Соңғы кездері Kaspi.kz пен Wildberries арқылы кәсіп ашу сәнге айналып келе жатыр. Себебі жаһандағы шиеленіскен саяси жағдай Қазақстандағы электронды сауда нарығына айтарлықтай әсер етуде. Айталық, отандық кәсіпкерлер ТМД-дағы ірі Wildberries маркетплейсіндегі сатылымды рекордтық деңгейге жеткізген. 2022 жылдың алғашқы 5 айында сатылым қазақстандық тауарлар есебінен 7 есеге өскен. Wildberries — ресейлік ең ірі интернет-дүкен. Бұл жерде киім-кешек, үйге арналған тауарлар, электроника сияқты жалпы адам өміріне қажетті заттардың барлығы сатылады. Интернет-дүкен Ресейден басқа, Беларусь, Казақстан, Қырғыз Республикасы, Армения елдерінде де жұмыс істейді. Бұл компанияны 2003 жылы Татьяна Бакальчук деген кәсіпкер ашқан. Соңғы деректер бойынша Wildberries-те 340 000 кәсіпкер тіркелген екен. 2021 жылы қазан айындағы статистикаға сәйкес, сатып алушылар 485,8 млн тапсырыс берген. Ал бұл дегеніміз – орта есеппен 1 күндік тапсырыс 2,4 миллионға өскенін білдіреді. Былтыр интернет-дүкеннің жылдық айналымы 844 млрд рубльді құраған. Бұдан ұғатынымыз, Wildberries платформасы жылдан-жылға дамуда. Сатып алушылары да, сатушылары да көбеюде. Компанияның мәліметінше, алдағы уақытта интернет-дүкен Еуропа елдеріне де ақырындап тарала бастайды. Одан бөлек Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығысқа байланысты әлем елдерінің Ресейге шектеу жариялауы Wildberries-тің одан әрі бірнеше есе дамуына әсер етті. Қазір қазақстандықтар онлайн-платформа арқылы сатылымдарын көбейтуді жалғастырып жатыр. Қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда өндірілген тауарлар айналымы 584%-ға көтерілген. Ең жоғарғы көрсеткіш азық-түлік, кеңсе тауарлары, спорт тауарлары, ыдыс-аяқ, косметикалық тауарлар мен парфюмерия өнімдерінде. Ал компания платформа үшін Қазақстан негізгі аймақ болып қала беретінін айтады. Республикадағы логистикалық орталықтар 2,5 есеге көбейген. Бұл кәсіпкерлерге тауарларды жылдам әрі көп мөлшерде сұрыптауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Wildberries интернет-дүкені қазақстандық кәсіпкерлермен теңгемен есеп айырысуға көшті. Біреудің қиындығы біреуге олжа әкелді Көршіміз Ресей санкцияның салдарынан тауарға тарығып жатқанда, біздің азаматтар Қазақстандағы бар тауарды интернет-дүкенге салып, үстінен бірнеше есе пайда көріп жүр. Тіпті Wildberries-те бизнес бастауды үйрететін курстардың түр-түрі шығыпты. Олардың бағасы – 5 мың теңгеден 50 мың теңге аралығында. Бізге олар бизнес бастаудан бұрын «қалай жеңіл сауда жасауға» болатынын үйрететінге ұқсады. Себебі интернет платформада тауар сату оңай. Кәсібін бастағандардың біразы базардан арзан бағаға заттар алып, оны сайтқа бірнеше есе қымбатқа орналастырады. Кейін сатып алушы ақшасын төлеп, мекен-жайын қалдырғаннан кейін кәсіпкер арнайы қоймалар арқылы тауарды жібереді. Осылайша айына 2-3 миллион табыс тауып отырған онлайн кәсіпкерлер көбейіп келеді. Солардың бірі – Аида Тұрсынова. Оның ең алғашқы тапсырысы 50 мың теңгеге түскен. Содан тапқан табысты айналдырып, арасында тағы қаржы қосып отыр. Себебі айналымға ақша түсіп үлгермей күн сайын тапсырыстар түсуде. Аиданың пікірінше, Wildberries қыр-сырын үйреніп алған адамға керемет мүмкіндік. Қазір бір жалақыға қарап отыруға болмайды.
