Әлемде 7 млрд адам болса, соның 1 млрд-қа жуығы көшіп-қонып ғұмыр кешеді. Көбі ішкі көші-қонға тартылған. Азияда урбандалу үдерісі үдеп тұр. Өйткені ауылдан қалаға қоныс аударатындар көп. Мәселен, елорданың өзіне жыл сайын 50 мың адам көшіп келеді. Мұны қала әкімі Алтай Көлгінов есеп беру жиынында мәлімдеді. Ел астанасы уығын қадап, іргесін бүтіндегенде қалада 400 мың адам тұрыпты. Қазір ұзын-саны 1 млн 200 мыңға жеткен. Сол тұста жылына 4,5 мың сәби дүниеге келсе, бүгінде 25 мың бала туылады. Бұған ішкі көші-қон жайы ықпал етеді. Ел қоныс тепкесін жер кеңейіп, еңбек майданы қызады. Мысалы, 2 000 жылы елорда аумағы 300 мың шаршы метр болса, қазір үш есе өскен. Ауыл тұрғынының қалаға келгені, табыс табуға ұмтылғаны – жақсы. Бірақ ішкі миграцияның өскені бірқатар мәселе туындатады. Бұл жайында қала әкімі де жөн сөз айтты. Шаһардың инфрақұрылымын жақсартып, көпір, балабақша мен мектеп салу жағын қарастыру керек. Әкім айтқандай, Нұр-Сұлтандағы өмір сүру сапасы Үкімет қолдауына тәуелді.
Мигрант мәселесін Президентіміз де сан мәрте айтты. Көші-қон процесін бақылауда ұстаған жөн екенін нұсқады. Себебі бұл жоғарыда айтқандай, білім мен медицинаға салмақ түсіреді. Басқа аймақтан көшіп келгендер алдымен тіркеліп, баспана кезегіне тұрады. Артынша мектеп пен балабақша жайын біржақты еткісі келеді. Білсеңіз, Нұр-Сұлтан қаласында бір сыныпта 40-тан астам бала оқитын 14 мектеп бар. Оған үшауысымды 8 мектепті қосыңыз. Ал елордадағы 85 мың бала балабақша кезегінде тұр. Түптеп келгенде бәрі әлеуметтік тоқырауға әкеледі. Қайтпек керек? Президент айтқандай, әлеуетті көтеріп, инфрақұрылымды ретке келтіретін жүйе қалыптасуы қажет.Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірген жай көптің талқысына түсті. Біразы өз ойын білдіріп, шешу жолдарын қарастырды. Бізге ұнағаны депутат Владимир Божконың пікірі. Ол «ауыл дамымай, ел өрістемейдіні» нұсқады. Расымен де, ауыл халқы не үшін қалаға қоныс аударады? Біріншіден, жұмыс жоқ. Нәпақа тауып, отбасын асырауы керек. Өйткені ауылда бұрынғыдай тіршілік жоқ. Егін ексең де машақаты көп. Субсидия жайы бөлек әңгіме. Малшы болайын десе, ауылда не көп – малшы көп. Жарнамада көрсеткендей, бизнес бастауға бекінсе, ұрынып қалам ба деп бөгеледі. Ауыл мен қала арасында адам тасып күнелтейін-ақ дейді, бірақ шұрық тесік жолда діңкелеп кетерін сезеді. Сөйтеді де, қалаға кетуді жөн көреді. Қаланы бетке алса, екі қолға бір күрек табарын біледі. Баласы жақсы білім алып, өрісі кеңейетінін ойлайды. Алғашында бас сауғалайтын жер іздер, арада бірнеше жыл өткенде баспаналы боларын топшылайды. Мұндай оймен қалаға келетіндер жетіп артылады. Қолы жеткендер бас қалаға келіп, уақыт көшіне ілеседі. Ұмтылғандар елорда аумағындағы елдімекенге болсын тұрақтауды қалайды. Әрине, үлкен қала тіршілігі ешкімді аямайды. Тамақ пен пәтерақыға айлықты жеткізу үшін аядай бөлме жалдайды. Балабақшаның кезегі бар, оған төлейтін ақшаның жыры... Ақыры баланы үйге қалдырып, әке-шешесі жұмысқа кетеді. Нәтижесінде, үй өртеніп, бала өлімі көбейеді. Сөзімізге өткен жылы болған 5 қыздың өлімі дәлел. Осыған ұқсас мысал көп. Мәселен, 4 баласымен жертөлені мекендеген Бибіғайша Исабекова туралы БАҚ өкілдері жарыса жазды. Бас қаладағы көпбалалы ананың тағдыры туралы Көші-қон комитеті мәлімдеме жасады. Сөйтсек, Исабекова пәтер кезегіне тұру үшін елорда аумағында кем дегенде 3 жыл тұруы тиіс екен. Ал ол 2019 жылдың қаңтарында жеке куәлік алып, тұрақты тіркеуге тұрған. Сонда жертөледегі ел ертеңінің күні не болмақ? Мейлі, 3 жыл сонда тұрсын дейік, содан кейін пәтер кезегі үшін тағы неше жыл сабылуы керек? Бердібек Сапарбаев та елордадағы мигранттар жайлы сөз қозғаған. Аталған процеске тыйым салып, тоқтата алмайтынымызды атап өтті. Тек туған жеріндегі еңбек балансын реттеп, әлеуетін жақсартуға күш салуға боларын меңзеді. Сапарбаев нұсқағандай, ауыл әлеуетіне келгенде «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту – 2020» секілді бірқатар бағдарлама бар. Бірнеше жылдан бері елді мекен игілігі үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Соған қатысты бағдарламаның бірі – «Еңбек». Жұмыс күші көп елді жұмыс күші аз аумаққа шоғырландырады. Бір реттік көші-қон шығынын өтеп, он екі ай бойы пәтерақы мен коммуналды төлемге көмектеседі. Сізге қалғаны – лайықты еңбек ету. «Еңбек» бағдарламасы өркендеп, жастар «Дипломмен ауылға» барып, «Ауыл – ел бесігі» болсын десек, «Цифрлы Қазақстаннан» бастап қайта реттеу керек. Сонда елдегі миграция деңгейі қалыпқа түседі. Айзат АЙДАРҚЫЗЫ