Кеше Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша департаментіне қарасты «Тобыл» бөлімшесінің шекара наряды жұмыс істеп тұрған өткізу пункттерін айналып өтіп, шекара бұзып өтпек болған Ресей Федерациясының үш азаматын ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шекара бұзушылар өз әрекеттерін Ресейде жүргізіліп жатқан ішінара жұмылдырудан қашпақ болғандарымен түсіндірді.
Ұсталғандарға қатысты одан әрі жауап алу іс-шаралары жүргізілуде, оның нәтижесінде аталған адамдар ресейлік тарапқа беріледі.
Қазақстанның шекаралық қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз ету мақсатында шекара күзеті мен өткізу пункттері бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істейтінін еске саламыз.
Бұған дейін «Не істерімді білмеймін, жағдайға қарай көремін» Атырауға келіп жатқан ресейліктер туралы жазған болатынбыз.