Интернеттегі коммерсанттар дәуірі
Интернеттегі коммерсанттар дәуірі
161
оқылды
Демек, бізде электронды сауда үс­тем болатын заман туды. Елор­­­да­лық бел­гілі сән салоны­ның иесі, косме­то­лог Гүлнәз Шалабаева биылғы ма­мыр­да сәбиін дүниеге әкеліпті: «Бөбек­тің перзентханадан шығару жиын­ты­ғынан, жаялығынан, киім-кешегінен бас­тап, бесік, кереуетіне дейін, бәрін-бә­рін электронды дүкен­дерден сатып ал­дым. Рахат болды. Еш­қайда са­был­ған жоқпын», – дейді ол. Локомотив сала Қазақстанда биыл­ғы І жар­ты­жыл­дықта электронды сау­да нары­ғының жалпы көлемі был­тырғыдан 2,2 есеге өсіп, 435 млрд тең­­геге жет­ті. Премьер-министр Ас­қар Ма­миннің байламынша, бұл сала экономиканы ілгері сүйрейді: элек­тронды сауда өзге ілеспе сек­торларға – логистикаға, кон­тей­нерлік тасымал­дау­ға, курьер­лік қызметтерге, цифр­лық сервис­терге, қолма-қол ақшасыз айна­лымға, еңбек нарығына және тағы басқаларға қуатты мультипли­ка­тивті әсерін тигізеді. – Сондықтан Үкі­мет алдында электронды сауда рә­сімдерін жеңіл­дету, инвестиция салу­ға жол ашу, интернет арқылы жа­салатын мәмілелердің сенімділігін ны­ғайту, киберқылмыстарға қарсы әре­кет ету бағыттарында тиімді шара қа­был­дау міндеті тұр, – дейді А. Мамин. Саланың келешегі зор: Үкі­мет басшысының дерегінше, аралас са­лаларды қоса алғанда, Қа­зақстан­ның электронды сау­да секторы 2025 жылға қарай ша­ма­мен 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны­ның ашы­луы­на, сон­дай-ақ жаңа мамандықтардың пай­да болуына мүмкіндік береді. Осы орай­да, Сауда, Еңбек министр­лік­те­ріне, «Атамекен» палатасымен және ірі интернет-дүкендермен тізе қосып, отан­дық кәсіпкерлерді онлайн-сау­даны тиімді жүргізуге оқытудың ар­найы бағдарламасын әзірлеу жүк­телді. Бұған жастар белсенді тартылады. E-trade өзімен бірге инно­вация­лық тех­нологиялы шешімдерді өмірге ен­гізуде. Бірақ ұлттық заңнама оның ады­мына ілесе алмай, артта қалды. Сол себепті Цифр­лық даму, ин­но­ва­ция­лар және аэро­ғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі осы саладағы заңнамаға өз­герістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеуді жеделде­тіп, Үкіметтің қарауына осы жылы ұсы­нуға міндеттелді.  

Шағым қабылдайтын «терезе» ашылады

Интернет-трейдтің дамуымен бірге, алдау-арбау оқиғалары есе­леп өсіп барады. Үкімет тұтыну­шылардың онлайн саудаға қатысты шағымдары мен ұсыныстарын «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдау үшін «Бірыңғай плат­форманы» іске қосатын болды. Ал арыз-шағым аз емес. «Биылғы 26 маусымда Уайлдберриз интернет-дүкенінде 24,6 мың теңгеге тауар сатып алғанмын. Сұраған сомасын толық төледім. Тауар 2 шілдеде келіп жетті. Беру пунктіне барып, тауарды қа­рай келе, одан бас тартуыма тура келді. Дүкеннің өз ережесі бойын­ша, ақша төлем жасалған банк есепшотына қайтарылуы тиіс. 10 күн ішінде картама түсуі керек еді. Түспеді. Мұндай жағдайлар елімізде көп екен. Бұл интернет-дүкен алдын ала толық төлеммен ғана жұмыс істейді. Ал жиналған ақшаны сұрағанда кері бермей, ұстап отырады», – дейді оның клиенті Гүлмира Балтаева. Wildberries – Ресей азаматы Татьяна Бакальчук құрған ха­лық­ара­лық интернет-дүкен саналады. РФ сыртында, ол Қазақстанда және посткеңестік кеңістіктегі бір­қатар елде жұмыс істейді. Елордалық Тимур Нұрма­ғанбетов те осындай жағымсыз жайтқа жолығыпты: «2020 жылғы 16 мамырда Уайлдберризде тауар сатып алдым. 4 маусымда тауарды алдым, көңілім толмағасын кері қайтардым. Ақша 10 күн ішінде оралуы тиіс болатын. Сайтында со­лай жазылған. Әлденеше рет хабар­ласқанымнан нәтиже шық­пады. Сұрақтарыма қолдау қызметі жөнді жауап бермейді. Сауда-саттық бойынша барлық әрекеттерім «опера­циялар тарихында» көрі­ніс тапқан еді. Енді қарасам, тари­хымды тазартып қойыпты. Қолым­да тек сақтық үшін жасап қойған скриндер қалды. Интернет-дүкен кімді ал­дағысы келеді?» – дейді Тимур. Ішкі істер министрлігінің мәлі­ме­тінше, осы азаматтың «Уайлдберриз» ЖШС қызметкер­лері­нің заңға қайшы әрекеттеріне қатысты шағымы 14 шілдеде министр­ліктің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелді және ары қарай тексеру, процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы қа­ласының Полиция департаментіне жолданыпты.  