– Бұйырса қойма ашпақшымыз. Нишамыз әртүрлі болды, жолдасым екеуіміз 1 688 ден бастап Тао бао сияқты сайттардың бәрін ақтарып ақыры Wildberries-ға тоқтадық. Қазір өз жұмысымыздан бөлек осы кәсіпті жүргізіп отырмыз. Алдағы уақытта командалық үлкен жұмыс атқарайық деп жүрміз. Жақын арада сауданы енді бастағандарға арнап, Алматы, Семей қалаларында оффлайн курс, басқа қалаларға онлайн курс өткіземіз. Соған дайындық үстіндеміз. Курсымыз таза нәтижеге бағытталады, – дейді Аида Тұрсынова.Бұл ретте интернет-дүкен ашқандардың көпшілігі кәсіп бастарда белгілі бір нишаны анықтап алуға кеңес береді. Нарықтағы сұранысты ескермесеңіз, жай ғана «косметика сатқым келеді» деген қалау жеткіліксіз. Себебі кейбір бағыттар ТМД-да өтімді болмауы мүмкін. Өзін ақтаудың орнына шығынға батыруы да ғажап емес. Немесе сұраныс өте жоғары болып, бәсекелестеріңіз сізді шаң қаптыруы мүмкін. Бизнес-коуч Мейірбек Бердібайұлының пікірінше, кез келген істі бастар алдында үлкен тәуекелге бел буып тұрғаныңызды түсінуіңіз қажет.
– Wildberries – интернеттегі үлкен маркетплейс. Біздің тілмен айтсақ – онлайн базар. Ол жердегі сатушының негізгі мақсаты – клиентті ұстап қалу. Бұлардың жұмысы – сол жерге адамдарды шақыру. Яғни, олар түрлі тауарларымен, бағасымен тұтынушыларды қызықтырады. Каспиге күніне 6 миллион адам кіреді. Ал Wildberries-ке ТМД елдерінен 180 миллион адам кіреді. Енді осы нарыққа кез-келген адам келіп, саудасын аша алмайды. Олардың белгілі бір қоятын шарты бар. Ең бірінші, кәсібін бастайтын адам заңды тұлға болуы керек, – дейді Мейірбек Бердібайұлы.Яғни, жеке кәсіпкерлігі немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар адам ғана маркетплейске тіркеле алады. Бірақ тауарыңыз жоқ болса немесе бүлінген күйде жеткізілсе клиент сіздің атыңызға шағым жасауы мүмкін. Ол кезде маркетплейс бір рет ескерту жасап, одан кейін компанияңызды жауып тастайды.
– Маркетплейс бизнесте тәжірибесі, кәсібі бар адамдарға ыңғайлы. Ал енді бастап жатқандар үшін өте қиын. Себебі бұл жерде кәсіп бастау үшін біраз ақша керек болады. Үлкен нарықта сәйкесінше бәсекелестік те жоғары. Кім төмен баға ұсынса, соның тауары өтеді. Бұл жерде басында төмен баға ұсынып, клиент ұстап тұрамын деу мүмкін емес. Себебі маркетплейстерде бренд қалыптаспайды. Мысалы, Louis Vuitton, Apple сияқты компанияларға бұл жер тиімсіз. Маркетплейстерге кіру үшін кәсіпкерлерде кемі 5-6 миллион теңге болуы керек, – дейді бизнес-коуч.Пайда табатын платформаның зияны қандай? 15 тамызда Wildberries өз атауын орысшаландырып, «Ягодкиге» ауыстырып, артынша одан бас тартты. Жалпы интернет-магазиннің айналасында түрлі жанжалдар туып жатады. Өткен тамыз айында ресейлік ақпарат құралдары маркетплейстен клиенттердің құнды, құпия деректері сыртқа тарап кеткенін хабарлады. Осыған байланысты Роскомнадзор бұл компаниядан клиенттерінің банктік мәліметтері сияқты маңызды дербес деректерінің бөгде адамдарға жария болуына қатысты ақпарат сұратты. Әлеуметтік желіде ол деректердің интернет арқылы сатылып жатқаны туралы хабарламалар пайда болды. Telegram-арналардың мәліметінше, мамандандырылған форумда Wildberries базасы 300 доллардан сатылған. Сатушының түсіндіруінше, ол деректер базасын маркетплейстің қызметкерлерінен сатып алыпты. Базада әр клиенттің аты-жөні, банктік картасының нөмірі, e-mail, соңғы