн 792 млрд теңге немесе 19 млрд долларды құрапты. Бұл жалпы ішкі өнімнің 17,4 пайызы. Енді салыстырыңыз: Қаржы министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның мемлекеттік борышы және Үкіметтің кепілдік беруімен квазимемлекеттік сектор алған борышы рекордтық 37 млрд долларға жетті. Мемлекеттің өзінің сыртқы борышы 22 трлн теңге немесе 27,4 пайыз болып отыр. Сенат депутаты Нұрлан Бекеновтың мәліметінше, сыртқы қарызда Қазақстан қауіпті межеге – шекті шамаға таяп қалды. Сондықтан ол Ұлттық қорды шетелдік заемдарды өтеуге арналған кепілдендірілген резерв ретінде қарастыруды доғарған жөн деп санайды. Мәселен, қазіргі кезде қолданыста 52 үкіметтік сыртқы заем бар, олардың аясында жалпы сомасы 112,2 млрд доллар қарыз тартылған. Бірақ соның тек 80%-ы игерілді. Ал Ұлттық қор активі 51,9 млрд доллар ғана. Депутат Қазақстанның сыртқы қарызының артуының негізгі факторларын атады: біріншіден, халықаралық ұйымдар қаржыландырған жобаларды жүзеге асыру мерзімдері ұзартыла береді. Екіншіден, жекелеген шетелдік кредиттер тиімсіз жұмсалған, тіпті олардың қаражатының бір бөлігі қажетке жаратылмай, босқа жатыр. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы қарызды өндірістік емес мақсаттарға да тартады. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» АҚ төл қаражатының бар болғанына қарамастан, сырттан 3 жылға 300 млн доллар қарыз тартып, оны ары қарай акционерлері арасында дивиденд ретінде үлестірген. Кейбір компаниялар шетелден консультанттар жалдау үшін шетелдік несие алады екен. Қымбаттаған қарыз – ұрпаққа ауыр мұра Квазимемлекеттік сектор қарызын шектеу үшін Парламент депутаттары да, сарапшылар да мемлекет кепілдігімен алынатын заемдарға талапты күшейтуді ұсынады. Мұның сыртында сырттан қарыз тарту бағыттары мен жобаларына ревизия жүргізіп, сыни тұрғыдан талдау жүргізу, олардың санатын қатты шектеу қажет. Қаржыландырылатын жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасындағы құнды да нақты реттеген абзал. Олай болмаған соң мұндай жобалар қымбаттай береді. Тек былтырдың өзінде Қытай Эксимбанкі қаржыландыратын жол құрылысы жобалары бойынша қымбаттау кем дегенде 23 пайыздан асқан. Яғни, болашақ ұрпақ жұңғо алдында борышқа батуы мүмкін. Қытай төл мемлекеттік банкі арқылы несиелендіріп жатқан Қазақстандағы республикалық маңыздағы жолдардың жайына тоқталсақ, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» (287–1073 шақырым) құрылысы 2016 жылы басталды. Оған 278 млрд теңге тартылды, оның 229,6 миллиарды игерілген. Бұл жоба қазір 23 пайызға қымбаттады. «Мерке – Бурылбайтал» (7–273 шақырым) трассасы да 2016 жылы салына бастады, 2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді, 2022 жылға сырғыды. Оған шың елінен 97,1 млрд теңге қарыз тартылды, 82,7 млрд теңгесі игерілуде. Жоба құны 36 пайызға тағы өсіпті. «Қалбатау – Майқапшағай» (906–1321 шақырым) тас жолы 2016 жылдан салынуда: шығыс көршіден алынған 155,7 млрд теңге қарыздың 116,9 миллиарды қажетке жаратылған. Құрылыс құны 38 пайызға ұлғайды. 2018 жылдан бері төселіп жатқан «Қарағанды – Балқаш» (1492,4–1855 шақырым аралығы) автожолына 248,2 млрд теңге заем алынды, 166 миллиарды игерілді. Бұл жоба құны 24 пайызға жоғарылаған. Дегенмен Қытай Эксимбанкі несиелендіріп жатқан жобалардың ішінде ең көп қымбаттағаны (42 пайыз) «Астана қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы» (0–34 шақырым) жобасы. Бас қаланың төл «сақиналы жолын» салуға 2017 жылдан бері 57,6 млрд теңге қытай қарызы жұмылдырылып, оның 50,2 млрд теңгесі игерілді. Негізі, республикалық автожолдарды басқару жөніндегі ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы халықаралық дәліздердің телімдерін салуға сыртқы қарызды көп тартты. 