 Дүкен ашқым келеді интернетте...

Негізі, осы салада кәсіпкерлік қызметпен айналысқысы келетін азаматтар өзге әріптестерінің, ізашарлардың тәжірибесімен таныс болып, барлық ықтимал проблемаларға дайын болғаны абзал. Мәселен, дәстүрлі дүкенге, базарға бас сұққан адам тауарды әрлі-берлі аударыстырып, ұстап көреді. Ұнамаса, сатып алмай жайына кетеді. Ал ғаламтордағы сауда орнының жайы бөлек. Тұтынушы о баста тауардың әдемі суретіне сүйсініп, аяқастынан ынтызар болуы мүмкін. Кейін қолына түскесін қорашсынып, оғаш көріп, бас тартып жатады. Сауда және интеграция ми­нистрі Б.Сұлтанов интернет-дүкендерден жәбір көрген барлық тұтынушыға полиция бөліміне жүгінуге кеңес береді. – Егер сауда қызметін және қызмет көрсетуді жүзеге асыра­тын дара кәсіпкер немесе компа­ния таразыдан жесе, ақысын қай­тармаса, тұтынушыларды тауар­дың не көрсетілетін қызметтің қасиеттеріне, сапасына қатысты жаңылыстырса немесе өзгедей алдаса, ол үшін Әкімшілік кодекс­тің 190-бабы бойынша жауап­кер­шілік көзделген. Ендеше, аза­мат­тар тұтынушыны алдау фактісі бо­йынша өтініштерімен тұрғылықты жерін­дегі ішкі істер органына өтініш­пен жүгінуі қажет, – деді Бақыт Сұлтанов өз блогында. Бұл жағдайда шағын кәсіпкерге – 20 айлық есептік көрсеткіш не­месе биылғы есеппен 55 560 теңге, орта кәсіпкерлікке –83 340 теңге, ірі кәсіпкерлік нысанына – 138 900 теңге айыппұл салынуы мүмкін. [caption id="attachment_62629" align="alignnone" width="828"]onlain sayda 1 © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Егер интернет-дүкен бір жыл ішінде осы қылмысын екі рет қайталаса, онда жазасы ауырлай түседі. Мәселен, лицензиясынан айырылуы немесе қызметіне мүл­дем тыйым салынуы ықтимал. Айыппұлы да еселеп ұлғаяды: шағын кәсіпкер – 138 900 теңге, орта кәсіпкерлік нысаны – 208 350 теңге, ірі кәсіпкерлік – 277 800 теңге айыппұл арқалайды. Интернет-дүкен ашамын деген тұлға «электронды сауда саласында қызметтің жекелеген түрлерін іске асыратын салық төлеуші» ретінде тіркеу есебіне тұруы қажет. Ол төл интернет-ресурсында тауар­ды электронды түрде сатуды жол­ға қоюы керек. Тауарларды жет­кізе­тін төл қызметі болуы тиіс. Бол­маса, жүк таситын, курьерлік және пошта қызметін ұсынатын фирмалармен келісімге отырғаны жөн.  

5 жыл жоспарына 1 жылда жетті

Сауда министрі Б.Сұлтановтың мәліметінше, COVID-19 пан­демиясы онлайн сауданың буыр­қана дамуына алып келді және B2C арналары бойынша сатылым артты. Қазақстандықтар дәрі-дәрмекті, тұрмыстық заттарды және азық-түлік өнімдерін көбірек онлайн сатып алған. Қазақстанда 2 мыңнан аса интернет-дүкен тіркеліпті. Әйтсе де, оның көбі әрекет етпейтінге ұқсайды. Себебі табыс салығын төлеуден босату түріндегі жеңіл­дікті алуға соның тек 601-і ғана өтініш берген. 2020 жылдың бірінші жарты­сында мемлекетімізде электрондық сауда нарығының көлемі 435 мил­лиард теңгені құрады. Яғни, бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ына жетті! Осы жылдың соңына дейін 900 миллиард теңгеге дейін өседі деп болжануда. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 триллион теңгеге жуықтамақ. – Бұрын жалпы бөлшек сауда­дағы электронды сауда үлесін 2025 жылға қарай 10%-ға жеткізу міндеті қойылған-тын. Енді мына қарқынмен жоспар асыра орын­далатын түрі бар. Біз 2025 жылдың мақсатты көрсеткішіне биыл жа­қын­дадық. Тиісінше, мақсатты межені қайта қарауды бастадық: 2025 жылға қарай е-сауда үлесін 15%-ға жеткізу жөнінде жаңа нысана белгілемекпіз. Бұл 2021-2025 жылдары Сауданы дамытудың мембағдарламасында көрініс береді, – деді Бақыт Тұрлыханұлы. Дегенмен бұл міндеттің орын­далуына кедергі келтіруі мүмкін түйткілдер жетерлік. Министрдің байламынша, бұған көлеңкелі экономика үлесінің жоғары бо­луы, эк­вайринг бойынша комис­сия­ның және банкаралық төлем­дерден алынатын комиссияның қымбаттығы, шағын және орта кә­сіпорындардың онлайн сатылымға дайын болмауы, тауарлардың уақытылы жеткізілмеуі сияқты проблемалар жатады.  