саудалары туралы ақпарат және сатып алуларының сомасы көрсетілген екен. Бұған қоса, барлық саудагерлердің деректері де ұсынылыпты. Ресейлік журналистер заңсыз сатылған сол базада келтірілген бірнеше сатып алушыны кездейсоқ таңдап алған, содан соң телефон соғып, деректердің растығына көз жеткізген. [caption id="attachment_219569" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Бұл ақпарат қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмады. Себебі пандемия кезінде жұрт арзан бетпердені, дәрі-дәрмек пен дәрумендерді содан сатып алды. Тауарларын интернет-дүкен арқылы сатып жүрген қазақстандық саудагерлер де баршылық. Енді олардың деректерінің бәрі қаскүнемдер қолына түссе, алаяқтықтың жаңа түрі пайда болуы мүмкін. Қазір онсыз да елімізде күн сайын алаяқтардың құрбанына айналып жатқан қарапайым халық көп. Мысалы, онлайн алаяқтар 2020 жылы Қазақстан азаматтарын 29,8 млрд теңгеге алдап соқса, былтыр бұл сома 50 миллиардқа жуықтаған. Әрине, Wildberries өз деректер базасының ұрланғанын фейк деп ақталды. Дегенмен бұл жүйенің қазақстандық бөлігінде де ақаулар болып тұрады. Бұл туралы таяуда Премьердің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин хабарлады.
– Wildberries интернет-дүкенінің жұмысында техникалық ақаулар байқалды. Компания негізгі функционалын қалпына келтірді, компанияның ІТ-мамандары ақауларды жою бойынша жұмысты жалғастырды. Биылғы 17 наурызға қарай ақаулар саны 40 есе азайды. Компания дербес және қаржылық ақпарат, оның ішінде банк карталарының деректері зардап шекпегенін және қауіпсіз қоймада екенін атап көрсетеді. Беру пункттері немесе курьерлік қызмет арқылы тиісті сападағы тауарларды қайтару мерзімі ұзартылды. Бұдан басқа, тапсырыстарды беру пункттерінде тауарларды сақтау мерзімі автоматты түрде ұлғайтылды, – деген болатын вице-премьер.Әлеуметтік желіде онлайн-дүкеннен сауда жасап, тұтынушылық құқығының бұзылғанын айтып, қайда арызданарын білмей жүргендер де баршылық. Солардың бірі – Ақерке Ескендір. Ол қазақстандық сатып алушылар тауарды кері қайтарса, валюта бағамының айырмасынан өте көп ақша жоғалтатынына назар аудартады. Өйткені ресейлік маркетплейс тауарларды теңгеге сатқанымен РФ валютасын басшылыққа алады.
– Жазда Wildberries қазақстандық сегментінен көйлек сатып алдым. Банк тиісінше 1 рубль = 5,74 теңге бағамымен ақша аударып, оны картамнан шешіп алды. Нәтижесінде, 18 мың теңгеден астам қаражат шықты. Алайда тауар сапасы төмен болып шығып, қайтардым. Wildberries-дегі жеке кабинетімде растаушы чекті де алдым. Ақшаны қайтару бір айдан астам уақытқа созылды. Осы аралықта рубль бағамы шамалы қымбаттады. Кейін тауар үшін қаражатым картама қайтарылды. Бірақ небәрі 11 мың теңге ғана оралыпты. Оның мәнісін анықтасам, теңге бағамы өзгеріп кетіпті. Сөйтіп жоқ жерден, тауарды пайдаланбастан, екі ортада 7 мың теңгеден астам қаржымды жоғалттым, – дейді Ақерке Ескендір.Кейбір тұтынушылар платформадан тиісті тауарды таңдап, ақшасын төлегеннен кейін интернет-дүкеннің базасында болмай шыққанын да айтып жүр. Тіпті тапсырыс берген тауар бүлінген күйде келіп, оны қайтара алмай жүргендері де бар. Мұның бәрі маркетплейс саласындағы мәселелердің уақыт өткен сайын қордаланып келе жатқанын білдіреді. Дер кезінде мемлекет саланы бақылап, мәселелерді шешпесе кейін кеш болуы мүмкін.