2022 жылғы жағдай бойынша Еуропа қайта құру және даму банкі, ҚХР Эксимбанкі және Азия даму банкінен жалпы сомасы 2 млрд 552 млн доллар, бұдан бөлек 202 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік берілген 10 мемлекеттік емес қарызды пайдаланып жатыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының дерегінше, осы жолдар үшін Қытай алдындағы қарызды өтеудің шырқау шегі 2024-2037 жылдар аралығына келеді: сонда жыл сайын 200 миллион долларға дейін негізгі борыш пен қытайлық банк сыйақысын төлеуге тура келеді. Ендеше ауыртпалығы да осы жылдарға түспек. Бұл сома қазіргі бағамның өзінде 96,8 миллиард теңгеге тең. Ал ол жылдарға дейін алапат девальвация болып, бұл сома бірнеше жүз миллиардқа жетпесіне еш кепіл жоқ. Қуантыров неге қулыққа басты? Бұл қиындық аз болғандай, еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыров «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компаниялардың шетелден қарыз алуына қойылған кедергілерді жұмсартудың қамына бас қатырып жүр. Бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген «Кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасына да енгізілген. Құжат «сыртқы қарыз тарту рәсімдерін оңайлатуды» көздейді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, егер квазимемлекеттік сектор нысаны сыртқы қарыздарды тартқысы келсе, алдымен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, яғни экономика министрлігіне шығып, соның қажеттілігін дәлелдеуі тиіс. Содан соң министрлік мына жобаға қарыз тартсақ қайтеді деп, Үкіметке ұсыныспен шығып, дәйектей алуы шарт. Соңынан сырттан алынан борыштардың көлемдерін Үкіметпен келісу міндет. Бұл ретте Үкімет жыл сайын квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышының шекті көлемін, квотасын бекітіп, шектеп отырады. Одан артық қарыз алуға болмайды. Тарата кетсек, биылғы 2022 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына жалпы сомасы 7 триллион 20 млрд 575 млн теңге немесе 16 миллиард 519 млн доллар, ал «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне 2 трлн 219 млрд 775 млн теңге немесе 5 млрд 223 млн доллар сыртқы заем тартуына рұқсат етілген. Жалпы, осы ұланғайыр сома шектеуден гөрі мол мүмкіндікке ұқсайды. Дегенмен келісу түрінде кедергілер болғандықтан квазисектор осы квотасын да толыққанды пайдалана алмай жүр. Қуантыровтың командасы квазимемлекеттік сектордың аяғындағы тұсауын алып, сыртқы қарыз өрісінде көсіле шабуына мүмкіндік бермек.
«Тәжірибеде квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарының көлемдеріне Үкіметтің келісуі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиісті кезеңге арналған сыртқы борышының шекті көлемдерін айқындауы мен бекітуіне келіп тіреледі. Осыған байланысты бюрократиясыздандыру аясында квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарын тартуды олардың көлемін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу арқылы жүзеге асыру ұсынылады» делінген жаңа заң жобасының тұжырымдамасында.Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық компаниялар тағы да дивиденд, бонус түрінде үлестіру үшін шетелден қарыз алғысы келсе, оны Үкімет алдында қорғау қажет болмайды: ұлттық экономика министрлігіндегілердің тілін тапса, жеткілікті болмақ. Министрлік осылай квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өтінішіне құлақ асса керек. Қынжылтатыны сол, ұлттық қордың, холдингтердің, ұлттық компаниялардың, мемлекеттің үлесі бар компаниялардың және басқаларының қарызды қалай жұмсап жатқанынан жұртшылық хабарсыз. Ал таяуда АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанға мемлекеттік кәсіпорындардың борышы туралы ақпаратты ашуға ұсыныс жасады. Бұл кеңес 2022 жылға арналған Қазақстанның қаржылық айқындылығы туралы есепке арналған бағада айтылған. Америка Қазақстан Үкіметіне фискалдық тазалықты жақсартуды, бұл үшін квазимемлекеттік сектордың борышын бюджетте ашып көрсетуді ұсынды. Қазақстандық депутаттар да осыны сұрап келеді. Бәлкім, қырық қадам жердегі Парламентті менсінбесе, Үкімет Атлант мұхитының ар жағындағы алпауытты тыңдар?