 Aliexpress-те қазақ секторы ашылмақ

Сауда ведомствосы бірнеше жобаны қолға алуда. Біріншіден, отандық өндірушілерді Alibaba тұғырнамасына шығаруға ниетті. – Өз ісін жаңа бастаған және тәжірибелі кәсіпкерлерімізді интернет-платформаларда ілгері­летуге мемлекет қолдау көрсететін болады. Компанияларымызды Алибаба, Amazon, Яндекс, Озон, Shopify сияқты халықаралық онлайн сауда алаңдарына шығару бойынша әріптестікті пысықтап жатырмыз. Alibaba тұғырнамасында «Алтын жеткізуші» мәртебесінде ұсыну үшін 50 компания іріктелді. Бұл премиум мәртебе жаһандық аудиторияға қол жеткізу, осы мар­кетплейс ішінде кешенді ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз етеді, – деді Б.Сұлтанов. Екіншіден, Сауда және ин­теграция министрі жедел қар­қынмен дамып жатқан қазақ­стандық цифрлы сауда алаңдарын қолдауды, оларды салықтан босату­ды сұрап, Үкіметке ұсыныспен шықты. – Бүгінде нарықта 13 плат­форма жұмыс істейді. Kaspi, Chocofamily, Technodom, Mechta секілді маркетплейстерде тауар мен қызметтің шамамен 20 санаты сатылады. Біз Салық кодексіне өзгеріс енгізіп, жылдық жалпы табысының кем дегенде 40%-ын электронды саудадан табатын жеке кәсіпкерлерді корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салы­ғын төлеуден босатуды қарас­тырудамыз, – деді Бақыт Сұлтанов. Үшіншіден, Қазақстан ITC халықаралық сауда орталығымен бірлесіп Ready4Trade Central Asia 4 жылдық ауқымды жобасын қолға алыпты. Ол өңірдегі 5 ел – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан және Тәжікстан арасында өзара сауданы, соның ішінде электронды сауданы, логистиканы және электронды төлемді дамытуды көздейді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі міндетін уақытша атқару­шы Бағдат Мусиннің дерегінше, биылғы 6 айда қазақстандықтар интернет-дүкен арқылы 19,5 млн тауар сатып алыпты. Оның 14 миллионы – отандық электронды дүкендер үлесінде. Былтыр бұл сан 7 млн тауарды ғана құраған көрінеді. Б.Мусин e-trade өркендеуіне «соңғы миля» мәселесі бөгесін екенін нұсқады. Клиенттер тап­сырыс берген тауарын тез әрі қолайлы тәсілмен қолға түсіргісі келеді. Әйткенмен, интернет-дүкендер тұтынушыға хабарласып, қаланың қия шетіндегі әлдебір база-хабтан алып кетуін өтінуге мәжбүр. Үйіне жеткізу үшін курьерге жеке төлеуі керек. – Дәл осы логистикалық инфра­құрылымды дамыту е-сау­даға соны серпін береді. Мысалы, Қазпошта бизнес үшін 3 фулфилмент орталығын ашып жатыр. Нарықтың қажеттілігіне қарай 2025 жылға дейін бүкіл еліміз бойынша 20 фулфилмент орталығын ашу жоспарланған. Нарық та өз бетінше төл инфра­құрылымын өрістетуге күш салуда. «Соңғы миля» мәселесін шешу үшін қала ішінде қоймалар салынуы керек. Бұл түйткілдің түйінін тар­қату ісінде Қазпоштаның пош­та­маттары және сәлемдемелер супер­маркеті көмекке келе алады, – деді Бағдат Мусин. Мұның сыртында тасымал-курьерлік қызмет көрсетумен 570 компания айналысып жатыр. Қалай болғанда, сауда жасау мақсатында ғаламтордағы қаптаған «қара базарға» бас сұғатын клиенттер үшін күрес көрігі қыза түсуде.  

АйханАйхан ШӘРІП